Вагнер Лав Алматыға келді

1888

36 жасар "Қайраттың" жаңа ойыншысы Вагнер Лав 6-шілде күні отбасымен Алматыға келді. Сондай-ақ бразилиялық футболшы клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді.

Вагнер Лав Алматыға келді

Алматыға келе салысымен Вагнер тезірек жаттығуға кіріскісі келетінін мәлімдеді. "Ең алдымен осында келгеніме қуаныштымын. Таяуда барлық жұмыстарды, медициналық тексеруді аяқтап, жаттығуды бастаймын деп үміттенемін. Сонымен қатар жақын арада футбол ойнай аламын деп ойлаймын. Себебі мен мұнда біздің ортақ мақсаттарымызға қол жеткізу үшін келдім", - деді Вагнер "Қайраттың" баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетсек, танымал бразилиялық шабуылшы Алматыға сенбі күні әйелі Лене Пиреспен бірге шыққан. Бразилиядан Амстердамға, ол жақтан Стамбулға, Стамбулдан Алматыға дейін барлығы 40 сағат әуеде өткізген. Вагнердің Қазақстанға келуі аяқ астынан орын алды. Себебі елімізде 5 шілдеден бастап карантин жарияланып, кейбір халықаралық әуе рейстерінің ұшуына шектеу қойылды. Осыған байланысты "Қайраттың" басшылығы футболшыны тез арада Алматыға бағыт алуын сұраған. Олай болмаған жағдайда бразилиялық тек тамыз айында ғана елімізге келер еді.

Қазіргі таңда Қазақстан премьер лигасының турнирлік кестесінде алматылық "Қайрат" көш бастап тұр. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты ҚПЛ ойындары 5 шілдеден бастап қайта тоқтатылды. Енді Вагнер Лав тек 5-тур ойындарына ғана қатыса алады. Ал карантин болмаған жағдайда "Қайрат" 5 шілде күні сырт алаңда Ақтаудың "Каспийіне" қарсы, 11-шілде өз алаңында  "Тобылға" және 15-шілде "Астанаға", сырт алаңда 19-шілде "Ордабасыға" қарсы кездесу өткізуі тиіс болатын. Бұл ойындардың барлығы енді кем дегенде екі аптаға кейінге қалдырылды.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу