Вакцинаны жаңа салғызғандар 60 миллион ұтуы мүмкін

3318

"Сәтті Жұлдыз" лотерея операторы Үкіметке тиісті ұсыныспен шықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz

Вакцинаны жаңа  салғызғандар 60 миллион ұтуы мүмкін

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салғызғандар арасында автокөліктер, пәтерлер, шетелдік саяхатқа жолдамалар ойнатылуда. Сондай-ақ ірі мегаполистердегі сауда орталықтары түрлі жеңілдіктер ұсынады. Бірақ ең қызығы енді басталуы мүмкін.

"Сәтті Жұлдыз" ұлттық лотерея операторы Үкіметке вакцинацияны ынталандыруға арналған бүкілқазақстандық лотерея өткізу туралы хат жолдады.

"Біз пандемия кезінде ел тарихына кіретін медицина қызметкерлерінің ерлігі алдында бас иеміз. Осы күрделі уақытта барша Қазақстан халқы ортақ бейнетпен күресте бас біріктіруге тиіс. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялауды насихаттау мақсатында "Сәтті Жұлдыз" бірыңғай ұлттық лотерея операторы екпе еккізген азаматтар арасында жеке лотерея өткізуді ұсынады. Бұл халықаралық тәжірибе: оның оң үлгілерін АҚШ, Ресей, Еуропа және Азия елдерінен байқауға болады, егілгендер арасында лотерея ұйымдастыру арқасында оларда вакцинациялану динамикасы қарқын алды", – дейді "Сәтті Жұлдыз" АҚ президенті Александр Тен жоғарыға өтінішінде.

Оның айтуынша, қазіргі кезде ұлттық лотерея операторының қолында ешкім ұта алмағандықтан, сұраусыз жатқан 60 млн теңге бар екен.

"Біз вакцинацияланғандар арасында ынталандырушы лотерея ұйымдастыруды ұсынамыз. Оның жалпы жүлде қоры 60 млн теңгені құрайды. Лотерея сипаттамасын, жүлде қорын, ұтысты алу тәртібін және салық салу мәселелерін реттейтін ережелер әзірленді. Бұл лотереяны дайындау және өткізу бойынша барлық шығынды және жеңімпазға жүлдесін төлеуді оператор өзіне алады", – деді Александр Тен.

Дегенмен, мемлекеттің көмегі бәрібір қажет болады. Үкіметке жүгінуі де содан. Халықты, барлық өңірді кеңінен қамту және жаңа лотерея түрін насихаттау үшін бұл іске Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт министрліктерінің мүмкіндіктері мен ресурстарын жұмылдыруды, ақпараттық қолдау көрсетуді сұрайды.

Лотерея қалай ойнатылмақ?

Жаңа "ынталандырушы лотереяның" сипаттамасына жүгінсек, ережелерде оның шынымен "Сәтті Жұлдыз" қаражаттары есебінен өткізілетіні көрсетіліпті. Сонымен, егер Үкімет бұл бастаманы құптаса, ойын республикалық телеарналардың тікелей эфирінде лототронды айналдыру есебінен жүзеге асырылмақ.

Егілгендер оған қалай қатыса алмақ? Вакцина салғызғанда лотерея билеті таратылмады ғой? Оператордың ұсынуынша, ұтыс "Вакцинация паспортының" сериясы бойынша өткізіледі. Демек, тек бір компонентті ғана салғызғандар қатыса алмай қалайын деп тұр. Себебі вакцинация паспорты екпенің екінші дозасын алғаннан кейін ғана беріледі.

Әйткенмен, қазір қимылдағандарға ілігіп қалуға мүмкіндік мол секілді.

Себебі "Сәтті Жұлдыз" мемлекетке ынталандырушы лотереяны 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында өткізуді ұсынып отыр.

Тағы бір қатыса алмауы мүмкін топ анықталды. Қазір әлемде кейбір вакцина түрін жасөспірімдерге де салу мәселесін қарастырылып жатыр. Алайда еліміздің "Лотереялар және лотереялық қызмет туралы" заңына сәйкес, 18-ге толмаған тұлғаларға лотереяға қатысуға жол берілмейді. 

"Вакциналық" лотереяда 3 аралық ұтыс болады деп қарастырылған екен. Олар айдың соңғы күнінде өткізілмек.

Ал ең ірі "финалдық ұтыс" жыл соңында ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Жұлденің жалпы қоры 60 000 000 теңге екені айтылды. Бұл ақша келесідей жолмен ұтысқа салынады.

І аралық кезең: 30 қыркүйекте өтуі ықтимал. Онда 10 миллион теңге бәске тігіледі. Бұған 31 тамыздан бастап 29 қыркүйекті қоса алғанда, осы аралықта Вакцинация паспортын алғандар қатысады делінді.

ІІ аралық кезең: ұтыс 31 қазанда ойнатылады. Жүлде көлемі 10 миллион теңге. Онда 30 қыркүйектен бастап 30 қазанды қоса алғанда ВП-ға қол жеткізгендер бақ сынай алмақ.

ІІІ аралық кезең ұтысы 30 қарашада жүзеге асырылады деген жоспары бар. Жеңімпаз 10 миллионды қанжығасына байлайды. Ол Вакцинация паспорты 31 қазан мен 29 қараша (қоса алғанда) аралығында берілген азаматтар арасынан таңдалады.

Ақыр соңында, 31 желтоқсанда бас жүлде – 30 миллион теңге ұтысқа тігілмек. Ұйымдастырушылардың сендіруінше, оған вакцинациялаудың барлық кезеңінде екпе салғызғандар қатыса алады.

Ұтысты "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ның Алматыдағы бас кеңсесінде немесе өңірлік кеңселерінің бірінде рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Оператор жеңімпаздың барлық қажетті құжаттарын алған күннен кейін 10 жұмыс күні ішінде жүлдені толық төлеуге тиіс.

Ұтысын алып кету үшін жеңімпаздан біріншіден, Вакцинациялау паспортын, екіншіден, жеке куәлігін, үшіншіден ақша аудару үшін қажет IBAN сандарын ұсынса жеткілікті көрінеді.

Кейбір адам өзінің мол жүлдені ұтқанын білмей, қаннен-қаперсіз жүреді. Оларға ұтысын алып кетуге лотерея өткеннен бастап 30 күн мүмкіндік беріледі. Қолданыстағы заңнама бойынша 6 АЕК-тен асатын жүлделерге ұтыс сомасының 10% көлемінде жеке табыс салығы салынады.

Оператор Үкіметтен не керек дейді?

Ұлттық лотерея операторы егілгендердің тізіміне қол жеткізбек ниетте. Ол Денсаулық сақтау министрлігінен вакцинацияланғандардың базасын сұратып отыр. Себебі лотерея өткізу үшін екпе салғызғандардың бәрінің аты-жөні, ВП сериясы, жеке куәлігінің нөмірі қажет көрінеді.

Ақпарат министрлігінен ақпараттық қолдау қажет екен: "Орталық коммуникациялар қызметі, мемлекеттік БАҚ, бюджеттен ақша алатын әртүрлі инфльюенсерлер мен әлеуметтік желілер жұмылдырылса" дейді. Яғни, мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа енгізсе деп дәметеді. Әйтпесе, лотерея саласын басыбайлы астына басқан жеке компания өнімін өз бетінше насихаттаса, ақпарат құралдары мен блогерлерге молынан шығындалуға тура келмек. Сондай-ақ телеарналардың эфирін ұтыс өткізу үшін берсе деп сұрайды. Бұдан бөлек, "Сәтті Жұлдыз" жеке компаниясы шенеуніктерді өзін қолдап, брифингтер, баспасөз конференцияларын, сұхбат, дөңгелек үстелдер өткізуін өтінді.

Айтқандай, ұлттық оператордың "вакциналық" лотереяны өткізу бойынша жоспарланып отырған өзге де шығыстары назар аудартады. Сметасында ұтыс ойынын өткізу үшін қажет бағдарламалық қамтылым 1,2 млн теңге, лототрондар (бағдарламасымен) – 1 млн 720 мың теңге тұратыны, ал телевизиялық жабдықтарды және павильонды жалдау – 3,5 миллион теңгеге, декорация 0,5 млн теңгеге, жүргізушілердің қаламақысы 500 мың теңгеге (5 жүргізушіге 100 мың теңгеден) түсетіні айтылған. Бұған қоса, компания интернеттегі жарнамалық науқанға 10 миллион теңге құртпақ. Осылайша, өз тарапынан "Сәтті Жұлдыз" жалпы сомасы 17,6 млн жұмсауды көздеп отыр.

Жалпы, аралық ұтыстарға тек 31 тамыздан бастап вакцинация паспорттарын алатындардың ғана қатысуы туралы идеяны билік құптаса, соның кесірінен елімізде екпе салғызу науқаны күрт баяулап қалуы ғажап емес. Ол жағдайда кейбір адам ерте салғызбай, лотереяның басталуын күтуге көшуі де мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу