Вагнерліктердің "Айдаһар азуы" – қаһарлы құрал емес, көзбояу болып шықты

1972

Украина және РФ аумағында "Вагнер желісі" пайда болды. Пирамида пішіндес, тетраэдр формалы темірбетон кедергілер жер астына көміліп, желі түрінде созылып жатыр. Сарапшылар оның мән-маңызын талдады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Вагнерліктердің "Айдаһар азуы" – қаһарлы құрал емес, көзбояу болып шықты Фото: google.com

Украиналық сарапшылардың байламынша, "Айдаһар азуы" Ресейдің терең қорғанысқа бас бұға жатып алып, бұған дейін қалыптасқан майдан желісін кез келген жолмен сақтап қалуға тырысатынын білдіреді.

Ресейлік пропаганданың мәлімдеуінше, "бұл фортификациялық құрылыс қорғаныс үшін емес, негізінен болашақ кеңауқымды шабуыл үшін жасалып жатыр".

"Мәскеу Украинада арнайы әскери операцияны жүргізу стратегиясын өзгертті. Бірақ бұл Ресей әскерінің қорғанысқа жатып алатынын білдірмейді. Бүгінде РФ экономикасы бейбіт күндегі жұмыс режимінен жартылай әскери рельске ауыстырылып жатыр. 800 танкті модернизациялау басталды. Жаңа әскери өнімдер өндірісі 3 ауысыммен шығаруға көшірілді. Бірнеше жүз мың ер адам мобилизацияланды. Олар РФ қарулы күштері қатарын қарқынды толықтыруда. Осының бәрі "жабық қорғанысқа көшу" стратегиясымен еш қабыспайды. Оның орнына күшті шоғырландыру жүруде. Ресей қолбасшылығы "Вагнер желісінде" халық жасағын орналастырады, ал армия бөлімшелері соның ар жағындағы Украина қарулы күштерін жоюмен айналысады", – деп топшылайды ресейлік сарапшы Игорь Бердин.

"Вагнер желісі қазірдің өзінде ондаған шақырымға созылып жатыр. Ол барлық ережелер сақталып, сауатты тұрғызылуда. Пирамида пішіндес, темірбетоннан жасалған бағаналар миналанған тосқауылмен үйлесім тапқан. Таяу уақытта бұл жүйе бұрынғы соғыстардағы аңызға айналған Маннергейм (Финляндия) және Мажино (Франция) желілерімен салыстыруға жарап қалады", – деп жазады "вагнерліктермен" байланысты ФАН ақпарат агенттігі.

19 қазанда "Вагнер" жеке әскери компаниясының қожайыны Евгений Пригожин өз командасы Украинаның Луганск, Донецк облыстары мен ресейлік Белгород облысы шектесетін тұста "Вагнер желісі" аталған фортификациялық құрылысты салып жатқанын хабарлады.

Артынша батыс барлау қызметтері осыны растап, ғарыштық түсірілімдерді жариялады. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі өз барлаушыларына сілтеме жасап, Ресей шабуылдан қорғанысқа көшеді деген тұжырымын жария етті.

Жалпы өткен ғасырда тістерге ұқсас болғандықтан, "Айдаһар азуы" аталған мұндай желі Луганск, ішінара Донецк облыстарының шекараларын және Ресей жерін қамтиды деп жоспарланған. Оның алғы шепте қарсыластың алдын кесе-көлденең жаппай, біресе ішке, біресе сыртқа шығып, неге әрлі-берлі ирелеңдеп кеткенін ресейлік журналистер Пригожиннен сұраған. Ол: "Әскеріміз эшелонданған түрде қорғаныс жүргізеді" деп қысқа қайырды. Басқа түсініктеме болмады.

CNN Maxar Technologies түсірген спутниктік түсірілімді жариялады: онда Украинаның Луганск облысының Горское қаласы жанында шамамен 2 шақырымға созылып жатқан, жерге сіңіріле көмілген бетон конустар байқалады. 4 қатарға орнатылған бұл "бекініс" кеңауқымды шабуылға шығатын украиналық ұрыс техникасын, танктерді тоқтатып, шығысқа қозғалуына мүмкіндік бермейді деп хабарланды. Танкке қарсы конустардың ар жағында үлкен, терең ор қазылған. Пригожин "вагнерліктердің" осындай бекіністерді Ресейдің Белгород облысында да орнатып жатқанын, бұған қоса сонда тероборона сипатында жергілікті халық жасақтарын құруға кіріскенін мәлім етті. Олар облыстың шекарасын қорғауға тиіс болады.

Қатар-қатар тізілген "Вагнер желісі" өздерінде де тұрғызылып жатқанын Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков растады.

ВВС сараптауынша, мұндай танкке қарсы тосқауылдар жалғыз өзі бронды техниканы тоқтата алмайды, тек кідірте алады.

"Оның тиімділігі сонымен үйлесімде қандай құралдар қолданылатынына байланысты. Мұндай кедергілер артында миналанған өріс орналасады. Осы жерде аялдап, кідірген сауытты техниканы артиллерия атқылап, жоюы қажет. Ендеше артиллериялық қолдау болмаса, "айдаһар азуы" да, алып ор да, миналанға дала да қарсыласты тоқтата алмайды. Оның үстіне осы соғысқа қатысып жатқан танктер 125-миллиметрлік зеңбірекпен жарақтандырылған. Олар бетон пирамидаларды қашықтан атып жоя алады. Шабуылға қолдау көрсететін гаубицалар одан да қуатты снарядтармен соққылап, бұл кедергілерді тып-типыл ете алады. Маннергейм, Мажино желілерінен айырмашылығы, "Вагнер желісі" жазық далада айқын көрініп, алыстан көрінетіндей ашық жатыр. Жасырылмаған. Бұл оны артиллерия алдында осал етеді", – деген байлам жасады Би-Би-Си.

Осы желіге қатысты Луганск облысының мемлекеттік әкімшілігінің төрағасы, облыстың әскери-азаматтық әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай пікірін білдірді.

"Вагнерліктер жаңа мобилизацияланғандарды және сотталғандарды сонда айдап, траншеялар қазғызып, бағаналар көміп, біраз әлек болды. Бұл желі 200 шақырымға созылып жатады деп жариялады. Соның ішінен "қайран қалдырарлық көлемін" еңсерді: 2 шақырымын әзер дегенде орнатып шықты. Басқасына бөлінген қаржының қайда кеткенін жалғыз Пригожин ғана білетін шығар. Жалпы, бұл бекініссымақтың тек атауы ғана елең еткізеді: "Вагнер желісі". Осы арқылы әлдекім өзіне пиар жасап, тарихта қалуды қатты қалайтын болса керек. Бірақ онысы "Герострат даңқынан" әрі аспас", – деді С.Гайдай.

Түсіндіре кетсек, біздің дәуірімізге дейінгі 356 жылы Герострат деген әпенді атын шығарып, ұрпақтар есінде қалу үшін Эфестік Артемиданың храмын өртеп жіберіпті. Сол үшін өлім жазасына кесілген. "Герострат даңқы" деген ұғым әдебиетте өз иесін ұятқа қалдырып, қайғыға соқтырған даңқты білдіреді.

"Өйткені оның бұл мазақ, сорақы тірлігі еш сын көтермейді. Қараңыз: бұл ХХ ғасырдың басында пайдаланылған тәсіл. Сол кезде де танктерді толыққанды тоқтата алмаған. Ал қазір ХХI ғасырдың үшінші онжылдығы жүруде. Ол пирамидкаларды сүріп өтетін немесе қашықтан жара салатын түрлі техника да, саналуан аспаптар да жеткілікті. Бұл жерде ол кубтарды тегіс алып тастаудың еш қажеті жоқ. Оның бірнеше тұсынан тесік, дәліздер жасаса, жетіп жатыр. Сол арқылы кез келген техника тып-тыныш қана өтеді де кетеді. Бұл енді нағыз анахронизм, өткен заманның қалдығы. Егер Пригожин 200 шақырымға созылып жататын "Ұлы қытай қорғанын" салып тастаса, онда одан асып өту шамалы қиынға түсетін еді. Ал мына құрылыстары әскер үшін қандай да бір "жаһандық проблема" болып есептелмейді", – деді Луганск облысының ресми басшысы.

Оның айтуынша, тек осы Луганск облысында ғана майдан шебі Ресеймен шекарадағы Троицк ауданынан украиналық Бахмут қаласына дейінгі аралықта кем дегенде 200 шақырымға созылып жатыр. Оның ішіне Сватово, Кременная, Лисичанск, Попасная қалалары кіреді.

"Сол бекіністердің ар жағында біздің облыс аумағынан өтетін, 700 шақырымнан асатын Ресей мен Украина арасындағы шекара бар. Бұл – бүкіл еліміздегі Ресеймен арадағы ең ұзын шекара. Болашақта сол шекараны дұрыстап, өте қатты нығайтуға тура келеді", – деген Сергей Гайдай ондай бекіністі тұрғызуға Украина жағы енді сауатты келетінін білдірді.

Әскери сарапшылардың хабарлауынша, Германия Украинаға Pionierpanzer 2A1 Dachs аталатын кедергілерді қиратушы машиналардың 5-еуін беруге уәде етті. Ол ақпаратты нидерландылық Oryx зерттеу тобы растады. Бұл машиналар сауытты техниканың шабуылына жолды тазалау үшін арнайы жасалған. Сондай-ақ бетон пирамидаларды жай жарылғыш қойып, жарып жіберу тәсілі Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған. Яғни сонша дәріптелген "Вагнер желісінің" бірнеше қатар "Айдаһар тістерін" еңсерудің тәсілі бар.

Сонымен бірге әрине, осы желі алдында бөгелген бронды техниканы дронмен, артиллериямен жойып жіберу қаупі де сақталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу