"Вагнердің" Мәскеуге кіруіне 500 шақырым ғана қалды

9216

Алайда сарапшылар Пригожиннің жеңетініне сенбейді. Жалпы алғанда, бұл оқиға Украинаның жеңісіне серпін беруі мүмкін.

"Вагнердің" Мәскеуге кіруіне 500 шақырым ғана қалды Фото: Poronoia

Ресейдің Воронеж қаласын қап-қара түтін басты. Жергілікті ақпарат құралдары қалада мұнай базасы жанып жатқанын жеткізді. Қалың қара түтін туу биікке жетіп, күннің көзін тұмшалаған.

"Осторожно, новости" телеграм-арнасының хабарлауынша, ол жерде РФ әскері мен Пригожин содырлары арасында сұрапыл шайқас жүрген. Ресейлік армия шегініп кеткені туралы айтылды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер тартылыпты.

"Воронежде Димитров көшесіндегі мұнай бағасында отын толтырылған резервуарлар жанды. Оны сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнына жүзден астам өрт сөндіруші және 30 бірлік техника тартылған. Бастапқы деректе бойынша құрбандар жоқ", – деп хабарлады Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев.

Ақпарат құралдарының жариялауынша, Пригожиннің "Вагнер" жеке әскери компаниясы Ростов облысын ғана емес, Воронежді де басып алды. Reuters ресейлік арнайы қызметтердегі төл дереккөздеріне сілтеме жасап, "Вагнер" жалдамалы әскерінің Воонеждегі барлық шешуші әскери объектілерді өз бақылауына көшіргенін мәлім етті. Бұл ақпаратты Би-Би-Си дереккөзі де растаған.

"Воронеждегі барлық басты нысандар вагнерліктердің қоластына ауысты. Бұдан бұрын Ростов-на-Донуда да дәл солай болған. Әзірге бүлікті басудың ортақ жоспары бізде жоқ", – деді РФ федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) анонимді лауазымды өкілі.

Осылайша, әзірге Пригожиннің кем дегенде 25 мың жақсы қаруланған, нағыз шайқастарда ысылған жалдамалы жауынгерлері Воронежден Мәскеуге тікелей бағытталған үлкен трассаға қол жеткізді. Интернетте вагнерліктердің Воронежде тағы бір Ми-8 тікұшағын атып түсіргені бейнеленген видео тарады. Бұдан бұрын олар РФ армиясының өздеріне шабуыл жасаған 3 әскери тікұшағын құлатқаны хабарланған.

Осының алдында Евгений Пригожин Мәскеуге дейін баруға уәде еткен еді. Кремль бұдан шындап шошына бастағандай. Себебі, Воронеж бен РФ астанасы арасындағы қашықтық 500 километрден шамалы асады. М-4 трассасымен құйындатса, жарты күн түгіл, 6,5 сағатта жетіп баруға болады. Жолда Липецк, Тула, Новомосковск сияқты қалалар қалады. Бұларда жергілікті билік тұрғындарға көшеге шықпауға ұсыным берді.

Бұдан бөлек, трассадан әріректе, М2 трассасының бойында әскери базалары бар Серпухов, Климовск, Подольск қалалары орын тепкен. Вагнерліктерге Мәскеуге жету үшін соларды бағындыруға тура келуі мүмкін.

Кремль бұл сценарийге де дайындала бастады: Мәскеу облысының Көлік министрі барлық тұрғындарды М-4 "Дон" және М-2 "Крым" трассаларына шықпауға шақырды. Өйткені егер оларда бүлікшілердің әскери көліктері, соның ішінде сауытты техникасы пайда болса, РФ қарулы күштерінің авиациясына Мәскеуге бастайтын трассаларды бомбалауға тура келмек. Пригожинге қарасты телеграм-арналар трассаларда әлден атыс жүріп жатқанын жазуда.

Мәскеу мұны растаған да, теріске шығарған да жоқ. Көлік министрлігі сонымен қатар, Серпухов ауданындағы Симферополь шоссесін, Ока өзені арқылы өтетін көпірлерді жапты. Жергілікті ақпарат құралдары Мәскеу түбіндегі (Подмосковье) барлық тас жолдар бұғатталғанын, шұғыл блокбекеттер жасақталып жатқанын, қала сыртындағы жолдар күш құрылымдары жауынгерлеріне толғанын хабарлады. Басқаша айтқанда, Мәскеу Ресейден оқшауланды.

Қазақстандықтарға "Что? Где? Когда?" интеллектуалдық ойынынан танымал, былтыр, соғыс басында Киевтің "тероборонасы" сапында болған ресейлік оппозиционер, адвокат Илья Новиков украиналықтардың қос тарапқа да "жанкүйер" болып отырғанын айтты. Бүлік қай тараптың жеңісімен тынса да, алауыздықтың қарулы жанжалға ауысуы екі жақты да әлсіретеді.

"Билікке келсе, Пригожин Украинаны аяйын деп отырған жоқ. Қайта ол Украинаға ядролық соққы беруді ілгерілетіп жүр. Яғни, "Вагнерді" РФ армиясы жайратып салса, Киев оны жоқтамайды. Бұлар бір-бірін неғұрлым ұзақ талап, қансыратса, Киевке соғұрлым тиімді. Бірақ мен Украина қоғамында белең алған бір байламмен келіспеймін: "Бұл Ресейдің күйреуінің, бөлшектелуінің басы" деген тұспал айтылуда. Шынында, мәскеулік режим әлі де қуатты. Оны бір бүлік құлата алмас. Бұдан Украинадағы соғыс тоқтамайды. Ендеше бұл бәріміз зарыға күткен ғажайып емес. Дегенмен, бұл қарулы бүлік Украинаға қандай да бір жеңілдіктер, бонустар әкелуі мүмкін. Соғыстың ақырын тек майдан даласындағы оқиғалар шешеді", – деді Илья Новиков.

Оның пікірінше, Е.Пригожин ва-банк кетті: оған енді шегінерге жол қалмады. Сондықтан ол өліспей-беріспеуге тиіс. Оқиға барысының бұлай өрбуіне ол да жақсылап дайындалды. Босқа қырылмауы үшін Украина әскері қоршаған Бахмут қаласын РФ армиясына табыстап, өз жалдамалыларын шығарып әкетті. Былтырдан бері мұздай қаруланған, сайдың тасындай іріктелген, шайқастарда шыңдалған ондаған мың жасақшыдан тұратын "кісі өлтіруші машинасын" түзді.

Төл медиаресурстарын мобилизациялап, Ресей қоғамында "Вагнердің" жағымды имиджін қалыптастырды. Мысалы, бүгінгі мәлімдемесінде Пригожин ресейлік солдаттар ғана емес, күш құрылымдарының өкілдері де еш қарсылықсыз беріліп қана қоймай, вагнерліктердің қатарына қосылып жатқанын жеткізді.

"Ресейде қаншама кәсіпкер өз дүкеніне, кеңсесіне "Вагнердің" насихат плакаттарын ілгені, баннерлерін жапсырғаны мәлім. Қаншама ресейлік әлеуметтік желіде оның видеоларын үнемі орналастырып, қолдау пост жазды. Оның бәрі енді соларды жоюға жанталасуда. РФ қоғамы қатты абдырап қалды. Қақтығыс ұзаса, Путин айтқандай, 2017 жыл қайта оралады, ресейліктерге қызылдар мен ақтар сияқты екі жақтың бірін таңдауға тура келеді. Мен Пригожиннің Мәскеуге дейін жететініне сенбеймін. Себебі, оның салмақты авиациясының жоқтығы белгілі болып қалды. Демек аспанда үстемдік ете алмайды", – деді Илья Новиков.

Ол В.Путиннің алғаш рет осындай алапат шиеленіспен бетпе-бет келіп тұрғанына назар аудартты. Мұны 2000-шы жылдардағы Шешенстандағы соғыспен де салыстыруға келмейді. Өйткені Ичкерияның азаттығы үшін күрескендер Мәскеуді басып алу міндетін қойған жоқ.

Жалпы, тек халыққа ғана емес, элитаға да екі жақтың бірін таңдауға тура келуі мүмкін. Мысалы, ЛДПР-ден сайланған Мемдума депутаты Василий Власовтың үйінде тінту жүргізілгені анықталды.

"Депутаттық мәртебемнің барына қарамастан, күш құрылымдарының қызметкерлеріне тінту жасауға еш кедергі жасамадым. Менің қабылдау бөлмемде еріктілер "Вагнер" қатарына жазылып, елді қорғауға аттанғанын жасырмаймын!", – деп мәлім етті депутат Власов.

Телеграм-арналарда тараған видеоларда Ростов халқының вагнерліктерді қаһармандай қарсы алғаны бейнеленген. Тұрғындар қол соғуда, олардың штабына тамақ, су, Бургер Кингтен пакеттер әкеліп, табыстауда. Сонымен бірге басқа видеода қартаң адамның вагнерліктердің көлігінің алдын кес-кестеп тоқтатып, Путиннің оларды сатқын деп атағанын алға тартып, оларға ұрысып жатқаны байқалады.

Кремлдің спичрайтері болған саясаттанушы Аббас Галлямов бұдан РФ құқық қорғау органдары қозғаған істе жазылғандай "қарулы бүлікті" емес, төңкерістің көрінісін байқапты.

"Революциялар дәл осындай форматта басталады. Әрине, дәл осы жолы Пригожиннің бас көтеруі 2017 жылғыдай Ресейдегі революцияға ұласуы неғайбыл. Бірақ соның алғышарттары жетерлік. Революциялар жүйедегі дағдарыс пен ыдыраулардан басталады. Жүйе мемлекеттің базалық функцияларын орындауға қауқарсыз жағдайға жетеді. Біз дәл қазір дәл осыған куә болып отырмыз. Ресейдегі жүйе жыртылып жатыр. Ол қырық құрақ көрпеге ұқсап кетіп еді. Соның ішінде ең осал жерінен жыртылды. Ал күреске халық массасының тартылуы, жаңа институттардың стихиялы құрыла бастауы – революцияның келесі кезеңі болады", – деді Аббас Галямов.

Халықаралық сарапшылар оқиғаның ары қарай өрбуінің бірнеше сценарийін қарастыруда. Біріншісі – радикалды сценарий. Әскердің, күш құрылымдарының үлкен бөлігі Пригожин жағына өте бастайды. Бірақ бұл үшін вагнерліктер өзіне қарсы аттанған РФ қарулы жасақтарына лайықты тойтарыс беріп, ұзаққа шыдауы шарт.

Тартыс ұзаса, элита мен халық та соның пайдасына таңдау жасай бастайды. Өйткені Украина майданындағы жеңіліс пен шегіністен шаршаған қоғамның, истэлишменттің бір бөлігі кім жеңсе, соның жағына шығуға әзір. Ал биліктің, тіпті Кремлдегі мемлекеттік қызметшілердің көбі "конъюнктурщиктер", тиісінше олар ақыр соңында билік басына кім келсе, соны жақтайды.

Консервативті, базалық сценарий бойынша Кремль бейбіт халық арасындағы құрбандармен санаспай, бар қаһарын төгіп, вагнерліктерді және оларды жақтаушыларды аяусыз басып жаншиды. Қазірдің өзінде телеграм-арналар Ресейдің вагнерліктер кірген елді мекендерінің шегінде атыстар, жарылыстар болып жатқанын хабарлауда.

Оқиғаның барысы тосын бетбұрысқа ие болуы да ықтимал: Мәскеудің өзінде үшінші бір тарап, мысалы, үнсіздік сақтап келген жүйеден тыс либералды, оппозициялық көзқарастағы тұлғалар төңкеріс жасап, іс басындағы билікті ысыруы да ғажап емес. Оларға Ресей тұтасымен қажет болмауы ықтимал. Билік етуге алып Мәскеу жетеді.

Қалай болғанда, сарапшылардың пайымдауынша, Мәскеу бүкіл әлем бойынша ғана емес, енді өз халқы алдында абыройдан айрылып отыр. Бұған дейін пропаганда күн сайын "біртұтас майдан" (единый фронт) барын жұртшылықтың құлағына құйды: "Путин, Шойгу, Пригожин, орыс патриоттары бүкіл НАТО-ға және оның айтағына ерген Украина ұлтшылдарына қарсы жұдырықтай жұмыла қарсы тұруда". Алайда біртұтас фронттың күйрегені, оның қатысушыларының бір-бірін жусатып салуға ынтық жау екені анықталды. Күні кеше ғана В.Путиннің өзі жұрт көзінше, телеарналар арқылы Е.Пригожинді украиналық Бахмут қаласын алуымен құттықтады. Ал бүгін олар бірін бірі зымыранмен атқылауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу