Вакцина салдырған қазақстандықтар да рейске жіберілмеді

15954

Екпе еккізу жеңілдік бермейтін түрі бар. 

Вакцина салдырған қазақстандықтар да рейске жіберілмеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Спутник-V" вакцинасын салдырғаны туралы хабарды ресейлік алуантүрлі ақпарат құралдары жаһанға жар сала, жаппай таратып жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында мұның Ресей емес, "Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған" екпе екенін нақтылағаны елеусіз қалғандай.

Осылайша, бұл шара Ресей вакцинасына жақсы жарнама болды.

Айта кетер жайт, осыдан тура екі апта бұрын, 23 наурызда Кремль Ресейдің 68 жастағы Президенті Владимир Путиннің коронавирусқа қарсы егілгенін хабарлады. Алайда тауар маркасын жарнамалағысы келмеді ме, Путиннің баспасөз хатшысы өз шефінің нақты қандай вакцинаны таңдағанын айтпады, тек оның ресейлік екенін ғана білдірді.

Жалпы, Ресей ойлап тапқан вакцинаны таңдаған мемлекет басшылары сирек: бұдан ертеректе Венесуэла Президенті Николас Мадуро "Спутник V" вакцинасымен егілгенін жария еткен болатын.

Айта кету керек, осының алдында бұл вакцинамен егілуден Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бас тартты. Қырғызстан басшысының баспасөз хатшысы Галина Бәйтеректің түсіндіруінше, "зертханалық зерттеулер көрсеткендей, Жапаровтың қанында коронавирус инфекциясына төтеп берер антиденелер жеткілікті көлемде табылған". Өйткені қырғыз елінің жаңа көшбасшысы осы індетпен ауырған болатын.

"Осыған байланысты дәрігерлердің кеңесіне сәйкес, қазіргі кезде Президенттің КВИ-ге қарсы вакцина салғызуы қажетсіз деп танылды", – деді Галина Бәйтерек.

Дегенмен, сарапшылар Путин мен Тоқаев арасында бір ұқсастықты анықтады: екеуі де камера алдында егілуден бас тартқан. Мысалы, Кремль Ресей халқына оның лидерінің қалай егілгені паш етілмейтінін ашық мәлімдеді.

"Сіздерге айтылған сөзге сенуге тура келеді. Камера алдында егілу Путинге ұнамайды", – деп қысқа қайырды РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Қазақстандықтар да Президенттің вакцина алғаны туралы жаңалықты әртүрлі қабылдады. Әлеуметтік желіде ой білдіргендердің бірі бұрынырақта Мемлекет басшысының ресейлік емес, қазақстандық вакцинаны салғызатыны мәлімделгенін еске түсірді: "Бұл қалай болғаны, кеше ақпарат басқаша еді? Мен QazVac күтіп жүрсем...". Кейбірі бұл хабарға шүбәланды: "Видеосы қайда?", "Ең құрыса, фотосын көрсетсе жақсы еді", "Видеосы болса дұрыс, сенімдірек болар еді. "Спутник V" вакцинасының қорабын көрсетіп. Президентке тек амандық болсын!" дейді азаматтар. "Жұртқа көз қылып, өздері тек витамин салғызып жатыр" деген болжам да айтылып қалды. "Мына вакцинаны 65 жастан асқандарға егуге болмайды деп еді" деп қамқорлық танытқан кездесті.

Жалпы, кейде фотосурет мың сөзден күштірек әсер ететіні мәлім.

Қазақстан мен Ресейде вакцина салғызған халықтың үлесі шағын болып тұр. Ал дамыған және қарқынды дамушы елдерде керісінше, тұрғындардың үлкен бөлігі егіліп болды. Егер Мемлекет басшысының вакцина салғызып жатқанын көрсе, бұрын күмәнданып келгендердің өзі: "Президентіміз егілді, ендеше мен де егілем" деп, иммундау қосындарына бет алуы мүмкін.

Жалпы, әлемдегі көптеген лидерлер коронавирусқа қарсы вакцинаны еш қымсынбай, теле және фотокамералар алдында салғызды. Мысалы, АҚШ Президенті Джо Байден тікелей эфирде Pfizer вакцинасын, Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған қытайдың Ухань қаласында жасалған CoronaVac вакцинасын, Америка вице-президенті Камала Харрис Moderna екпесін еккізді.

Ұлыбритания Премьері Борис Джонсон да, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили де, Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин де – британдық-шведтік AstraZeneca компаниясының (қазіргі жаңа атауы Vaxzevria) препаратына таңдау жасады. 

Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамафоса Johnson&Johnson вакцинасын салғызды.

Қалай болғанда, сарапшылар Қасым-Жомарт Кемелұлының вакцинациялану ісінде өзгеге үлгі болғанын жақсы бағалайды. Ел Президентіне сенген қазақстандықтар соның ізін басуға дайын.

"Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялаудың басталғаны туралы ақпарат тұр. Қай өңірге қанша дозасы жеткізілгенін де хабарлауда. Медицина қызметкерлері, күш құрылымдарының өкілдері, білім мекемелерінің жұмыскерлері секілді тәуекел топтарына екпе егіліп жатқанын мәлімдеді. Ал қарапайым халыққа қатысты деректер аз. Емханадағылар білмейді. Сондықтан халықтың өзге топтарын вакцинациялау туралы нақты ақпарат пен түсініктемелерді әр елді мекен бойынша берсе екен. Қай жерде егілуге болады? Ол үшін "Электронды Үкімет" не ХҚКО арқылы алдын ала жазылуға бола ма?", – дейді қарағандылық Жандос Досжан.

Ал Дмитрий Ким вакцинаның екі дозасын алып үлгеріпті. Алайда вакцинациялау паспорты (ВП) ештеңе жарамай қалғанына қынжылады.

"ВП-ымда тек екінші дозаның енгізілген күні ғана көрсетілуі кесірінен мен бірінші жолы Грузияға ұша алмай қалдым. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерінің сауатсыздығы ма деймін. Салдарынан, моральдық және материалдық шығын шектім. Оның үстіне шетелге шыққанда екі дозаның егілген күні мен уақыты түсірілген қандай да бір анықтаманы көрсету қажеттілігі туралы еш жерде ақпарат болмады. Ал мемлекеттік egov mobile қосымшасынан жүктеп алған ВП толыққанды толтырылмаған болып шықты", – дейді Д.Ким.

Әйтсе де, ізінше аталған паспорттағы мәліметтер жаңартылып, Дмитрий Грузияға ұшып кетті.

"Осы тамаша елде жақсы тыныға алдым. Еgov mobile қосымшасындағы Вакцинациялау паспортымда екпе егудің екі кезеңі де көрсетілгеніне, тәртіпке түсірілгеніне қуанып жүрдім. Содан Қазақстанға оралайын деп, әуежайға қарай жөнелдім. Алайда тағы да рейске жібермей қойды: коронавирустың жоғын растайтын ПТР-тест анықтамаңыз жоқ, онсыз ұшаққа да, елге де кіре алмайсыз деді. Сонда Қазақстан билігінің өзі сенбейтін болса, еркін ұшуға мүмкіндік бермейтін болса, вакцинациялау паспортының неге қажеті бар?! Әлде біздің билік азаматтарға өздері егіп жатқан вакцинаға өздері сенбей ме?", – деп қамығады азамат.

Ол Үкіметтегілерден елді алдамай, қазақстандықтарға, сондай-ақ барлық турфирмаларға, шекаралық бақылау қызметіне ресми ақпарат беріп, вакцинациялау паспортының шекараны еркін кесіп өтуге мүмкіндік бермейтінін, елге оралу үшін бәрібір ПТР-тестен өтуге тура келетінін ашық айтуды сұрады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу