Вашингтон неліктен Украинаға ауыр қаруды көптеп беріп жатыр?

2304

Құрама Штаттар Ресейді әлсірету үшін жөнелтіп жатқан артиллериялық арсенал – Донбасс үшін шайқастың негізгі элементіне айналды. 

Вашингтон неліктен Украинаға ауыр қаруды көптеп беріп жатыр?

Әскери жанжал үшінші айға ұласқанда Байден әкімшілігі Украинаға артиллериялық зеңбірек жеткізуді күрт арттырып отыр. Осыған қарағанда,  Вашингтон Донбасс үшін шайқастың шешуші кезеңінде Киевті қолдауды тіпті күшейтуге кіріскен тәрізді.

Мәскеу болса, АҚШ-тың Украинаға көмек жөнелтуді жалғастыруының "болжауға болмайтын" салдары болатынын ескертіп,  Батыстан жеткен арсеналдың өз басқыншылығына кедергі екеніне алаңдай бастағанын аңғартып отыр.

Өткен бейсенбіде Президент Джо Байден Украинаға тағы 800 млн доллардың қаруын аттандыратынын жариялады. Сол жәрдем пакетіне АҚШ армиясының 72 дана 155 мм гаубицасы, 144 000 дана артиллериялық снаряды, 120-дан астам армиялық дроны кіреді.

Сонымен қатар жексенбі күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевке барып, Президент Владимир Зеленскиймен кездесіп, Украинаға және Орталық, Шығыс Еуропа елдеріне 713 млн доллардың қаруын беретінін хабарлады. Осылайша, ақпанның 24-нен бері, яғни, Ресейдің көрші елде "арнайы операциясы" басталғалы, Құрама Штаттардың Украинаға ұсынған әскери көмегінің құны 3,7 млрд долларға жетіп отыр.

"Шайқастың табиғаты өзгерді. Шығыстағы жер рельефі басқа. Сондықтан украиналықтарға ұзақ қашықтықтан ататын отты қару қажет. Біз Украинаның егеменді әрі жерін қорғай алатын демократиялық ел болғанын қалаймыз. Ал Ресейдің Украинаға енді басып кіре алмайтын деңгейге дейін әлсірегенін көргіміз келеді", – дейді Остин.

Тағы бір сөзінде Остин Украинаның әскери қажеттіліктері өзгеріп жатқанын және Зеленский енді танктерге, артиллерияға, басқа да оқ-дәрілерге көбірек назар аударатынын атап өтті.

Неліктен қазір артиллерия соншалықты маңызды болып тұр?

Артиллерия сияқты ауыр қарулар Украинаның Донбасс аймағында басталып келе жатқан шайқастың негізгі элементі ретінде қарастырылып отыр. Жері тегіс шығыс – 155 мм гаубица сияқты ұзақ қашықтыққа арналған зеңбіректермен жабдықталған танктердің және құрлықтық әскердің қозғалысы үшін біршама қолайлы.

Ресейліктер соңғы күндері Украинаның өнеркәсіптік орталығы үшін ұзақ ұрысқа қолдану мақсатында Донбассқа қосымша артиллериясын, жаяу әскерлері мен басқа да материалдардын шоғырландырып жатыр.

АҚШ Украинаға M777 деп аталатын соңғы үлгідегі гаубицаларын жөнелтпек. Оларды кезінде Америка армиясы мен теңіз әскері пайдаланған. Ескісіне қарағанда кішірек әрі маневрларға икемді M777-ні майдан даласына ауыр тікұшақтармен орналастыруға болады және мұндай қаруды Пентагон Украинаға беретін жеті тонналық жүк көліктерімен позициялар арасында тез тасымалдауға мүмкіндік бар.

"Донбасстың жер бедері, ашық, жазық, қалалық емес. Сондықтан ресейліктер алыс қашықтықтан атуға, әсіресе, артиллерияға сенеді. Біз білеміз, артиллерия – орыстар стратегиясының бір бөлігіне айналады", – дейді Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирби.

АҚШ қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды бір өкілі 72 гаубицаның біріншісі өткен аптаның соңында Еуропаға жөнелтілді дейді және де бұл қаруды қолдануға украиналықтарды үйрету жұмыстары сәрсенбі күні Украинадан тыс мемлекеттердің бірінде басталған.

Бұл қару Ресейдің шабуылын тоқтатуға жеткілікті ме?

Жетпеуі мүмкін. Сондықтан Байден Пентагонға қосымша әскери көмек бойынша жұмыс істеу жөнінде ұсыныс айтты.

Байденнің сөзінше, Ресей басқыншылығының осы кезеңі "географиялық тұрғыдан шектеулі болғанымен, қатыгездік жағынан қаттырақ болады". Сонымен қатар Байден Украинаға соңғы 800 млн долларлық пакеттен бөлек, тағы да қару-жарақты үздіксіз жеткізіп отыруға жұмсалатын қаражатты Конгресстің мақұлдауы қажеттігін мойындады.

Америкалық өкілдердің айтуынша, ресейліктер Украинадағы алғашқы сәтсіздіктерден кейін әскери тактикасын өзгертуге тырысып жатыр және алдағы шайқас ұзаққа созылуы мүмкін.

Ресей Киевті ала алмаған соң, Донбассқа және Азов теңізі жағалауындағы Мариупольден Қырым түбегіне дейінгі территорияларға назар аудару арқылы Украинадағы мақсаттарын тарылтты. Мұнда Ресей үшін бір артықшылық сол – Донбасс Ресейге жақын. Сондықтан бұл аймаққа қару-жарақ пен жауынгерлерді тезірек жеткізуге болады.

АҚШ Украинаны тағы немен қамтамасыз етпек?

72 гаубица мен оларды майдан даласында әрі-бері тасымалдайтын көліктерден басқа, Украинаға арналған жаңа қару-жарақ пакетіне АҚШ Әскери-әуе күштері қорындағы артиллериялық оқтар мен қарулы дрондар кіреді. Сонымен қатар Вашингтон посткеңестік елге ресейлік артиллерияны нысанаға алатын радарлар мен әуеден бақылайтын радарларды және пилотсыз дрон-қайықтарды жіберу мәселесін қарастырып жатыр.

"Артиллерия мен дрондар – Ресей Шығыс пен Оңтүстікті шабуылдауға кіріскенде Украинаға қажет болатын нағыз заттар", – дейді бұрын АҚШ-тың Еуропалық қолбасшылығында АҚШ-Украина әскери қатынастарын жақсартуға көмектескен отставкадағы контр-адмирал Марк Монтгомери АР агенттігіне берген сұқбатында.

Соңғы пакетке енген дрондар Phoenix Ghost деп аталады. Пентагонның өкілі оның мүмкіндіктерін сипаттаудан бас тартты. Дегенмен Кирбидің айтуынша, бұндай ұшқышсыз аппараттар, әсіресе, Донбасс жерінде қолдануға өте қолайлы.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу