Вьетнам мемлекетінің атауы екі сөзден құралған: Việt дегені – мемлекетқұраушы ұлтты, яғни, вьеттерді, ал, Nam – оңтүстік дегенді білдіреді. Тиісінше, елдің атауы "оңтүстік вьеттер" деп аударылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге мемлекеттік сапармен осы елдің көшбасшысы келіп кетті. Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам елімізде 6-7 мамырда, екі күн бойы болып, келіссөздер жүргізді.
То Лам Ақордадағы ресми кездесулер сыртында, кеше Жеңістің 80 жылдығына арналған Астанадағы әскери парадты және гала-концертті ел Президентімен бірге тамашалаған биік мәртебелі шетелдік жалғыз мейман болды.
Сондай-ақ, Лам мырза қазақ халқының мәдени мұрасын таныстыратын көрмеге барды, қазақтың тарихымен, мәдениетімен, рухани құндылықтарымен танысты. Ол ұлттық киім үлгілері, қолөнері, әдет-ғұрпы мен саятшылық дәстүрі, музыкалық аспаптары, кескіндемесі және халық ойындары көрсетілген бірнеше тақырыптық аймақты тамашалады. Дала өркениетінің ерекшеліктеріне қанықты.
Вьетнам лидері қазақтың байырғы дәстүрін ұлықтап, "Этноауылда" қазақ баласының тұсауын кесті, қолына алып, басынан биік көтеріп, оның өмірлік жолы ашық болуына тілектестік білдірді. Әлемдегі орта державалардың мықтысының бірі саналатын еңселі мемлекеттің көшбасшысының тұлғалық қасиеті, жеңісті жолы ұлы дала ұланына жұғысты болсын.
Мысалы, Вьетнам өз алдына "әлемдегі елдердің жаһандық ТОП-25-іне" кіруді көздейтін стратегиялық мақсат қойып отыр. Оған жететініне сенімді, өйткені басқаны айтпағанда, АҚШ пен Еуропаның әртүрлі салалардағы алпауыт компаниялары, техногиганттар өз зауыт-кәсіпорындарын Қытай мен Үндістаннан әкетіп, Вьетнамға көшіруде.
Қазақстан Президенті келіссөздер барысында Вьетнамның әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Қос мемлекет басшылығы елдердің өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтуға уағдаласты. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мәмілелесті.
Айтпақшы, То Лам Қазақ еліне Америка-Вьетнам арасындағы қарулы қақтығыстың аяқталғанына тура 50 жыл толған кезде сапарлап отыр. Демек, Ұлы Отан соғысының аяқталуының 80 жылдығы датасы олар үшін жақын әрі түсінікті болса керек.
Вьетнамды, Лаосты және Камбоджаны қамтыған қанды қырғын 1955 жылы басталып, 1975 жылға дейін созылған. Осы орайда әлемдік ақпарат құралдары "Вьет жолбарысының" әлі күнге жазылмаған жарасы бар екенін еске салады. Соғыстың тәмамдалғанына тура жарты ғасыр өтсе де, Вьетнам "Agent Orange" "химиялық қаруын" қолданудың салдарларымен әлі күнге күресуде.
"Бүгінде Вьетнамда шамамен 3 миллион адам, соның ішінде көптеген бала Agent Orange әсерінен денсаулығына келген салмақты нұқсаннан зардап шегеді. Agent Orange – 60-70-ші жылдары, соғыс барысында АҚШ әскерилері қолданған аса улы дефолиант. 50 жыл бұрынғы Вьетнам соғысы, қатыгез әрі күйретуші қақтығыс коммунистік Солтүстік Вьетнам күштерінің соққысы нәтижесінде америкалық күштер қолындағы Сайгонның құлауымен аяқталды. Алайда қазіргі күнге дейін миллиондаған вьетнамдық сол бұрынғыдай, күн сайын соғыстың ажал сепкен салдарларын бастан өткеруде", – деп мәлім етті Euronews.
Еуропалық телеарна америкалық әскерлердің соғыс кезінде Вьетнам үстінен шамамен 72 миллион литр дефолиант шашқанын хабарлады. Осы арқылы америкалықтар Солтүстік Вьетнам әскерилері қалқан етіп, жасырынған жасыл желекті, джунглиді қуратпақшы болған.
Көктен себілген удың жартысынан астамын Agent Orange деген кодты атауы бар жоғары залалды дефолиант құрады. Бұл гербицидтердің қоспасы болатын. Кейін анықталғандай, бұл химикат жүктілік кезінде ұрықтың дамуына жойқын соққы береді, жаңа туған бөбектердің денсаулығымен байланысты салмақты проблемалар туындатады.
Зардап шеккендердің бірі, 34 жасар Нгуен Тхань Хай. Күртені түймелеу, қаламмен жазу, әріптерден сөз құрап оқу немесе қарапайым сөздерден сөйлем құрастыру сияқты өзгелер үшін үйреншікті, күнделікті міндеттер Хай үшін үлкен қиындық тудырады.
Хай Дананг қаласында туып-өсті. Бұл шаһарда америкалық авиабаза орналасқаны белгілі. Дәл сол базада Agent Orange қоймасы болған.
"Ол удың залалы ондаған жылдар бойы қаз-қалпында сақталып, азық-түлік пен су көздерін ластады. Оның Вьетнам тұрғындарына теріс ықпалы екінші, үшінші, бәлкім, төртінші ұрпақта жалғасады. Салдарларының арасында туабітті дефектілер, ауыр мүгедектік, физикалық және психикалық ауытқушылықтар кездеседі", – дейді "Жаулықтан серіктестікке дейін: Вьетнам, АҚШ және Agent Orange" кітабының теңавторы Чарльз Бейли.
Agent Orange дефолианты диоксиннен – дүниежүзіндегі ең бір қауіпті канцерогеннен тұрады. Оның қоршаған ортаға зияны да өте ұзақ сақталады.
Вьетнам билігі бірнеше онжылдықтар бойы ел аумағын соғыстың улы мұрасынан тазалаумен айналысуда. Құрама Штаттар бұл істе оған 2000 жылдардың ортасынан көмектесе бастады. Оған дейін әлемдік №1 держава Agent Orange қолдануының зардаптарына қатысты қаптаған ғылыми дәлелдерді ұзақ уақыт бойы елемеуге тырысты.
Алайда осы көмекке енді қауіп төніп тұр. Өйткені Американың жәрдемі USAID (АҚШ халықаралық даму агенттігі) арқылы ұсынылып келген. Трамп әкімшілігі оның шығыстарын жеріне жеткізе қысқартып тастады.
Бұл Вьетнамның миллиондаған тұрғындарының алаңдаушылығын туғызды. Себебі, диоксиннің ондаған ошағы елдің 63 провинциясының 59-інің жерін ластауын жалғастыруда.
Қазақстандық туристер арасында танымал Данангте Agent Orange-ді сақтау және тасымалдау кезінде әсіресе, америкалық база аумағы қатты ластанған. Бұл туралы да "Еуроньюс" хабарлады.
АҚШ бұл қала аумағын тазартуға 2018 жылы шамамен 106 миллион доллар шығындады. Алайда он футбол алаңына тең территория химикаттан адаланбаған күйде жатыр.
"Agent Orange-ды қолданумен байланысты апат 4 миллиондай вьетнамдыққа тауқымет пен азап әкелді. Біз АҚШ үкіметі және осы улы химикатты өндірушілер жауапкершілік арқалауға және зардап шегушілерге қолдау көрсетуге тиіс деп санаймыз!" – деді Данангтағы Agent Orange құрбандары қауымдастығының төрағасы Нгуен Ван Ань.
Вьетнамдағы соғыстың ардагері, америкалық Чак Сирси 1995 жылдан бері осы елдегі гуманитарлық бағдарламаларда жұмыс істейді.
"Екі ел арасында сенімді қалыптастыруға ондаған жылдар жұмсалды. Енді осы сенім тез күйрейтін түрі бар. Америка қаржыландыратын жобалар соғыстың салдарларын жоюға бағытталып келді және "бейкүнә құрбандар" деп аталған бейбіт тұрғындарға берілетін. Олар қатарынан екі рет құрбан етіліп отыр: бастапқыда соғыстан және оның салдарларынан зардап шекті. Ал, енді оларды АҚШ қолдаудан айырып, тағы жазалап жатыр", – деп атап өтті Сирси.
Американың химикаттарды ел үстінен аяусыз шашуының басқа да салдарлары жетерлік. Вьетнам атақты мангр (немесе мангроув – mangrove) ағаштарының жартысынан астамынан айрылып қалды. Олар ғасырлар бойы елдің жағалауларын теңіз дауылдарынан қорғап келген еді. Көптеген жағалау және ондағы елді мекендер қорғансыз қалды.
Сондай-ақ "заһарлы" химикат тропикалық ормандарға үлкен залал келтірумен шектелмей, қазіргі климаттық кризис аясында ең бір осал өңірде орналасқан елдің топырағындағы құнарлы заттардың қорын тауысты.
Бұл елге саяхаттаған қазақстандықтар байқаған болар: ауыл шаруашылығы дақылдарының көбін вьетнамдықтар негізінен шет-шегі көрінбейтін жылыжайлар желісінде өсіреді.
Бүгінде Вьетнам әрбір отбасының тарихын архивтік құжаттармен салғастырып, сондай-ақ денсаулығының көптеген проблемасы бар адамдардың нақты тұратын елді мекені туралы деректерді зерделеп, Agent Orange құрбандарын тауып жатыр. Өйткені бұл удың салдарлары бірнеше ұрпаққа, немере-шөберелерге дейін беріледі деп саналады.
Бұл нәубет-тақсыреттің заңдық емес, әзірге тек рухани-адамгершілік жауапкершілігін тарих енді Трамп билігіне жүктесе керек.