Венециандық комиссияға Қазақстандағы конституциялық реформа жайлы жіті ақпарат берілді

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова айтты.    

Венециандық комиссияға Қазақстандағы конституциялық реформа жайлы жіті ақпарат берілді Фото: t.me/consot_kz

Венециандық комиссияның 146-пленарлық сессиясының қатысушылары құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған жаңа Конституция жобасымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлбетте, бұл реформа мемлекеттің институционалдық жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

– 2026 жылғы конституциялық реформа жаңа Конституция жобасын әзірлеу арқылы іске асырылуда. Бұл жоба 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға шығарылатын болады. Реформаның негізгі мақсаты – билік тармақтары арасындағы теңгерімді жаңарту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Жаңа Конституция жобасы конституциялық құрылыстың басым құндылығы ретінде адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған, – деді Конституциялық Соттың Төрағасы.

Ол жаңа Конституция жобасын әзірлеумен және азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды қараумен айналысқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның қызметіне де тоқталды.

Эльвира Әзімованың сөзінше, жұмыс ашық және айқын процесс форматында жүргізілген, оған ұсынылған бастамаларды талдауды, сонымен қатар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кең ауқымды талқылаулар өткізуді қамтыған.

Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында Венециандық комиссияның сараптамалық қорытындылары да ескеріліп отыр.

Сонымен қатар, Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрелігі жөніндегі кіші комиссия төрағасының орынбасары ретінде кіші комиссия отырысына қатысты. Бұл лауазымға оның кандидатурасын 2025 жылғы желтоқсанда Данышпандар комитеті ұсынып, Венециандық комиссия мүшелері бірауыздан қолдаған болатын.

Кіші комиссия құрамын қалыптастыру кезінде Комитет ротация қағидатын, сондай-ақ гендерлік және географиялық теңгерімді қамтамасыз ету қағидаттарын басшылыққа алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу