Валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме көтеріледі

348

Өзгеріс қазаннан бастап жүзеге асады. 

Валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме көтеріледі Фото: canva

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2026 жылдың 1 қазанынан бастап кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді көтереді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл шара жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру аясында жасалып отыр. Белгілі болғандай, қазіргі кезеңде мерзімі 12 айдан жоғары жинақ салымдардың мөлшерлемелері ғана өзгереді. Яғни 1 қазаннан бастап, мұндай салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1,0%-дан 2,5%-ға дейін жоғарылайды. Жаңа шекті сыйақы мөлшерлемелері 2026 жылдың 1 қазанынан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын салымдарға ғана қолданылуы мүмкін.  

"Атап өту керек, шекті мөлшерлемелер – шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін анықтау үшін ұсынылатын жоғарғы шекара. Бұл ретте банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің деңгейі туралы шешімді өз бетімен қабылдайды. Бұл кезеңде әр түрлі мерзімге ашылатын мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан төмен болатын жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер 1% деңгейінде өзгеріссіз қалады", – делінген хабарламада.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының хабарлауынша, бұл шешімге Ұлттық Банктің депозит нарығын долларсыздандыру саясатын сәтті жүргізгендігінің арқасында қол жеткізілді. 

"Долларлану деңгейі 2015 жылдағы 80%-дан 2026 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 19,2%-ға дейін төмендеді. Сонымен бірге тиімді макроэкономикалық жағдаят және жыл барысында теңгенің нығаю үрдісі Ұлттық Банкке ҚДКБҚ-мен бірлесіп, валюта нарығындағы реформаларды одан әрі жалғастырып, валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеуге қатысты қолданыстағы тәсілдерді кезең-кезеңмен ырықтандыруға кірісуге мүмкіндік берді", – деп хабарлады қор.      

Жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКБҚ максималды кепілдігі өзгеріссіз қалатыны белгілі болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу