Үздіктер құрамасы

2376

Қазақстан премьер-лигасының алғашқы тур ойындарында үздік болған футболшылардың құрамын назарларыңызға ұсынамыз. 

Үздіктер құрамасы

Қазақстан премьер-лигасы да өзге спорттық жарыстар секілді мерзімінен бұрын тоқтады. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты амалсыз қабылданған шешім. Ел біріншілігі енді басталған еді – небәрі екі тур ойындары өтті. Сосын коронавирустың кесірінен елдегі аяқдоп бәсекесі шектелді. Чемпионат жыл соңына дейін созылады. Сондықтан біз өткен екі турда көзге түскен футболшыларды саралап, солардың аяқ алысын әңгіме етеміз. Яғни, премьер-лиганың таңдаулы құрамын жасақтаймыз. Олар алғашқы екі турда: тұрақты ойынымен көзге түсіп, матч нәтижесіне атсалысып, өз позициясында үздік шыққандар.   

Ең алдымен қақпашыларға тоқталайық. Жақсы қақпашы – команданың жарты ойыншысы деген қағида бар. Қақпашылар позициясында екі үміткер бар: Алмат Бекбаев пен Марсель Исламқұлов қырағылық танытып, өзгелерден озық тұр. "Жетісу" қақпашысы "Тобылға" қарсы тамаша ойын көрсетті. Қорғаныс сыр бергенде Бекбаев кезек алды. Алматтың сенімді қимылы командаға дем берді.Ол матчтың MVP ойыншысы атады. Дмитрий Огай шәкірттері тең есепте сақтап қалды. Алғашқы турда "Каспийге" қарсы кездесуде Бекбаев аса көп терлей қоймады. Есесіне, Марсель Исламқұлов белсенді. "Қайсар" қақпашысы "Ертіске" қарсы матчта пенальти қайтарып, "қасқырлардың" мерейін үстем етті. Ал Көкшетауда Марсельге көп жұмыс табылмады. Сондықтан екі қақпашы арасынан үздігін таңдау қиын. Біздің пікір Бекбаевқа тоқтады. Себебі ол "Тобылдың" өте қауіпті үш соқысын қайтарды.  Исламқұловтың пенальти қайтарғаны болмаса, өзге көзге түсер сәттерін байқамадық. Бұл жерде Леван Куталияның он бір метрлік соққыны сәтсіз тепкенін де айта кетейік.   

Алаңдағы таңдаулылар тізімін жасақтауда, үш қорғаушы қағидасын таңдадық. Алдымен Дино Миканович. "Қайрат" ойыншысы үш матчқа қатысты. "Таразға" қарсы кездесуде ол қапталда атой салды. Дино тіпті алғы шептегі әріптестеріне тамаша пастар да беріп отырды. Қапталдағы қорғаушының бір ойында 10 рет айып алаңына түзу пас беруі айтарлықтай көрсеткіш. "Қайрат" "Оқжетпеспен" кездесуде аса қинала қоймады. Ал "Шахтерге" қарсы сәтсіздікте Миканович алғашқы таймда жарақат алып қалды. Бірақ алғы шепке асырған пастары өтімді болды. Оның позициясындағы үздіктер тізімінен "Қайсарлық" Ілияс Әмірсейітов те үмітті еді. Қызылорда командасының футболшысы қорғаныста көзге түскенімен, шабуылға аса көп араласа бермейді. Ілиястың негізгі міндеті допқа талас және өз шебіндегі қауіптің бетін қайтару. Миканович қорғаныс пен шабуыл арасында шапқылайды.     

Келесі мықтыңыз – Иван Граф. Әуелеп келген допқа таласуде сөзсіз шебер. Пас беру мен позиция таңдауда да сауатты екенін дәлелдеді. "Қайсар" футболшысы орталық қорғаушыға тән қасиеттерге ие екенін көрсетті. Иван "Ертіспен" болған матчта командаласы Лобжанидзеге нәтижелі пас берді. Бұл кездесу тағдырын шешкен гол болды. Граф "Оқжетпеске" қарсы ойында Жасұлан Молдақараев пен Марко Обрадовичтің гол соғуына мүмкіндік бермеді. Орталық қорғаушының сенімді ойынының арқасында "Қайсар" алғашқы екі турда ұпайдан шашау шығарған жоқ.

Үздік үштіктегі таңдаулы қорғаушының бірі Дмитрий Шомко. "Астананың" вице-капитаны үш матчқа да толық қатысты. "Қызыл-Жармен" болған кездесуде екі нәтижелі шабуылға араласты. "Каспийге" қарсы ойында Барсегянның аяғына доп салып берді. Дмитрий шабуыл шебінде ғана емес, допқа талас кезінде де сауатты ойын көрсетті. Әр кездесуде кем дегенде 4 мәрте допқа бұрын жетіп, қарсыласынан тартып алды. Қорғаушы үшін жаман емес. "Астана" үш ойында қақпасына 3 гол жіберді. Бірақ оған Шомконың қатысы шамалы.

Қорғаныс пен шабуылды үйлестіруші, орталық алаңның күретамыры саналатын – тірек аумағына келіп жеттік. Мұнда Қостанай мен Шымкенттің жартылай қорғаушылары жүр. "Тобылдық" Ника Квеквескири мен "Ордабасылық" Май Махлангу тірек аумағының нағыз тірегіне айналды.  Грузиялық жартылай қорғаушы "Шахтер" және "Жетісумен" болған кездесуде үздік ойыншы атанды. Ника қорғаныста сауатты ойнап, қауіпті шабуылдарға негіз болған пастарымен көзге түсті. Джаба Канкаваны да таңдаулылар қатарына қосуға болар еді. Бірақ ол тек қорғанысты күзетуге басымдық береді. Сондықтан Квеквескиридің бірнеше позицияда тиімді ойнайтынын ескердік. 

Квеквескиридің қасында Май Махлангу бар. "Ордабасылық" футболшы әріптесі Абдуллай Диакатеден озып тұр. Майдың қаншығасы майланбаса да, командаластарының мергендік танытуына үлес қосты. "Оқжетпеске" қарсы ойында ол нәтижелі пас берді. "Астана" мен "Таразға" қарсы кездесуде белсенділігімен көзге түсті. Махлангудың "Ордабасы" сапындағы орны маңызды. Ол Шымкент клубының шабуылын ұйымдастырушы әрі еңбекқор,  күш-қуаты мол футболшы.   

Оң қапталдағы жартылай қорғаушы Тони Сильва. "Тараз" жейдесін киген Гвинеялық ойыншы негізінен шабуыл шебінде жүреді. Бірақ чемпионатта шабуылшыға көмекші қызметін де жақсы атқаратынын байқатты. "Қайратқа" қарсы кездесуде Алматы командасын әбігерге салды. Тонидің Цатлға берген пасынан кейін гол соғылды. Матч соңына қарай қақпаға қауіпті соққы жасады. Оған қоса екі мәрте "Ордабасы" қорғаушыларының қателесуіне себеп болды. Сильваның бұрыштан асырған екі добын қорғаушылар өз қақпасына соғып алды. Тонидің шірене тепкен добы қақпа бағанынан кері серпіліп, Таубайдың аяғынан табылды. Ал ол "Ордабасы" қақпасына жеңіл гол соғып кетті. "Тараз" ойыншысы таңдаулылар тізімінен лайықты орын алды.   

Орталық шабуылдаушы жартылай қорғаушы – Рубен Бригидо. "Ордабасы" футболшысы тізімге тегін кіріп отырған жоқ. Португалиялық азамат премьер-лигада әлі бірде-бір матчта толық ойнамады. Есесіне, әр өзіне берілген әр минутты тиімді пайдаланды. Бригидо қарсыластың айып алаңында допқа иелік етсе, қауіп төнді дей бер. Техникалық шеберлігі, допты ырқына көндіруі, әбжіл қимылы – шын шеберге тән қасиет. Ол бірнеше ойыншыны алдап өте алады. "Оқжетпеске" жеңіс голын соққаны да айта кетейік. Рубен биылғы маусымда үздіктер қатарынан табылуы тиіс. 

Сол қапталдағы жартылай қорғаушының позициясы Тигран Барсегянға тиесілі. "Астана" сапына биыл қосылған футболшы алғашқы екі турда өз мықтылығын паш етті. Армениялық аяқдоп шебері өткен жылы "Қайсар" сапында көзге түсті. Михал Билек Барсегянның талантына тәнті болғанын тілге тиек етіп жүр. Бапкер мен ойыншы өзара тіл табысқан секілді. Тигран "Ордабасыға" қарсы матчта нәтижелі шабуылға араласып, Щеткиннің бос қақпаға допты бұра салуына жағдай жасап берді. "Каспиймен" болған ойында гол соқты. Барсегян ел чемпиондарының қатарынан тегін қосылмағанын дәлелдеді.    

Шабуыл шебіндегі жұптың бірі Элгуджа Лобжанидзе. "Қайсар" командасы голдан тау тұрғызбаса да ұпайдан шашау шығарған жоқ. Бұған грузин жігітінің қосқан үлесі зор. Бойшаң футболшы баспен де жақсы ойнады. Позиция таңдаудағы сауаттылығының арқасында екі рет жеңіс добын соғып, "Қайсарға" алты ұпай сыйлады. Статистика Лобжанидзенің Қазақстан премьер-лигасынағы ең пайдалы ойыншы екенін көрсетіп тұр.         

Екінші шабуылшы – Абат Айымбетов. Әрине, келіспейтіндер де табылар. "Шахтерға" қарсы ойында ол білгенінен жаңылды. "Қайрат" жеңіліп қалды. Бірақ командаласы Эсеолаға қарағанда ол белсенділік танытып жүр. "Оқжетпес" қақпасына екі доп соқты. "Таразбен" болған қиын кездесуде пенальтиден жеңіс голын еншісіне жазды. Айымбетов талай жарақатты бастан кешірді. Былтырғы біріншілікте тамаша ойынымен есте қалды. Қазақстандық футболшы "Қайрат" сапында да шеберлігін паш етеді деп үміттенеміз.  

Чемпионаттағы үздік 11 ойыншыға тиесілі орын өз иесін тапты. Премьер-лига уақытша үзіліс алды. Футболшылар осы кезде бабтарын жоғалтпай, үй-жайында жаттыға береді деген үміттеміз. Себебі олар несібесін жасыл алаңда тауып жүрген кәсіби спортшылар ғой. Біз таңдаулылар тізімінен әлі талай футболшыны көреміз деген ойдамыз. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу