Вагнер Лав "Қайраттың" атын шығара ма?

2079

ЦСКА командасының аңызы, бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав "Қайрат" футбол клубына ауысты. Бұл жайында футболшының өзі хабарлады. Ал біз ендеше Вагнердің кім және қандай адам екеніне тоқталсақ.

Вагнер Лав "Қайраттың" атын шығара ма?

2004 жылы Евгений Гиннер мен Валерий Газзаев екеуі ЦСКАға суперфорвард іздеді. Нәтижесінде олар "Палмейрас" шабуылшысы Вагнер Лавты 6 миллион еуроға сатып алды.

Иә, 2004-2005 жылдары футбол тамашалаған тәжірибиелі жанкүйерлер біле жатар, Вагнер мәскеулік ЦСКА сапында голдарды қарша борататын. Ол Ресей чемпионы деген атақты үш рет жеңгенімен қоймай, жыл сайын үздік сұрмерген атанатын. Әдемі голдарды да салатын, пасты да жөнімен беретін. Газзаев баптаған командамен ол Уефа кубогының иегері атанды. Вагнердің қасында ол кезде екі отандасы болды. Даниэль Карвальо мен Дуду Сеаренсе.

Кейіннен ол ЦСКАдан кетіп, "Палмейрас" пен "Фламенгода" доп тепті. Сосын ЦСКАға қайта оралды. Ол өз үйіне келгендей әсер алды да, қайтадан гол соға бастады. "Монако", "Бешикташ" секілді клубтарда ойнап, бағын сынады. Францияда бағы жанбады, бірақ 2016 жылы "Аланьяспорда" жүргенде Түркияның үздік сұрмергені атанды. "Гангстер" 2016 жылы Түркияда 23 гол салды.  Ресейлік журналистер оны РПЛ тарихындағы үздік легионер деп санады. Сонымен қатар, Ресей чемпионаттарының 1993-2012 жылдары арасындағы біріншіліктерінің үздік шабуылшысы деген атағын да қоса берді.

2004 жылы Карлос Алберто Перейра оны Бразилия құрамасына алды. Ол сол жылы Перуде өткен Америка кубогының алтын медальін жеңді. Бірақ, ол кезде Лав алаңға көп шыға бермейтін. Өздеріңіз білесіздер ол шақта Бразилия құрамасында неше түрлі сұрмергендер жүретін. Кейінірек құраманы Дунга баптаған шақты Вагнер Лав, Карвалью, Дуду үшеуі де шақырту алды. Вагнер Уэльс құрамасына қарсы өткен жолдастық матчта алғашқы голын салды. Ал 2007 жылы Вагнер Бразилия құрамасының Копа Америкадағы әр матчында алаңда ойнады. Тіпті, негізгі шабуылшы болды десек артық емес. Финалда шабуылшы Дани Алвеске пас шығарып еді, қорғаушы гол салып, Бразилияға жеңіс сыйлады. Финалда олар Аргентинаны сол жалғыз голдың арқасында жеңіп кетті.

ЦСКАға екі рет келгеннен кейін мамандар оны, тағы бір мәрте үшінші рет келеді деп болжады. Себебі, Вагнер келген сайын ЦСКАда жарқырап ойнап, трофейлер жеңетін. Бірақ, биыл ол "Коринтианспен" келісімді үзіп, маусым айының басында еркін футболшы атанған соң ЦСКАға келе салмады. Өзге ресейлік клутардан да ұсыныстар түсті. Леонид Слуцкий баптайтын "Рубин" де оны алғысы келді. Бірақ, футболшының агенті Эвандру Ферейра "Вагнерді "Қайрат" қатты бағалады. Оған керекті келісім-шарт ұсынды. Сондықтан ол қазақ командасын таңдады" деп мәлімдеді. Бразилияның 2019 жылғы чемпионатында Лав 28 ойынға қатысып, 5 гол соқты.

Айтпақшы, Вагнер сұлу бикештермен махаббат оқиғаларына жиі тап болады. Фамилиясының өзі біраз жайттан сыр беріп тұр ғой. Тағы бір дәлел Вагнер екі рет үйленген. Сонымен қатар, ресейлік және бразилиялық баспасөз оның түнгі клубтардағы неше түрлі қылықтары туралы жазды. Сонымен бірге, Бразилияда криминал әлемінің адамдарымен тығыз қарым-қатынасы бар Вагнердің қолына тапанша ұстап жүрген фотосы да кеңге тараған. Енді ол Алматының мен деген мықты клубтарында вип қонақ болары анық. Жасы 36ға келсе де шабулшы жастармен бірге көңіл көтергенді ұнатады.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу