Халықаралық велододада Қазақстан құрамасы тамаша нәтиже көрсетті. Сәуірдің 28-і мен 29-ы аралығында Афинада өткен жарыста жарақатынан енді ғана айыққан Артем Захаров топтық жарыста алтын және скретч пен омниумда екі күміс медаль жеңіп алды. Команда көшбасшысы Рамис Дінмұхаметовпен бірге мэдисоннан алтыннан алқа тақты. Рамис Дінмұхаметов омниумда да үздік нәтиже көрсетті.
Ал Сергей Пономарев кейриннен мәре сызығын бірінші болып кессе, жекелей спринтте үшінші орын алды. Андрей Чугай жекелей спринтте алтыннан алқа тақты.
Жасөспірімдер Аслан Сылықбек пен Вадим Белугин омниумда сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының екінші және үшінші сатыларына көтерілді. Спортшыларымыз скретчте де дәл осындай нәтиже көрсетті. Аслан Сылықбек екінші, Вадим Белугин үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, Аслан Сылықбек топтық іріктеу жарысында алтын жүлдегер атанса, Вячеслав Сичкарев топтық жарыста үшінші болды.
Осылайша, велоспорттан Қазақстан құрамасы 14 медаль жеңіп алып, әлем чемпионатына, одан әрі Олимпиадаға жолдама алу үшін маңызды ұпайларға қол жеткізді.