Вице-министр тергеліп жатыр

2531

Бірінші басшыларға құқық бұзушылыққа бейім қызметкерлерден алдын ала құтылу қажет.

Вице-министр тергеліп жатыр Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімімен биылғы жылдың 2 тамызына дейін қамауға алынған күдікті, білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның үстінен бірнеше факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарованың баяндауынша, қазір күдіктіні ұлттық бюро тергеп жатыр.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросымен білім және ғылым вице-министріне қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот санкциясымен білім және ғылым вице-министріне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді кінәсінің дәрежесіне қарай сот шығарады", – деді ресми өкіл.

Жанна Бастарованың сөзінше, вице-министрге ҚР қылмыстық кодексінің 361, 364 және 366 - баптары бойынша айып тағылған.

Басқосу барысында ресми өкіл Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы 3 млн теңге парамен ұсталғанын жариялады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Павлодар облыстық департаменті  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Оған облыстың медициналық мекемелеріне залалсыздандыру жабдықтарын сатып алу жүргізу барысында басымдық көрсету үшін жеке компания басшысынан 3 млн теңге пара алды деген күдік тағылды", – деді Жанна Бастарова.

Бұдан кейін ол Қорғалжын ауданы прокуроры тергеліп жатқанын жеткізді.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР бас прокуратурасы ішкі тергеу департаментімен бірлесіп, Ақмола облысы Қорғалжын ауданы прокурорының қамқорлығы үшін мемлекеттік мекеменің басшысынан 5 млн теңге пара алу фактісін анықтады. Тергеу жалғасып жатыр", – деді Жанна Бастарова.

Отырыста мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов сөз сөйледі. Ол қарамағындағы қызметкері пара алған бірінші басшы отставкаға өтініш беруге тиіс екенін мәлімдеді.

"Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті осындай тапсырма берді. Енді оны "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға енгіземіз. Қазіргі таңда бізде бір заң жобасы бар, ол Парламентте. Соның аясында осындай норма енгіземіз. Норма заңға енсе, жұмыстан кету міндетті болады. Егер орынбасары ұсталса, онда министр отставкаға өтініш беруге тиіс екенін Президент айтты. Ал оның отставкасының қабылдануы, не қабылданбауы ел Президентінің құзіретінде. Бұған қатысты шешімді мемлекет басшысы қабылдайды.

Саяси мемлекеттік қызметте жүрген адам мансап жолының тосыннан үзілуі мүмкін екеніне барлық уақытта дайын болуға тиіс. Мұндай жайт орын алмауы үшін бағынышты қызметкерлеріне дұрыс қарауы қажет. Олардың тек жұмыс уақытында ғана емес, одан тыс уақытта да немен айналысатынын білуі керек. Егер, қызметкері құқық бұзушылыққа бейім болса, онда одан алдын ала құтылу қажет", – деді агенттігі төрағасының орынбасары.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу