Визасыз режимде шартты шектеу бар

10206

Бостандықтан айырылып, Қазақстанға депортацияланбас үшін 30 күннен кейін БАӘ аумағынан шығып кету керек.  

Визасыз режимде шартты шектеу бар

Наурыз айының 10 жұлдызынан бастап ҚР үкіметі мен БАӘ үкіметі арасындағы визасыз сапар туралы келісім күшіне енеді. Нәтижесінде Қазақстан азаматтары БАӘ-ға құжат рәсімдемей бару құқығына ие болады.

Осыған орай ҚР сыртқы істер министрлігі көпшілікке Қазақстан азаматтарының БАӘ аумағына табан тіреген кезде сақтауы тиіс талаптарды таныстырды.

Министрлік өкілдері мәлімдегендей, 2018 жылғы 10 наурыздан бастап Қазақстан азаматтары БАӘ аумағында 30 күн емін-еркін жүріп тұра алады. Яғни отандастарымыз жеті Араб мемлекетін визасыз аралау және оны кесіп өту құқығына ие болады. Ерекше атап көрсетерлігі, Қазақстан азаматтары 30 күннен кейін БАӘ аумағынан шығуы керек. Бұл талап орындалмаған жағдайда құқық бұзған адам бірінші күні 200 дирхам, одан кейінгі күндері 100 дирхам мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Визасыз режим бойынша коммерциялық мақсатта немесе жалдамалы ретінде жұмыс істеп, табыс табуға тыйым салынған. Заңның дәл осы талабын аяқасты еткен адамдар БАӘ-ның еңбек және көші-қон туралы заңына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады және бір айдан алты айға дейін бас бостандығынан айырылып, Қазақстанға депортацияланады.

Нақтылай кетейік, БАӘ аумағында жұмыс істеу үшін президенттік немесе жұмыс визасын рәсімдеу қажет.

БАӘ туристердің төлқұжатына қатаң қарайды. Шетелдіктерді өз аумағына қабылдардың алдында мұндағылар барлық деректі электрондық жүйеге енгізіп, төлқұжатқа таңба қояды. БАӘ-нің ішкі  заңнамасына сәйкес, Араб әмірліктеріне ата-анасымен баратын балалардың жеке төлқұжаты болуы керек,  себебі ата-анасының төлқұжатына жазылған балаларға шекарадан өтуге рұқсат берілмейді. ҚР азаматтары төлқұжаттарының қолданыс мерзіміндерін анық білуге, сондай-ақ БАӘ заңдары мен онда болу ережелерін сақтауы тиіс.

2017 жылғы 23 мамырда Астанада қол қойылған Қазақстан мен БАӘ арасындағы визасыз сапарлар туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға сәйкес, төлқұжат жарамдылығының аяқталу мерзімі 6 айдан кем болмауы тиіс, сондай-ақ халықаралық азаматтық авиация ұйымы талаптарына сай болуы керек.

БАӘ-ға халықаралық іздеуде жүрген адамдардан басқа барлық Қазақстан азаматтарына визасыз кіруге рұқсат етіледі және олардың БАӘ-ге дейін қандай елдерде болғаны есепке алынбайды. Кәмелетке толған, заң жүзінде өз басына жауап бере алатын ҚР әйел азаматтарына БАӘ аумағына ер адамның ертіп жүруінсіз кіруіне рұқсат беріледі.

БАӘ аумағында қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтауға байланысты кәмелетке толмаған балаларды ата-аналары ертіп жүруі тиіс. Егер кәмелетке толмаған бала ата-анасынсыз сапар шегетін болса, онда баланың ата-анасы немесе сенімді өкілі Астанадағы БАӘ елшілігінде немесе шет елдердегі БАӘ-нің кез-келген дипломатиялық өкілдіктерінде заңдастырылған сенімхат ұсынуы тиіс.

БАӘ аумағына сапар шегуді жоспарлап жүрген адамдар қосымша ақпаратты БАӘ ішкі істер министрлігінің ресми сайтынан сондай-ақ "Emirates", "Etihad" әуекомпаниялары сынды ресми тасымалдаушылардан ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен БАӘ шейхі Абдалла бен Заид әл Нахайан қазақстандықтардың БАӘ аумағына кіру мүмкіндігі туралы хаттамаға 2017 жылдың мамыр айында қол қойған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу