"Қайрат" футбол клубы бразилиялық шабуылшы Вагнер Лавпен жаңа келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы алматылық клубтың ресми сайты мәлімдеді. Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша 36 жастағы ойыншы келісімшартты тағы бір жылға ұзартты.
Ал Вагнер алматылық клубқа 8 шілдеде ауысып келген болатын. Содан бері ол Премьер-лигада 13 матчқа қатысып, 7 гол соқты және 5 нәтижелі пас берді. Айта кетейік, "Қайрат" қарашаның басында Қазақстан чемпионы атанған болатын. Алматылық клуб 16 жыл күткен чемпиондық атаққа чемпионаттың аяқталуына үш тур қалғанда мерзімінен бұрын қол жеткізді.
"Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский өз командасының мерзімінен бұрын чемпион атанғаны туралы пікір білдіріп, қалған ойындардағы ротация және келесі маусымға арналған мақсаттары туралы айтты. Сондай-ақ енді алаңға тың ойыншылардың шығатынын және негізгі құрамда өзгерістер болатынын тілге тиек етті.
"Біздің ресми түрде чемпион болғанымызға екі күн болды. Мен ең алдымен өзім үшін емес, жігіттер үшін, клуб үшін, Қайрат Советаевич үшін шын жүректен қуаныштымын. "Қайраттың" бұған қанша уақыт жұмсағанын жақсы түсінемін. Бізде бір команда болды. Жігіттер бір-біріне үлкен құрметпен қарайды және жаттықтырушылар құрамының барлық талаптарын қабылдады. Бұл жеңіс толығымен солардың еңбегі.
Бізде үш матч қалды. Жауапкершілік сіздің мойныңызға артылмаған кезде және қысым болмаған уақытта өзіңді жақсы сезінесің. Бірақ бұл жайбарақат ойнаймыз және қарсыластарды бағаламаймыз дегенді білдірмейді. Біз соңғы үш кездесуде жеңіске жетіп, маусымды абыроймен аяқтағымыз келеді.
Ия, негізгі құрамда өзгерістер болады. Бірақ талаптар өзгеріссіз қалады. Енді тың ойыншылар алаңға шығатын болады. Біз оларға өздерін дәлелдеуге мүмкіндік береміз. Чемпионат аяқталғаннан кейін келесі маусымға дайындықты бірден бастаймыз. Қазірдің өзінде бізді нығайта алатын және жаңа мәселелерді шешуге көмектесетін жаңа ойыншыларды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы біз тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның атынан шығатын боламыз. Біз Чемпиондар лигасына жай қатысып қана қоймай, турнирде үлкен рөл ойнауға ниеттіміз", - деді алматылық клубтың бас жаттықтырушысы.
Ермұхамед Мәулен