Венгрияны хоккейден де жеңдік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3280

Шайбалы хоккейден Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрия хоккейшілерін жеңді.

Венгрияны хоккейден де жеңдік Фото: icehockey.kz

Будапеште шайбалы хоккейден әлем чемпионаты басталды. Бұл – бүкіләлемдік біріншіліктің 1-дивизионындағы "А" тобында бақ сынайтын командалар арасындағы дода. Бұл топта Қазақстан, Словения, Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания хоккейшілері сынға түсіп, Жоғарғы дивизионның екі жолдамасын сарапқа салады.

Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатына біршама дайындалды. Ақпанның ортасында Польшаның Катовице қаласында өткен осы EuroChallenge турниріне қатысып, топ жарды.  Одан кейін, наурыздың ортасынан бастап, Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізе бастады. Оға кеңейтілген тізімдегі хоккейшілер қатысты.

12 сәуірде ұлттық құрамамыз Италияға аттанды. Ғалым Мәмбетәлиев осы елдің Энья қаласына 27 ойыншы әкетті. Онда Қазақстан хоккейшілері Италия құрамасымен екі жолдастық кездесу өткізіп, біріншісінде 4:2 есебімен жеңіске жетіп, екіншісінде 2:4 есебімен ұтылып қалды. Бұдан кейін Венаға барып, дайындығын Аустрия құрамасымен түйіндеп, 5:0 есебімен үстемдік танытты.

Осыдан кейін төрт ойыншы елге қайтарылды. Себебі әлем чемпионатына 23 хоккейші тіркеу керек. Жоғарыдағы үш ойында шәкірттерін әбден сынап, олардың дәл қазіргі спорттық баптарына көз жеткізген бас бапкер Самат Данияр, Егор Шалапов, Кирилл Савицкий және Аркадий Шестаков сынды хоккейшілерді үйлеріне қайтарды.

Ал кеше кешкісін 1-дивизионның "А" тобындағы әлем чемпионаты басталды. Қазақстан хоккейшілері Венгрия құрамасымен кездесті. Бұл ойын өте тартысты өтті. Қорғанысы мықты айдын иелері тайталасып бақты. Тіпті соққы бағыттау жағынан біздің құрамадан да асып түсті (11:8 және 12:7). Әйтсе де, бірінші және екінші кезеңдерде гол соғылған жоқ.

Үшінші кезеңнің басында біздің құрама гол соғып еді, Венгрия хоккейшілері жиі қателесіп, жүйкелері сыр бере бастады. Мұны біздің жігіттер бос жіберсін бе? Тағы екі гол соғып, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Біздің қақпаны бірінші рет Швеция қақпашысы, Қазақстан азаматтығын алған Хенрик Карлссон қорғады. Ол айдын иелерінің 28 соққысын түгелдей тойтарды.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Будапеште Венгрия құрамасын 3:0 есебімен жеңді. Естеріңізде ме, 23 наурыз күні футболдан еліміздің ұлттық құрамасы да мадияр бауырларымыздың футболшыларын осы елдің астанасында 3:2 есебімен ұтып кетіп еді ғой. Енді, міне хоккейшілеріміз де басымдық танытып отыр.

Әлем чемпионаты. 1-дивизион, "А" тобы. Бірінші күн

Ұлыбритания – Словения – 3:1

Италия – Польша – 3:1

Қазақстан – Венгрия – 3:0 (0:0, 0:0, 3:0)

Голдар: Орехов (Гренц), 43:38. Рымарев (Старченко), 44:35. Рымарев (Семёнов), 47:42 – артық құрамда.

Қазақстан: Хенрик Карллсон; Кевин Даллмэн – Максим Семёнов, Роман Старченко – Иван Кучин – Евгений Рымарев; Артемий Лакиза – Леонид Метальников, Никита Михайлис – Дмитрий Гренц – Ярослав Евдокимов; Кирилл Полохов – Валерий Орехов, Антон Сагадеев – Владимир Маркелов – Павел Акользин; Мадияр Ибрайбеков – Максим Волков, Әлихан Әсетов – Дмитрий Гурков – Егор Петухов.
Екінші қақпашы – Дмитрий Мальгин. Қосалқы қақпашы – Сергей Кудрявцев.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу