Ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі

260

Салада бақылау күшейеді.

Ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі Фото: ЖИ

Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құрылтай депутаты Серік Егізбаевтың сөзінше, құжаттағы бағыттардың бірі – ветеринария саласын цифрландыруға қатысты. 

"Орны ауыстырылатын объектілердің қадағалануын қамтамасыз ету, есепке алу мен есептілікті жетілдіру, сондай-ақ ветеринариялық қызметті автоматтандыру мақсатында ветеринария саласында цифрлық жүйені құрудың және оның жұмыс істеуінің негізгі бағыттары бекітіледі. Жүйеде ветеринария саласындағы субъектілер мен объектілер, жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, ветеринариялық қызмет ісінің өзге де бағыттары туралы мәліметтер қамтылады", – деді депутат.

Сонымен қатар ветеринариялық-санитариялық бақылау күшейіп, тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жіті көңіл бөлінеді.

"Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізетін сауда объектілерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды тұрақты негізде жүргізу ұсынылады. Сондай-ақ ұйымдасқан шаруашылықтарға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді өз қаражаты есебінен жүргізу көзделеді. Ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз ету және жануарлар басын есепке алудың дұрыстығын арттыру жөнінде уақтылы шаралар қабылдау мақсатында жеке және заңды тұлғалардың жануарларды өткізу және сою туралы, сондай-ақ оларды сәйкестендіру бұйымдарының жоғалғаны немесе бүлінгені туралы хабарлау мерзімдерін сақтау жөніндегі міндеттері белгіленеді", – деді Серік Егізбаев.

Оның айтуынша, заң жобасының ережелерін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, бұған дейін елімізде ветеринар мамандардың жалақысы өсетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу