Әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін ұлт белгілі болды

101

XXI ғасырдың ғылымы адамзатқа күні кеше қиял болып көрінген мүмкіндікті ұсынып отыр.  

Әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін ұлт белгілі болды Фото: vecher.kz

Егер өткен ғасырдың ұлы арманы – ғарышты игеру болса, бүгінгі күннің басты ғылыми мақсатының бірі – адам өмірін ұзарту. Қазір әлемнің жетекші ғалымдары мен технологиялық компаниялары адамның биологиялық жасын 120 жылға дейін ұзарту бағытында ізденіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

АҚШ-тағы "Calico Life Sciences", "Altos Labs" сияқты биотехнологиялық компаниялар жасушаның қартаюын баяулататын немесе оны кері қайтаруға мүмкіндік беретін технологияны зерттеп жатыр. Мұндай жобалардың негізінде жасушаны "қайта бағдарламалау", яғни қартаюға жауапты гендердің белсенділігін төмендету тәсілі жатыр. Сонымен бірге, жасанды интеллект пен үлкен деректер (Big Data) адамның генетикалық бейімін талдап, жеке-дара емдеу және алдын алу стратегиясын әзірлеуге жол ашуда.

Алайда өмірді тек технологиялық прогресс арқылы ұзарту мүмкіндігі ғана емес, табиғи жолмен ұзақ жасайтын халықтар да бар. Өмір сүру ұзақтығы ең жоғары елдердің қатарында Гонконг (85,6 жас), Жапония (84,9 жас), Оңтүстік Корея (84,4 жас), Швейцария мен Аустралия (84,1 жас) тұр.

Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапурда орташа өмір сүру ұзақтығын арттырумен бірге, "сау әрі белсенді қартаю" ұлт саясаты деңгейінде қолдау табуда.

Табиғи ұзақ өмір сүру феномені бар өңірлер "көк аймақтар" (Blue Zones) деп аталады. Бұл – тұрғындары 100 жасқа дейін өмір сүретін және жасына қарамастан белсенділігін жоғалтпайтын аймақтар. Соның бірі – Жапонияның Окинава аралы, онда орташа өмір сүру ұзақтығы 87-90 жас шамасында. Италияның таулы Сардиния аймағы мен Грекияның Икария аралы да ұзақ өмір сүретін тұрғындарымен белгілі. Бұл өңірлерде халықтың 90 пайызы 80 жасқа дейін сырқатсыз жетеді.

Мұндай ұзақ ғұмырға ықпал ететін негізгі фактор – табиғи және жеңіл тағаммен тамақтану, күнделікті белсенді қимыл-қозғалыс, қалыпты әлеуметтік байланыс және өмірге деген позитивті көзқарас.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы М.Абдразақтың айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда "Өмір сүру ұзақтығы" ұлттық индикаторының өсімі байқалып, көрсеткіш 75,4 жылға жеткен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, орташа өмір сүру ұзақтығы ірі мегополистерде байқалады. Мәселен, Алматыда – 78,7 жас, Астанада – 78,5 жас, Шымкентте – 77,2 жасты құрайды.

Керісінше, шалғайдағы өңірлерде өмір сүру жасы салыстырмалы түрде төмен. Мәселен, Ұлытау (72,4 жас), Шығыс Қазақстан (73,4 жас) және Солтүстік Қазақстан (73,6 жас) облысында көрсеткіш едәуір төмен.

2024 жылғы деректер бойынша ұзақ өмір сүретін адамдардың географиялық таралуы аймақтар бойынша біркелкі емес. Егде жастағы тұрғыны көп өңір – Алматы қаласы. Онда 244 ұзақ ғұмыр иесі тіркелген. Қостанай облысында – 101, Жамбыл облысында – 82, Түркістан облысында – 76, Шығыс Қазақстан облысында – 65, ал Абай облысында – 64 адам жүз жастан асқан.

P.S. Ұзақ өмір феномені – ғылымның да, өмір салтының да бірлескен нәтижесі. Болашақта биотехнология мен генетика қартаю процесін баяулатуға нақты мүмкіндік берсе, күнделікті дұрыс тамақтану, белсенді қозғалыс, психологиялық тұрақтылық және сапалы медициналық қызмет бұл мүмкіндікті толықтыра түседі.

Яғни, ұзақ ғұмыр – тек зертханалардағы жаңалықтарға емес, қоғамның денсаулық мәдениетіне, өмір сүру дағдыларына және орта сапасына да тікелей байланысты қалыптасатын жаңа құндылық.

 

                                                                                                                                                                    Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу