Үздік үштікте

1814

Нұр-Сұлтандық хоккей клубы Екатеринбургте "Автомобилистерді" жеңіп, Шығыс конференциясының кестесінде қарсыластарынан бес ұпай алға шықты.

Үздік үштікте

Сейсенбі күні Екатеринбургте өткен "Автомобилист" пен "Барыс" кездесуі осы маусымдағы екі клуб арасындағы алтыншы кездесу болса, соның төртеуінде "Барыс" жеңіске жеткен. Алғашқы кезеңде қос команда есеп аша алмай, тең тарқасты. Ал екінші кезеңнің 25-минутында Никита Михайлис қарсылас қақпасынан саңлау тапты.

Екінші үзіліске таяу қарсыластар бір бір голдан соғып, овертаймның ауылы да алыс емес еді. Алайда Дастин Бойд шешуші кезең басталысымен бірден шайбаға ие болып, қанжығасы майланды. Мұндай жағдайды айдын иелері мүлдем күтпеген болатын. "Автомобилист" қарсы шабуылға шыққан жоқ. Ал ең қауіпті сәт, яғни қақпашымен бетпе бет кездескен Брукс Мэйсек мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ойын аяқталуға дейін 5 минут уақыт қалғанда соғылған гол айдын иелерін тығырыққа тіреді. Оған қоса бейнежазба арқылы соғылған голды жоққа шығаруға мүмкіндік болмады.

Роман Старченконың орындауындағы бұл гол "Автомобилист" пен "Барыс" арасында өткен осы маусымдағы алтыншы кездесудің нүктесін қойды. Ойын нәтижесі 4:2, қазақстандық команда жеңіске жетті.

Осы жеңістен кейін Шығыс конференциясында 75 ұпайы бар "Барыс" үшінші сатыға жайғасты. Енді ол "Автомобилисттен" бес ұпай алда келеді. 2-орында келе жатқан омскінің "Авангардынан" қазақстандық команда үш ұпай артта келеді. "Барыстың" келесі ойыны 13 ақпан күні Мәскеуде ЦСКА-ға қарсы өтеді.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу