Вакциналар жаһанға ықпал етудің құралына айналды ма?

3417

Қытай әлем елдерінің көп бөлігін екпемен қамтамасыз етіп жатқанда, АҚШ бастаған кейбір мемлекеттер Бейжіңге қарсы тұру үшін, әсіресе, Азияда әрекетке көшкен сыңайлы.

Вакциналар жаһанға ықпал етудің құралына айналды ма?

Қытайдың вакциналық дипломатия науқанының жолы болып тұр: бұл мемлекет өз екпелерінің шамамен жарты миллиард дозасын 45-тен астам елге жеткізуге уәде етті, деп хабарлайды Associated Press агенттігі. Биыл көптеген қытайлық вакцина өндірушілердің тек төртеуі ғана кем дегенде 2,6 млрд доза өндіре алатындығын ескерсек, әлем халықтарының көп бөлігі коронавирустан жоғары тиімділігімен мақтана алатын батыстық вакциналармен емес, қытайлық препарттармен қорғануы мүмкін.

Қытайлық вакциналар туралы мәліметтер тапшылығы және олардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты қорқыныш осы екпелерге тәуелді елдерде әлі күнге дейін сейіле қойған жоқ. Сонымен қатар, Қытай оларды жеткізгеннің есесіне не талап етуі мүмкін деген сауал бар. Алайда осындай алаңдаушылыққа қарамастан, Қытай вакциналары тағы 11 мемлекетке жіберіліп, оларды егу науқаны бүгінде 25-тен астам елде басталып кеткен.

Бұрын Қытай СOVID-19 індетімен алғашқы кезде дұрыс күреспеді деп  сенімсіздік объектісіне айналса, қазір ол өз вакциналарымен құтқарушыға айналды.

"Біз нақты уақыт режимінде вакциналар дипломатиясының қалай басталғанына куә болып отырмыз. Онда Қытай екпе шығару мен оларды басқаларға қол жетімді ету мүмкіндігі бойынша көш бастап тұр",– дейді АҚШ-тың Дьюк Университетінің Денсаулық сақтау жөніндегі жаһандық инновациялық орталығының негізін қалаушы директоры Кришна Удаякумар.

Қытай 53 елге "вакциналық көмек" жеткізіп, оны 27 елге экспорттайтынын мәлімдеді. Бірақ сол мемлекеттердің тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен, Бейжің вакциналық дипломатияны жүзеге асырып жатқанын жоққа шығарып, Қытай вакцинаны "жаһандық қоғамдық игілік" деп санайтынын атап өтті. Қытайлық сарапшылар вакциналар экспорты мен елдің имиджін өзгерту арасында қандайда бір байланыстың жоқтығын айтады.

Батыстық вакциналардың көбі бақуатты елдерде

Қытайдың назары төмен және орташа табысты елдерде.  Өйткені бақуатты мемлекеттер Pfizer және Moderna сияқты компаниялар шығаратын қымбат вакциналардың көп бөлігін иеленіп отыр. Өзінің екпе жеткізудегі кейбір кідірістеріне қарамастан, Қытай америкалық және еуропалық вакцина өндірушілердің әлемді вакцинамен қамтамасыз етудегі шабандау қимылынан үлкен пайда көре бастады.

Көптеген ел сияқты, Чили де  Pfizer дозаларын әу баста уәде етілгеннен әлдеқайда аз алды. Қытайдың Sinovac компаниясы болса, тез әрекет етіп, бұл мемлекетке 4 млн дозаны жіберіп үлгерген.

Чили мен табысы төмен және орташа елдер үшін таңдау шектеулі. Дьюк университетінің мәліметі бойынша, бүкіл әлем бойынша сатып алынған 7,8 млрд дозаның 5,4 миллиарды - бай елдердің үлесінде.

Стандартты тоңазытқыштарда сақталатын қытайлық вакциналар Pfizer сияқты компаниялардың өте суықты қажет ететін вакциналарымен салыстырғанда талай ел үшін әлдеқайда тартымды болып тұр.

"Синовак" пен "Синофарм" тірі вирусты өлтіріп, содан кейін иммундық реакция тудыратын дәстүрлі технологияға сүйенеді. Кейбір елдер бұл тәсілді батыстық бәсекелестер қолданатын жаңа, әрі аз дәлелденген технологияға қарағанда қауіпсіз деп санайды.

Еуропада Қытай өз вакцинасын Сербия мен Венгрия сияқты елдерге жеткізеді. Бұл – Қытай, Ресей, Еуропа одағы саяси және экономикалық ықпалдарын күшейту үшін бәсекелесіп жатқан Орталық Еуропа мен Балқандағы маңызды геосаяси жеңіс. Ал, Венгрия- ЕО-да Қытай вакцинасын қолданатын алғашқы ел.

Бірақ Қытайдың вакцина дипломатиясы оның вакциналары жақсы болғанда ғана сәтті жүзеге аспақ.

"Қытайлық вакцина жасаушылар Pfizer және Moderna сияқты компаниялармен салыстырғанда сынақ мәліметтерін жариялауда "баяу және айқын" көрінді. Бүкіл әлемде қолданылатын қытайлық кандидат-вакциналардың ешқайсысы өздерінің клиникалық зерттеулерінің соңғы сатысының нәтижелері жайында деректерді жария етпеді", – дейді АҚШ-тағы Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің аналитикалық орталығының жаһандық денсаулық сақтау жөніндегі сарапшысы Яньчжун Хуан Associated Press агенттігіне берген сұқбатында.

Sinovac-қа қатысты шатасулар да бар. Оны Түркияда шенеуніктер 91%-ға  тиімді деп мәлімдесе, Бразилияда бұл нәтиже қайта қаралып, 50% - ға дейін төмендетілді.

Гонконгтағы сарапшылар тобы Sinovac компаниясы да Денсаулық сақтау реттеушілеріне ұсынған деректерге сүйеніп, бұл вакцинаның  тиімділігі 50% - дан сәл ғана асатынын хабарлады. Дегенмен, бүкіл әлемде денсаулық сақтау саласының мамандары кем дегенде 50%-ға тиімділігін көрсеткен кез-келген вакцинаны пайдалы деп санайды.

"Ой келтелігі"

Бірақ қабылдаушы елдер Қытайдың вакциналық дипломатиясы қымбатқа түсуі мүмкін деп алаңдап отыр. Жақында түрік оппозициясы мәлімдегендей, Қытай ұйғырларды экстрадициялау туралы заң қабылдамасаң, екпелерді толық алмайсың деп Анкараны бопсалаған. Мұны Түркия үкіметі де, Бейжің де жоққа шығарды.

Сәрсенбіде Financial Times газеті Америка Құрама Штаттары Жапониямен, Үндістанмен, Австралиямен одақтасып, Қытайдың ықпалына қарсы тұру үшін Азияда COVID-19 вакциналарын тарату жоспары бойынша жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Ал, The Wall Street Journal басылымының пікірінше, Ресей де Қытай және басқа державалар тәрізді сұраныс жоғары болып тұрғанда, вакциналарды дипломатиялық құралға айналдыруға тырысып жатыр.

Қытайдың қарсыласы Үндістан болса, пандемия кезінде аймақтық байланыстарды жақсарту үшін әлемдегі түрлі ауруларға қарсы вакцина өндіруші ретіндегі күшін пайдаланып, бірқатар мемлекеттерге коронавирусқа қарсы препараттарын жөнелтіп, Бейжіңге Азияда саяси және экономикалық тұрғыдан тойтарыс беруге талпынып отыр.

Қытай вакциналарды пандемия кезінде әлсіреген ғаламдық ықпалын қайта күшейту үшін қолданады деген қорқынышты жоққа шығарып, мұндай мәлімдемелерді "келте ойдың" нәтижесіне балап отыр.

 "Кейбіреулер Қытай геосаяси ықпалын кеңейту үшін COVID-19 вакциналарын қолданады деп күдіктенеді. Бұл идея – ой келтелігінің көрінісі", – дейді Қытай Халықтық саяси консультативтік конференциясының (CPPCC) өкілі Гуо Вэйминь сәрсенбіде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, бұған дейін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай вакциналарын "жаһандық қоғамдық игілікке" айналдыруға уәде берген еді.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу