Вице-министр "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы алдындағы дүрлігудің себебін түсіндірді

134

Министрлік ұйымдастырған кездесуде спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі мен көрермендерге қолайсыздықтар мәселесі талқыланды.   

Вице-министр "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы алдындағы дүрлігудің себебін түсіндірді Фото: championat.com

Мәдениет және спорт министрлігі Алматыдағы Орталық стадионда 2025 жылғы 30 қыркүйекте өткен "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы Чемпиондар лигасы ойыны кезінде туындаған жағдайға байланысты ресми түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Әсіресе, "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойынына билет алып, бірақ стадионға кіре алмаған жанкүйерлердің жағдайы мысал ретінде келтірілді.

Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, матч алдындағы келеңсіздіктердің нақты себептері бар, алайда бұл проблемалар болашақта шешімін табады.

– "Реал Мадрид" секілді әлемдік деңгейдегі клубтың Алматыға келуі – үлкен оқиға. Мұндай командалар миллиондаған көрерменнің назарында болады. Ал қаладағы 20 мың орындық стадион мұндай қызығушылыққа сай емес. Сондықтан халықаралық матчтарды өткізу үшін инфрақұрылым да соған лайық болуы тиіс, – деді Жарасбаев.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 10 жаңа стадионның құрылысы басталғанын атап өтті. Солардың бірі – Қызылордада салынып жатқан, УЕФА талаптарына сай 12 мың көрерменге арналған арена. Ал Алматыда 35 мың орындық жаңа стадион салу жобасы жүзеге асып жатыр.

– Егер "Реал Мадрид" тағы келсе, енді оларды жаңа үлкен стадионда қарсы аламыз, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол алматылық футболшылардың нәтижесіне жоғары баға беріп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығудың өзіне үлкен жетістік ретінде қарау керегін айтты.

Бұған дейін матчқа билет сатып алған 207 жанкүйер стадионға кіре алмай қалғаны хабарланған еді. Осыған байланысты қалалық полиция тексеру жүргізіп жатыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те бұл жағдайға пікір білдіріп, билеттерді заңсыз қайта сату деректері бойынша барлық шағым мұқият тексерілетінін және тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу