Велотрекшілеріміз Hong Kong International Track Cup турнирінде жеңіс тұғырына көтерілді

358

Қазақстан велотрекшілері Гонконгта 2025 жылғы маусымды сәтті бастады.

Велотрекшілеріміз Hong Kong International Track Cup турнирінде жеңіс тұғырына көтерілді

Қытайдың Гонконг қаласында 19-21 сәуір аралығында өткен Hong Kong International Track Cup турнирі мәресіне жетті. Бұл – UCI (Халықаралық велосипедшілер одағы) күнтізбесіне енген маусымдағы алғашқы ірі халықаралық жарыстардың бірі. Биылғы бәсекеде 68 елден 304 спортшы бақ сынады. Командамыз сапында Андрей Чугай, Кирилл Курдиди, Рамазан Мұхтар, Данияр Шаяхметов, Рамис Дінмұхаметов, Илья Карабутов, Алишер Жұмақа,  Максим Хорошавин жарыс жолына шықты.

Қазақстан құрамасы турнирде жоғары нәтиже көрсетіп, бүгін соңғы сайыс күні екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда Рамис Дінмұхаметов пен Илья Карабутов "мэдисон" дисциплинасында күміс жүлдегер атанды. Бұл додада спортшылар жұптасып жарыс өткізеді және жоғары деңгейдегі тактикалық шеберлік пен өзара үйлесімділікті қажет етеді. Біздің велошабандоздар шешуші сәттерде керемет шабуылдар жасап, трибунаны тәнті етті. Олар тек Жапония құрамасына жол беріп, 2-орынға тұрақтады. Үздік үштікті Bridgestone Cycling кәсіби командасы түйіндеді.

Топтық жарыста (elimination race) да қазақстандықтар жүлдесіз қалмады. Бұл ретте Илья Карабутов күміс, ал Рамис Дінмұхаметов қола медаль жеңіп алды. Мұндай жарыста спортшы әр айналым сайын жарыстан шығып қалмауға тырысады, сондықтан шапшаңдықпен қатар, шеберлік пен тактика маңызды.

Естеріңізге сала кетейік, турнирдің алғашқы жарыс күні, яғни 19-сәуірде Рамис Дінмұхаметов омниум дисциплинасы бойынша алтын, ал командалық спринтте Данияр Шаяхметов, Кирилл Кудриди, Рамазан Мұхтар күміс медаль иеленген болатын.

Hong Kong International Track Cup – Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі рейтингтік ұпайларды жинауға мүмкіндік беретін беделді дода. Қазақстан құрамасының маусымды жақсы бастауы – алда күтіп тұрған Азия чемпионаты, әлем кубогы, және 2026 жылғы Олимпиада жолдамасына күрес алдында тамаша дайындық.

Сонымен қатар, биылғы маусымда Қазақстан велоспорт федерациясы жас шабандоздарға ерекше назар аударып отыр. Велотрекшілеріміздің нәтижелері жас буынның халықаралық деңгейде бәсекелес бола алатынын дәлелдейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу