Винченцо Нибали: "Қолымнан келгеннің бәрін жасадым"

946

Әзірге "Джиро д'Италияның" жалпы есебінде эквадорлық шабандоз Ричард Карапас көш бастап тұр.

Винченцо Нибали: "Қолымнан келгеннің бәрін жасадым"

Astana Qazaqstan Team командасының көшбасшысы Винченцо Нибали "Джироның" 16-кезеңінде 9-орынға ие болып, Гранд Турдың жалпы классификациясында бесінші орынға көтерілді.

"16-кезең барлығы үшін қиын сынақ болды. Біз жарысты белсенді өткізуге тырыстық. Жігіттер тамаша жұмыс жасады. Мен сол үшін оларға алғыс айтқым келеді. Кезең барысында Bahrain командасы алға шығып, қарқын ала бастады және олар өте жоғары жылдамдықпен жүрді. Соңғы асуда қолымнан келгеннің бәрін жасадым, бар күшімді салдым. Бірақ финалда сәл ғана күшім жетпеді. Сондықтан мәре сызығына дейін өз жылдамдығыммен жүруге тырыстым. Енді келесі кезеңдердің қалай өтетінін көреміз", – деді Винченцо Нибали.

Ұзақтығы 202 шақырым болатын Салодан Априкиға дейін өткен он алтыншы кезең пелотонды қайтадан биік тауларға бастады. Демалыстың соңғы күнінен кейін пелотон жалпы биіктігі 5000 метрден асатын төрт қиын асуды бағындырды. Әйгілі Пассо-дель-Мортироло тауының етегінде Astana Qazaqstan Team толық құраммен бірге жылдамдығын арттырып, көшбасшылардың соңына түсіп, пелотонда іріктеу жүргізді.

Кейінірек, Валико ди Санта Кристина асуында фавориттер тобында бірнеше шабандоз ғана қалды. Винченцо Нибали қызғылт жейде иегерінің тобында қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ мәреге аз уақыт қалғанда топ соңында қалып қойды. Нәтижесінде, көшбасшылардан 40 секундтан кейін мәреге жетті. Соған қарамастан бұл көрсеткіш Қазақстан құрамасының капитанына жалпы есепте 5-орынға көтерілуге ​​мүмкіндік берді. Ал мәре сызығына бірнеше метр қалғанда көшбасшы топтан жекелей шабуылға шыққан чехиялық шабандоз Ян Хирт кезең жеңімпазы атанды.

Ал бүгін Понте-ди-Леньо қаласында басталған "Джиро д'Италия" велододасының он жетінші кезеңі Лавронеде мәресіне жетпек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу