Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен брифинг барысында Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының құрылтайшысы, "INTELLECity" ЖШС жеке меншік балабақшасының директоры Маржан Ахмеджанова мәлімдеді, деп жазды inbusiness.kz.
"Лицензия – бұл белгілі бір қызметпен айналысуға рұқсат алу, іс жүзінде нарыққа кіру. Бірақ, балабақшалардың көпшілігі нарықта қызметін жалғастыруда, онда лицензия не үшін қажет? Балабақша жұмыс істеу үшін қауіпсіздік және санитария нормалары бойынша тексеруден өтеді. Білім және ғылым министрлігі балабақшалардың бір бөлігін лицензиялау арқылы жапқысы келеді. Мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша қазіргі деңгейді сақтауға дайын ба?", – дейді Маржан Ахмеджанова.
Сала өкілдерінің пікірінше, лицензиялау енгізілсе, көптеген жекеменшік балабақша жабылуы мүмкін. Саларынан елімізде мектепке дейінгі білім берумен қамту деңгейі айтарлықтай төмендейді. Кәсіпкерлердің 2010 жылдан бері 280 млрд теңгеден аса салған инвестициялары зая кетеді. Бұның соңы әлеуметтік қауіп-қатерге алып келуі ықтимал.
Алайда кәсіпкерлер мектепке дейінгі қызметтердің сапасын қамтамасыз ету механизмдері қажет деген ойман келіседі. Бірақ олар лицензиялауды қайта енгізу сапаға ықпал етпейді деп есептейді.
"2008-2009 жылдары елдегі барлық балабақшаның жартысына жуығы, 47%-ы жасырын жұмыс істеді деп нақты айта аламыз. 2013-2014 жылдары лицензиялау алынып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш 13%-ға дейін төмендеді. Сондықтан лицензиялау енгізілсе, керісінше, жасырын жұмыс істейтін балабақшалардың саны күрт өседі", – деп атап өтті Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының Алматы қаласы бойынша филиал директоры Любовь Айтқожина.
Қазіргі кезде Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы 2 817 балабақшаның мүддесін қорғайды. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған барлық жекеменшік балабақшаның (4973 бірлік) 43%-ын құрайды.
Қауымдастықтың мәліметінше, жекеменшік балабақшалардың үлесі мемлекеттік балабақшаларға қарағанда әлі де аз. Жеке бөбекжайлар негізінен оңтүстік өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда шоғырланған. Атап айтқанда, Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларында. Олардың басым бөлігі мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайды, өйткені бизнестің бұл түрін қаржылай қолдаусыз жүргізу қиын.
Балабақшада бір баланы күтіп-бағуға жұмсалатын шығыстар 65000 теңгеден басталады және одан жоғары соманы құрайды. Бұдан басқа, балабақшамен мемлекеттік тапсырысты алу үшін ҚР БҒМ (2016 жылғы 29 қаңтардағы№ 122) бұйрығында лицензиялау кезінде бұрын қолданыста болған, бірақ сапаны қамтамасыз етпейтін нормалардың талаптары қайталанады.
"ҚР БҒМ мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру мамандарға тікелей байланысты екенін ескермейді. Ал біздің әлеует қандай? Балабақшада көптеген объективті себепке байланысты кәсіби деңгейі жеткіліксіз, еңбекақысы төмен, несиесі бастан асатын, тұрғын үй проблемасы бар тәрбиелеушілер жұмыс істейді. Жастар педагог мамандығын таңдамайды. Мемлекет тарапынан тәрбиелеушілерге қолдау жоқ", – деп мәлімдеді қауымдастықтың Алматы облысы бойынша филиал директоры Алмагүл Батырханова.
Жиын соңында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәселенің маңыздылығын атап өтті.
"Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жекеменшік балабақшалардың позициясын қолдайды. Мектепке дейінгі білім беру саласында көптеген шешілмеген олқылықтар бар, оларды қатаң әдістермен емес, жағдайды сараптау арқылы шешу қажет. Нарықтың пікірін ескере отырып, осы саланың сапалы дамуы үшін үйлесімді шешімдерді қабылдау керек", – деп атап өтті Палата директоры.
Құралай Құдайберген