Валюталық және баға тәуекелінің алдын алу шаралары қабылданып жатыр

8136

Отандық тауар өндірушілерге офтейк-келісім арқылы қолдау көрсетіледі.  

Валюталық және баға тәуекелінің алдын алу шаралары қабылданып жатыр Фото: Максим Морозов

Баға тәуекелі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының "ҚазМұнайГаз" ҰК", "Қазатомөндіріс" ҰАК"  және "Тау-кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" сынды портфелді компанияларына тікелей әсер етті. Валюталық тәуекелдің салқыны "Қазақстан темір жолы" ҰК", "Самұрық-Энерго" АҚ, KEGOC акционерлік қоғамына да тиюі мүмкін. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының құқықтық сүйемелдеу және тәуекел бойынша атқарушы директоры Андрей Кравченко айтты.  

Оның сөзінше, былтыр ықтимал тәуекелдер алдын-ала болжанып, қордың компаниялар тобы валюталық қарызды мерзімінен бұрын өтеген. Осылайша қарыз жүктемесін 8 млрд долларға жеңілдеткен. Нәтижесінде валюталық бағам тәуекелінен 950 млрд теңге үнемдеген. 

"Қазіргі уақытта қор валюталық және баға тәуекелінің алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Бұл үшін операциялық, әкімшілік шығындар қысқартылуда. Инвестициялық жобалар қайта қаралуда.  Сатып алулардың жаңа механизмі – офтейк-келісім арқылы  отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге басымдық берілуде", – деді Андрей Кравченко.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ірі жұмыс беруші саналады.  Компаниялар тобында 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 

"Әр компанияда жедел штаб құрылып, санитарлық-дезинфекциялық режим енгізілді", – деді атқарушы директор.

Андрей Кравченконың айтуынша, қызметкерлердің 70%-ы қашықтықтан жұмыс істеп жатыр.
"Созылмалы аруы бар егде жастағы қызметкерлер, жүкті және 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, жалғызбасты аналар сондай-ақ мүгедек баласы бар қызметкерлер жұмысқа келіп жатқан жоқ. Барлық іссапарға тыйым салынды", – деді ол. 

Қор директорлар кеңесі бекіткен контрагент-банктерге лимит қою саясатын ұстанады. Соған сәйкес өз саясатының талабына сай келетін банктерге ғана  
қаражат орналастырады. Егер банк талапқа сай болмаса, оған қаражат  орналастыру мәселесі үкімет қаулысымен шешіледі. 

"Біз Ұлттық банктің нормативтерін негізге аламыз. Бұл жерде банктің рейтингіне, меншікті капиталына сонымен қатар активтерінің сапасына ерекше назар аударылады. Банк кейбір көрсеткіштер бойынша нәтижелерін нашарлатса, онда оған орналастырылған қаражат бірден кері қайтарылады. Тап қазір қордың қаражаты орналастырылған барлық банктер қордың саясаты мен Ұлттық банктің талабына сәйкес келіп тұр", – деді Андрей Кравченко.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның шекара аймағындағы станцияларында  жүк қабылдау кезіндегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліпті. Бұл туралы атқарушы директор: "Поездарды дезинфекциялау, жұмысшылар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін вокзалдар мен поездар арнайы өңдеуден өткізіліп жатыр. Поездардың машинистары тепловизормен тексерілуде. Компания 
қорғаныш құралдарын сатып алуға 700 млн теңге бөлді. Барлық жолаушыларға жол жүру билетінің ақысы толық көлемде айыппұлсыз қайтарылады",– деді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу