Вакцина халықты 100% қорғай ала ма?

Екпенің нәтижесі ұжымдық иммунитет қалыптасқанда белгілі болады. 

Вакцина халықты 100% қорғай ала ма?

Жаһанды індет шарпығалы әлем ғалымдары "ауырмаудың жолып іздеп", вакцина жасаудан "жарыса" бастады. Қазақстан да бұл үдерістен артта қалмай, отандық препарат өндірісін қолға алды. Жыл басынан бері "ақ халаттылар" мен педагогтар ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырса, 15 сәуірден бастап оған балама ретінде қазақстандық QazVac (QazCovid-in) екпесі өндіріледі, деп хабарлады inbusiness.kz.

Жалпы елімізде 5 түрлі вакцина әзірленуде. Оларға 2,5 млрд теңге бөлінген. Оның 800 млн теңгесі құрал-жабық сатып алуға жұмсалса, 963 млн теңге QazVac препаратын клиникалық сынақтан өткізудің үшінші кезеңіне қарастырылған. 

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша клиникалық зерттеуге 3 000 ерікті қатысып, препараттың тиімділігі анықталған. Алдағы уақытта Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты инфекцияның мутацияға ұшыраған британдық, оңтүстікафрикалық штамдарынан да қорғайтын вакцина жасамақ. 
"Институт поливалентті жаңа вакцинаны жасау үстінде. Яғни, біз осы штамдарды зерттеп жатырмыз және болашақта бұл штамдар біздің вакциналарымызды жетілдіруде қолданылады. Мұндай вакциналар негізінен поливалентті – тұмауға қарсы вакциналар болады. Себебі тұмау үнемі мутацияланып отырады және вакцинаның тиімділігін арттыру үшін үнемі жақсы нәтиже іздеу керек", – деді вице-министр.

Елімізде 14 сәуірдегі жағдай бойынша ресейлік препараттың бірінші компонентін 435 мың адам салғызған. Ал 21 күннен кейін егілетін екінші компонентті 107 мыңнан астам қазақстандық алып үлгеріпті. Соған қарамастан мамандар бір ауыздан ешбір вакцина адамды 100% қорғай алмайтынын айтуда. Бірақ екпе арқылы індеттің таралуын тоқтататын ұжымдық иммунитет қалыптастыруға болады. Алматыдағы №4 қалалық емхананың Жалпы практика бөлімінің меңгерушісі Айгүл Байболатова осылай дейді. 
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше екпе инфекциядан 92-98%-ға қорғайды. Вакцинаны халықтың көп бөлігі салдырған сайын адамдарда ұжымдық немесе топтық иммунитет қалыптасады. Қаншылықты көп адам вакцина салдырады, соншалықты індеттің таралу жылдамдығы төмендейді", – дейді дәрігер.  

Індеттен айыққан адам ағзасында қорғаныш қабілетіні қалыптасатыны белгілі. Ал антиденелер көрсеткіші жоғары адамға вакцина салдыру керек пе? Инфекционист-дәрігер Шолпан Әуелбекованың айтуынша аталған көрсеткішке ғана басымдық берудің қажеті жоқ. Себебі ол 3 айға ғана жетуі мүмкін, кейде тіпті одан да аз. 
"Антиденелердің бар-жоғын анықтау үшін иммуноферменттік талдау тапсырамыз. Ол екі топқа бөлінеді. Иммуноглобулин М (IgM) және иммуноглобулин G (IgG). Мұндағы Иммуноглобулин М – қабыну процессіне жауап береді. Ал иммуноглобулин G – адам қабыну кезеңінен өткен, бойында антиденелер бар деген сөз. Егер адам бойынша екеуі де болса онда вакцина салдырудың әзірге қажеті жоқ, ағзада қабыну процессі жүріп жатыр. Бірақ антиденелер тұрақты емес, тіпті 3 айдан кейін ағзаның қорғаныш қабілеті төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан біз екпе салдыру ұсынамыз", – дейді инфекционист-дәрігер.

Алматыда вакцина салдырған дәрігердің бірнеше күннен кейін коронавирустық инфекцияға шалдыққаны анықталды. Желіде желдей ескен бұл ақпарат көпшіліктің көңіліне екпеге қатысты күдік ұялатқаны анық. Шолпан Әуелбекова мұны қарапайым сәйкестік деп түсіндірді. Оның ойынша науқас індет жұқтырған кезеңде екпе салдырған. 
"Барлық инфекциялық ауруларда инкубациялық кезең болады. Адам індетті жұқтырып алып, бірақ ауысыну сезімі болмауы мүмкін. Бұл жағдайда да солай болған. Тек вакцина салдырғаннан кейін 2-3 күн өткен соң ауру белгілері айқындала түскен", – дейді дәрігер. 

Ал вакцинаның бірінші компоненттін салдырған адам екінші компонентіне дейін ауырып қалса қайтпек керек?
"21 күннің ішінде ауырып қалса вакцинаның екінші компонентін салу-салмауды дәрігер шешеді. Ол ағзадағы антиденелерге байланысты. Егер қорғаныш қабілеті түзілсе 6 айдан кейін қайта бірінші компоненттен бастауы мүмкін. Барлығы науқастың жағдайына қарай шешіледі. Бір анығы вакцина салдырған адамда ауру ағыны жеңіл формада өтеді", – дейді Айгүл Байболатова. 

Вакцинациядан кейін антиденелер ағзада қанша уақыт сақталады? Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарияның айтуынша "Спутник-V" вакцинасының қорғаныш қабілетін ағзада екі жылға дейін сақталады деген пікірлер бар. Алайда оны нақты білу үшін екі жыл бойы препаратты тексеру керек. Бүгінгі күні бұл зерттеулердің жүргізілгеніне тек бір жыл болды. 
"Сондықтан оны нақты айту қиын. Отандық вакцина туралы толық ақпаратты шілде айында толық айтуға болады. Дегенмен ең бірінші еріктілерге вакцина салған сәттен бері тоғыз ай өтті. Тоғыз айдың ішінде иммундық жауап жоғары болып тұр", – деді Күнсұлу Закария.

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу