Виктория Сазанова: "Әрбір ойыншы командалық жаттығулардан басқа өз бетінше дамуы керек"

814

Нидерландыда хоккейден жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. 

Виктория Сазанова: "Әрбір ойыншы командалық жаттығулардан басқа өз бетінше дамуы керек" Фото: olympic.kz

Қазақстан құрамасы бесінші орынға ие болып, IIA дивизионындағы орнын сақтап қалды. Осы орайда әйелдер құрамасының бас менеджері Виктория Сазонова әлем чемпионатын қорытындылады.

– Виктория, алдымен әлем чемпионатын қорытындыласақ. Дайындық тыңғылықты болды. Бесінші орын сіз күткен нәтиже ме?

– Біз дайындықты расымен де тиянақты өткіздік. Былтыр II В дивизионында жеңіске жету арқылы рейтингте көтеріліп қана қоймай, сонымен қатар жоғары деңгейде өнер көрсету құқығына ие болдық. Бұл бізге оңай емес екенін және бұдан былай ойыншылардың жеке қасиеттеріне ғана сенім артуға болмайтынын білеміз. Сондай-ақ, басқа командалар дайындалған кезде ойыншыларды жүлделі орындарға дайындайды. Бірақ бұл жерде қазіргі дивизиондағы 5-орын команданың алға жылжып келе жатқанының дәлелі екенін түсіну керек. Әрине, бір дивизионнан екінші дивизионға өту – мұның барплығы қажырлы еңбек. Өткен жылы төмендегі дивизионда бірінші орын алсақ, биыл бәсекеге қабілетті командаға айналдық.

– Барлығы Ұлыбританиямен өткен матчтан басталды. 0:4 есебімен жеңіліп қалдық. Қарсыластарымыз деңгейі жағынан соншалықты жоғары болды ма?

– Ұлыбритания командасы осы дивизионның көшбасшысы, олар 1-дивизиондағы орын үшін күресуге келді. Команда тамаша, 3 бірдей сапта ойнайды.

– Сондай-ақ, Латвияға қарсы матч салыстырмалы түрде тең болды. Мұнда не дұрыс болмады?

– Латвиямен кездесу шынымен де соққылар бойынша да, шабуылдар саны жағынан да тең болды. Үшінші кезеңнің өзінде екі рет шайба қарсыластардың қақпа сызығын бойлай домалап, әрі қарай өтпеді. Бұл ойында бірінші қатардағы шабуылшы Кира Крухольская жарақат алды. Содан кейін құрамды өзгертуге мәжбүр болдық.

– Команда құрамы туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Ойыншылардың жасы 15 пен 17 жас аралығында. Тәжірибе мен шеберлік жетіспеді ме? Команданың орташа жасының бәсекелестермен салыстырғанда айырмашылығы болды ма?

– Мәселе ойыншылардың тәжірибесі мен шеберлігінде емес. Біздің спортшылар нағыз жауынгерлік рух көрсетті. Бүгінгі таңда бізде басқа елдермен салыстырғанда осы жастағы үміткерлер өте аз және соның салдарынан бәсекелестік төмен. Ресми деректер бойынша Латвияда хоккеймен айналысатын әйелдер саны – 223, Нидерландыда – 362, Қытайда – 822, Түркияда – 435, Ұлыбританияда – 864, Қазақстанда – 173. Бұл көрсеткішке жасы ұлғайған жасөспірімдер, яғни 15-18 жас және ересектер де кіреді.

– Бір жылдан кейін 2006 жылы туған төрт ойыншы командадан кетеді. Осы тәжірибе олардың алдағы ойынына қалай әсер етеді?

– Жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен ойыншылар өте жақсы бабында. Олар негізгі құрамға қосылады деп сенемін. Ашығын айтқанда, оларсыз жастар құрамасына оңай соқпайды. Полина Яковлева жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, қорғаушылар арасында үздік бомбардир атанды. Дарья Хохлова – арқа сүйейтін қорғаушы. Шолпан Тоққожа мен Анастасия Филимонова үш әлем чемпионатына қатысқан тәжірибелі шабуылшылар.

– Турнир қожайындары үшін біздің құрамаға қарсы кездесу тартысқа айналды. Бұл фактор олар үшін қосымша мотивация бола алды ма?

– Бұл матч біздің де, олардың да есінде ұзақ сақталады. Қола медальдар үшін күресте біздің құрамадағы жеңіс шешуші болды. Қалай болғанда да, жеңіс маңызды еді. Иә, Латвиядан жеңілгеннен кейін медальдар үшін таласпадық. Бірақ қыздарымыз лайықты ойын көрсетті. Бірінші кезең 0:3 есебімен сәтсіз аяқталса, екінші кезеңде бастаманы қолға алып, есепті теңестірді – 4:4. Менің ойымша, бізге турнир қожайындарын жеңуге мүмкіндік берулері екіталай еді.

– Азияның қыздары хоккейден мықты. Қытай құрамасы туралы айта кетсеңіз. Олар чемпион болды. Азия елдерінде әйелдер хоккейі неге дамыған деп ойлайсыз?

– Қытай құрамасы осы дивизионда өнер көрсетеді. Себебі олар жоғарғы дивизионда дисквалификацияланып, бір саты төмендеді. Пандемия басталған 2019 жылдан бері әлем чемпионатына қатыспаған екен. Ойын, шайба иелену, коньки тебу және ойыншылардың техникалық жабдықталуы бойынша үлкен айырмашылықты көрдік. Дамуға келер болсақ – оларда белсенді ойыншылар көп, бәсекелестік бар. Біз де сондай дәрежеге жетеміз деп үміттенемін.

– Қалай болғанда да құрамамыз бір жыл бұрын жеңіске жеткен топта һалғаш рет ойнады. Мұндай тәжірибе қалай әсер етеді? Қандай қорытынды жасадыңыз?

– Әрине, біздің ойыншыларымыз бен жаттықтырушыларымыз үшін қажет, маңызды және қызықты тәжірибе. Мықты әрі білікті қарсыластармен матчтарда өз күшімізді сынау мүмкіндігі болды. Әрине қорытынды жасалды. Жаөсы ойнап, алға ұмтылғымыз келсе, өзімізге талапты күшейтуіміз керек. Әрбір ойыншы командалық жаттығулардан басқа, өз бетінше дамуы керек. Мұндай қарсыластармен ойындарда жарақат алу қаупі жоғары. Сондықтан біздің ойыншылардың физикалық жағдайы жақсартуды қажет етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу