Қауіпсіздік сертификатын орнату міндетті емес – вице-министр (Видео)

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7838

Бірақ сертификат болмаса, хакерлердің "құрбандығына" айналуыңыз да ықтимал.

Қауіпсіздік сертификатын орнату міндетті емес – вице-министр (Видео)

Соңғы күндері қазақстандықтардың ұялы телефондарына "qca.kz қауіпсіздік сертификатын орнатыңыз" деген мағынадағы хабарламалар келіп жатыр. Тиісінше, көпшілік арасында аталған сертификатқа қатысты сұрақ та көбейді. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов осы мәселеге байланысты түсініктеме берді.

"Қауіпсіздік сертификаты туралы норма 2015 жылы "Байланыс туралы" заңға енгізілген болатын. Заңға сәйкес, операторлар халыққа осындай өнім ұсынуға міндетті. Яғни, тұрғындар ұялы телефондарына техникалық қауіпсіздік сертификатын жүктеп, орнатуы керек. Аталған сертификат тұрғындардың қорғалмаған интернет-ресурстарға кірген кезде сақталып қалатын жеке деректерін құпия ұстауға мүмкіндік береді", – деді Абылайхан Оспанов бүгін "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің сөзінше, қауіпсіздік сертификаты телефон иесін фишингтік сайттардан сақтайды.

"Бүгінде фишингтік сайттар өте көп. Бұл – хакерлердің ұсынатын өнімі. Яғни, сізді бір сайттан екінші бір сайтқа бағыттай береді. Олар осылайша сізге ғана белгілі жеке деректерге қол жеткізуді көздейді", – деп толықтырды вице-министр.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнатуды я орнатпауды құрылғы иесінің өзі шешеді. Операторлар ешкімді күштеп міндеттей алмайды.

Вице-министр аталған сертификат әзірше Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына ғана ұсынылып отырғанын еске салды. Ал пилоттық жобаның қашан аяқталатынын және тұтас республикаға қашан таралатынын ашып айтпады. Оның айтуынша, тиісті деректер арнайы мемлекеттік компанияның серверінде сақталмақ. 

"Бүгінде Apple, Samsung және басқа да компаниялар ұсынған өнімдерде қауіпсіздік сертификаттары орнатылған. Ал қазақстандық провайдерлер ұсынып отырған сертификат – отандық өнім. Ол Қазақстанды шетелдің түрлі хакерлік шабуылдарынан қорғауға бағытталған. Себебі кейбір халықаралық деген сайттардың өзі қорғалмаған. Біздің мақсат – өз азаматтарымызды қорғау. Осы орайда, отандық интернет-ресурстардың басым бөлігі SSL сертификатымен қорғалғанын атап өткім келеді", – деді Абылайхан Оспанов.

Видео: 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу