Валютаның құнсыздануы кәсіпкерлерді шығынға батырды

2447

Теңге мен рубль бағамының құнсыздануы қарағандылық кәсіпкерлерді шығынға батырды. 

Валютаның құнсыздануы кәсіпкерлерді шығынға батырды

ЕАЭО аясындағы біртұтас кеңістікте валютаның құлдырауын пайдаланған ресейлік бәсекелестер жергілікті кәсіпкерлерді ішкі нарықтан ығыстырып үлгерді.

Мемлекет көмекке мұқтаж отандық бизнесті дамытуға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 200 млрд теңге бөлген болатын. Алайда, зейнетақы қорынан бөлінген қаражат басқа мемлекеттердің өнімдерін тасымалдауға да жұмсалып жатыр.

Бизнесті дамыту мен қолдауға арналған "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасында банк несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі бар. Мемлекет несиенің бастапқы мөлшерлемесінің 10%-ын өтеп береді. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету туралы шешім Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аймақтық Үйлестіру кеңесінде  шығарылады.

Қарағанды облысы әкімдігінде өткен Үйлестіру кеңесіне 21 жоба ұсынылды. Бизнесмендердің басым бөлігіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры есебінен субсидия берілді. Олар айналымдағы қаражатты толықтырып, ертеректе алған несиелерін қайта қаржыландыру үшін  банктен несие алуға тілек білдірген.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының отандық бизнестің сыртқы факторларға тәуелсіз, бәсекеге қабілетті болуын қамтамсыз ету мақсатында ұсынылғанын атап өтті. Несие сыйақыларының мөлшерлемесін субсидиялау – бизнеске қолдау жасайтын тиімді құралдың бірі.

– Десе де бизнесмендердің көмегіне біз де мұқтажбыз. Тауарлар мен қызмет көрсету бағасын ұстап тұру мәселесінде бізді қолдайды деп күтеміз. Мемлекеттен көмек алып, екі аяғынан тең тұрған кәсіпкерлердің бағаларды қайта қарап, инфляция жасауына жол бермеу керек, – деді аймақ басшысы.

 

Қарағанды қаласында бірнеше автокешені бар "КСК" ЖШС-ның негізгі қызметі автобөлшектер сату. Компания  басшысы Константин Николаев 2014 жылдың күзінде болған рубльдің құнсыздануы бизнесімізді шайқалтып кетті дейді. Ресейлік көлік бөлшектерін Қазақстанның бар аймағына жеткізумен айналысатын кәсіпорын көрші елдің нарығына тәуелді.

– Біз барлық өнімді Ресейден сатып аламыз. Валютаның тұрақсыздығы ресейліктерге әсер еткен жоқ. Біздегі жағдайды пайдаланып, ресейлік тасымалдаушылар нарыққа араласа бастады. Олар зауыттармен тікелей байланыста болғандықтан, көлік бөлшектерін төмен бағамен сатты. Нарықтан шығып қалмау үшін біз де бағаларды төмендеттік, нәтижесінде айналымдағы капиталды жоғалттық. Қазір валюта бағамы қалпына келді. Енді бәсекелесуге болады. Дегенмен, айналымдағы қаржы бизнесті жүргізуге жеткіліксіз. Ол үшін жалғыз амал несие алу, – деді кәсіпкер. Осылайша "КСК" компаниясына ресейлік өнім сатып алуға зейнетақы қоры есебінен 79 млн теңге субсидия беру мақұлданды.

"Траяна" ЖШС да бала тағамдары мен құрамында шырыны бар өнімдерді Ресейден жеткізеді.  Бұл компанияға да зейнетақы қоры есебінен субсидия берілді.

"Зет ЛТД" ЖШС субсидияны қазақи брендпен тұрмыстық техника шығаруға жұмсамақ. Техниканы шығару желісі Қытайда орналасқан. Барлық құрамдас өнім қытайдікі, жұмысшылары да сол елдің азаматтары. Тек, техникаға жабыстырылған фирмалық белгі ғана қазақтікі. "Зет ЛТД" кәсіпорнына да Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры есебінен 208 млн теңге қаржы қарастырылды.

Дегенмен, қаражат сұраған кәсіпкердің бәрі бірдей өзге елдің өнімдерін тасымалдаумен айналыспайды. Мәселен, "Іңкәр I" ЖШС Теміртау қаласында металлургиялық жабдық өндірумен шұғылданады. Аймақтағы ірі кәсіпорындардан тапсырыс алып, өнімдерін Ресейге экспорттайды. Кәсіпорын директоры Қуандык Нұрпейісовке де кәсіпорынның айналым қаражатын молайтып, несиесін қайта қаржыландыруға зейнетақы қоры есебінен субсидия берілді.

Үйлестіру кеңесінде 21 жобаға 4,5 млрд теңге инвестиция аудару құпталды. Мемлекеттік қолдау тапқан кәсіпорындарда 800 жұмыс орны сақталып, өндіретін өнім көлемін арттырады деген сенім туды. Сондай ақ, Кеңес мүшелері бизнесмендерге отандық өнімдерді пайдалануға кеңес берді.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу