"Вагнер" жалдамалылары Африканың Сахелінде қоршауға түсіп, қырғынға ұшырады

710

Оларға Мали мен Алжир шекарасы маңында "әл-Каида" мен туарег содырлары кенеттен шабуыл жасаған.

"Вагнер" жалдамалылары Африканың Сахелінде қоршауға түсіп, қырғынға ұшырады Фото: Susannah George/ AP

"Вагнердің" ондаған жалдамалысы Малидің солтүстігінде жиһадшылар мен көтерілісшілердің қолынан қаза тапты. Кемінде екеуі тұтқынға түскен. Сарапшылар бұл қанды оқиғаны ресейлік көлеңкелі топқа берілген ең үлкен соққы деп сипаттады.

Шамамен 50 "вагнерлік" жалдамалы "әл-Каида" мен көтерілісшілердің қоршауына Алжирмен арадағы шекара бойында түскен. Мұны Суфан орталығының аға ғылыми қызметкері және Сахель жөніндегі маман Вассим Насыр АР агенттігіне берген сұқбатында айтты. Ресейлік жалдамалылар Мали армиясымен бірігіп, туарег-көтерілісшілермен шайқасып, шегініп бара жатқанда қоршауға алынған.

"Вагнер" өзінің Telegram каналындағы мәлімдемесінде кейбір адамдары мен малийлік жауынгерлердің жүздеген содырмен соғыста қырғынға ұшырағанын растады. Дегенмен, құрбандардың саны аталмай отыр. Мали армиясы болса, екі сарбазынан айрылғанын, көтерілісшілердің 20 адамын өлтіргенін хабарлап отыр.

"Әл-Каида" болса, демалыс күндері мәлімдеме таратып, "елдің орталығы мен солтүстігіндегі қырғын үшін кек алуға бағытталған" шабуылынан "Вагнердің" 50 адамы мерт болғанын хабарлады.  Ал туарегтер Малидің бірталай жауынгерін тұтқындағанын жарияладп отыр.

"Бұл шынымен де маңызды. Африка жерінде бұрын-соңды болмаған оқиға және ол аймақ динамикасын өзгертеді. Олар (Вагнер) бұдан былай Алжир шекарасы маңындағы аудандарға мұндай жабайы экспедицияларын жібермейді. Олар өздерінің қаншалықты жақсы жұмыс істеп жатқанын және қаншалықты күшті екенін мақтан тұтатын. Бірақ оларда бұнда ұзақ уақыт қалуға және аумақты ұстап тұруға күш жоқ", - дейді Насыр.

Ресей Батыс Африкадағы төңкерістерден зардап шеккен Сахель елдері мен Батыс арасындағы қатынастардың нашарлауын пайдаланып, жауынгерлерін жіберіп, өз ықпалын күшейтті. Және де "Вагнер" Сахельде - Сахара шөлінің оңтүстігіндегі кең аумақта белсенділік танытып, өз жалдамалыларының қауіпсіздік қызметтерін минералдық ресурстардан пайда көруге қолданды.

"Вагнер" Малиге 2021 жылдың соңындағы әскери төңкерістен кейін шоғырланып, француз әскері мен халықаралықы бітімгер күштердің орнын басып, елдің солтүстігі мен орталығындағы қауымдастықтарға он жылдан астам қауіп төндірген содырлармен күресуге көмектесті.

Бұл топтың Малиде шамамен 1000 жауынгері бар.

Тәуелсіз сарапшы Джон Лехнердің айтуынша, "вагнерліктер" Мали күштеріне солтүстіктегі Кидаль қаласын алуға көмектескеннен кейін тым астамсып кеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу