Уыстан жеңіс сусыған тур

1699

Қазақстан премьер-лигасының екінші  айналымында "Қайсар" көш бастады.

Уыстан жеңіс сусыған тур

"Тобыл" - "Ақтөбе" - 0:0

Биылғы чемпионаттың алғашқы турында қостанайлықтар "Атырауды" 3:0 есебімен ойсырата ұтып,  үздік үштіктен үмітті команданың бірі сияқты көрініп еді. Алайда ІІ турда "Тобыл" өз алаңында "Ақтөбе" қорғанысын бұзып өте алмады. Ақтөбеліктер болса, алғашқы ұпайға қол жеткізді. Екі команданың құрамы да көп өзгеріске ұшырағандықтан, бірден нәтиже көрсетеді деу қиындау. Әсіресе  "Ақтөбенің" бас бапкері Игорь Рахаевқа оңай болмай тұр. Өткен жылғы құрамнан тек Отарбаев, Кәкімов, Трофимец, Шестаков, Жұмағали секілді ойыншылар ғана қалған, басқасының бәрі – жаңа футболшылар. Мұндай жағдайда "Ақтөбе" бұрынғы жеңіс жолын жедел табады деу артықтау болады. 

"Қайсар" – "Тараз" - 2:1 

Екі турдан кейін "Қайсар" көш бастады. Қызылордалықтар І турда "Оқжетпесті" 1:0 есебімен ұтқан-ды. Әзірше ешбір ұпайын шашау шығармай келе жатқан жалғыз команда – осы "Қайсар". "Таразбен" кездесуде Стойчо Младеновтың шәкірттері биылғы премьер-лигада бірінші болып жеңіске қол жеткізді. Ал "Тараз" жақсы қарсыласқанмен, бәрібір дайындығының аз болғаны маусым барысында білінбей қалмайтын сияқты. Бұл кездесуде ресейлік легионер А.Горбанец алаңнан қуылды. Әйтпесе  "Тараз" бірінші болып есеп ашып, сырт алаңнан ұпай иеленіп кетуге жақын еді. Естеріңізге сала кетсек, "Қайсар" премьер-лигаға бір жыл үзілістен кейін оралды. Ал "Тараз" өткен маусымның қорытындысында І лигаға құлдырады, бірақ биылғы ақпан айында "Алтай" командасының айыпталуына байланысты бас лигаға қайта шақырылды.


"Ертіс" - "Астана" - 1:1

Екі мықты команданың Павлодардағы кездесуі үнемі тең аяқталып жүр. Мысалы  өткен жылғы екі ойында 2:2 және 0:0 есептері тіркелген-ді. Биыл да олар осы дәстүрінен жаңылған жоқ. Қонақтар есеп ашқанмен, украиналық легионерТкачук көп ұзатпай таразы басын теңестірді. Осы есеп кездесу соңына дейін өзгерген жоқ. "Астананың" бас бапкері Станимир Стойлов өз командасының маусымға кірігуі ауырлау болып тұрғанын айта келіп, шабуыл шебіндегі ойыншылардан серпіліс күтетінін тілге тиек етті. Биылғы 3 ресми кездесуде "Астана" жалғыз гол соқты. Сондықтан бұрыннан ойнап келе жатқан Ж.Кабананга да, жаңа шабуылшы А.Луллаку да тур сайын ширай түспесе, чемпионның адымы әзір ашыла қоймайтын секілді.


"Ордабасы" - "Атырау" - 1:1 

"Атырау" биылғы маусымда - 9 ұпаймен бастады. 2012 жылғы қарызын әлі өтемегені үшін ФИФА тәртіптік кеңесі "мұнайшыларды" осындай жазаға ұшыратқан болатын. Алғашқы турда "Тобылдан" 0:3 есебімен ойсырай ұтылып, онсыз да шатқаяқтап тұрған шаруасын одан ары нашарлатқан батыстық команда Шымкентте мінез көрсетті. Қарсы қақпа алдында қауіпті сәтті көп туындата алмаса да, "Атырау" аз мүмкіндігін сәтті пайдаланып кетті. Алаң иелерін жартылай қорғаушы Мардан Төлебектің тамаша айып соққысы құтқарды. Төлебек І турда да айып соққысын қапысыз теуіп, "Ордабасының" биылғы жеңіс жолын ашқан-ды. Әрине  бұл кездесуде шымкенттіктер анағұрлым басым ойнағанмен, қажетті нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Мұны бас бапкер Алексей Петрушин де атап өтті. "Бүгінгі ойынға ризамын, бірақ нәтиже көңілімді көншітпейді" деді ол.


"Ақжайық" - "Шахтер" - 3:1 

Өткен жылы оралдықтар командаға Вахид Масудов бас жаттықтырушы болып келгенде қатты серпіліп еді. Сол серпілістің 2016 жылдың тарихында қалып қоймай, биыл да жалғасатынын осы ойын дәлелдеген сияқты. "Ақжайық" І турда "Ертістен" сырт алаңда жеңілді (1:2), дегенмен келесі турда ешқандай да дағдарыста емес екенін көрсетті. Оралдықтар матч тағдырын 1 таймда-ақ шешіп тастады. Ал "Шахтер" биылғы маусымның алғашқы кездесулерін сырт алаңда өткізіп жатқандықтан, әзірше аутсайдер болып көрініп тұр. Қарағандыда жер көгергенше кеншілер "Астана-Аренаны" өз алаңы ретінде пайдалана тұрады.


"Қайрат" - "Оқжетпес" - 2:2 

Өткен жылы Алматыда өткізген екі ойында көкшетаулықтар өз қақпасына 11 гол (0:6 және 0:5) жіберген еді. Биыл мұндай қателіктің болмайтынын олар ә дегеннен байқатты. Бірінші болып есеп ашып, "Қайратты" қатты састырды. ІІ турдың ең мазмұнды ойыны да осы кездесу болса керек. Алматылықтар есепті 1 тайм аяқталмай теңестіргенмен, екінші кезеңнің басында қорғаушы Елдос Ахметов алаңнан қуылып, команда қиын жағдайда қалды. Бірақ сонда да тынбай шабуылдап, қарсы қақпаны жиі нысанаға алса да, "Оқжетпестің" қақпашысы Саша Стаменкович өте жақсы өнер көрсетті. Ол Қуаттың, Исаельдің, Гоудың бетпе-бет шығып тепкен доптарын тамаша қайтарды. 83 минутта Андрей Аршавин әдемі гол соғып, ойын тағдырын шешкендей болып еді. Ойынның соңғы секундтарында И.Қуат өз алаңында Юринді шалып жықты. Қатал төреші А.Гаузер нүктені нұсқады, В.Волков есепті теңестірді. Сөйтіп "Қайрат" уысында тұрған жеңістен айырылды, ал "Оқжетпес" мінезді команда екенін байқатты.

Қазақстан премьер-лигасының ІІІ туры 17 наурызда өтеді.

Есіл Еркебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу