Вьетнамда сыйымдылығы 135 мың адамдық алып стадионның құрылысы жүріп жатыр. Жоба толыққанды жүзеге асса, бұл спорт нысаны әлемдегі ең ірі стадиондардың ішінде екінші орынға шығады. Қазіргі таңда Халықаралық Олимпиада комитетінің дерегіне сәйкес, ең үлкен стадион Солтүстік Кореядағы 150 мың адам сыятын "1 мамыр стадионы".
Ханой қаласында салынып жатқан жаңа арена "Тронг Донг" (Trong Dong) деп аталады. Ол ауқымды Олимпиадалық спорт кешенінің негізгі бөлігі болмақ. Vietnam Express басылымының хабарлауынша, жобаның басты мақсаты – болашақта Азия ойындарын, тіпті Олимпиада ойындарын өткізу.
Жоспарға сәйкес, негізгі стадион 2030 жылға дейін пайдалануға беріледі. Ал кешенге кіретін өзге нысандардың құрылысы 2035 жылға қарай аяқталады. Жобаның жалпы құны шамамен 38 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Стадионның сәулеттік келбеті Вьетнам мәдениетінің көне символдарының бірі – донг сон барабандарынан шабыт алған. Бұл ұлттық мұраны заманауи архитектурамен ұштастырған ерекше шешім ретінде бағалануда.
"Trong Dong" стадионы тек ұлттық деңгейдегі матчтар үшін емес, әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды қабылдауға лайықталып салынуда. Кешен инфрақұрылымының жобасы халықаралық спорт федерациялары мен ірі турнир ұйымдастырушыларының талаптарына сай әзірленген.