Ватикан Трамп құрған Бейбітшілік кеңесінің жұмысына қатыспайтын болды

168

Алғашқы жиын 19 ақпанда Вашингтонда өтеді. 

Ватикан Трамп құрған Бейбітшілік кеңесінің жұмысына қатыспайтын болды Фото: AP Photo / Alessandra Tarantino

Ватиканның мемлекеттік хатшысы, кардинал Пьетро Паролин Қасиетті тақтың АҚШ президенті бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жұмысына қатыспайтынын айтты. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Тиісті шешім Ватиканның өзіндік ерекшелігіне байланысты қабылданғаны белгілі болды. 

"Ватикан Газа мәселесіне арналған "Бейбітшілік кеңесіне" оның өзіндік ерекшелігіне байланысты қатыспайды. Бізді алаңдататын жайттар бар, сондай-ақ түсіндіруді қажет ететін бірқатар күрделі мәселелер де кездеседі", – деді Пьетро Паролин.

Бейбітшілік кеңесіне қатысуға шақырылған елдер басшыларының алғашқы отырысы 19 ақпанда Вашингтон қаласында өтеді. Жиын Америкалық бейбітшілік институтының штаб-пәтерінде ұйымдастырылады деп күтілуде. Кездесудің негізгі тақырыптарының біріне Газа секторын қалпына келтіруге қаржы жинау, аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақты гуманитарлық қолдау көрсетуге бағытталған нақты қадамдарды әзірлеу жатады.

2025 жылғы 17 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі №2803 қарарды қабылдады. Осылайша Дональд Трамп 2025 жылғы 29 қыркүйекте жариялаған Газа қақтығысын тоқтатуға арналған кешенді жоспар қолдау тапты. Кейін бұл шешім аясында "Бейбітшілік кеңесі" құрылды. Дипломатиялық дереккөздердің ақпаратына сәйкес, жаңа құрылым "Бейбітшілік кеңесі", "Бейбітшілікті басқару кеңесі" және "Газаны басқару кеңесі" секілді үш негізгі органнан тұрады. 

Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф 14 қаңтарда Газаға қатысты 20 тармақтан тұратын жоспардың екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу