Власов "Альпі турының" жалпы есебі бойынша 3-орынға ие болды

1399

Италияның Рива-дель-Гарда қаласында аяқталған "Альпі турының" соңғы кезеңінен кейін қорытынды классификация бойынша Александр Власов 3-орын иеленді.

Власов "Альпі турының" жалпы есебі бойынша 3-орынға ие болды

Команданың қолдауымен Власов жалпы есепте өз позициясын сенімді қорғап қалды. Ол барлық кезеңдерден кедергісіз өтіп, жарысты жалпы есептің басқа да фавориттермен бірге негізгі топта аяқтады.

""Альпі Турын" өте жақсы өткіздім деп ойлаймын және осы бес күн маған "Джиро д'Италияға" дайындық ретінде көп нәрсе берді. Жарыс өте қиынға соқты. Әр кезеңде 100% бар күшімді салу керек болды. Бірақ дайындық тұрғысынан қарайтын болсақ, жарыстан артық ештеңе таппайсың. "Альпі турындағы" басты мақсатымыз "Джироға" дайындықты аяқтау еді. Бірақ, велододаны жеңіс тұғырында аяқтағаныма өте қуаныштымын. Бұл нәтиже мені қосымша жігерлендіреді және маусымның басталуына дейін өз мүмкіндігіме деген сенімділік сыйлады. "Джироға" екі-ақ апта қалды. Мен сол уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Маған керемет қолдау көрсетіп, осы жарыста өзін жақсы жағынан танытқан командаға ерекше алғыс айтамын", - деді Александр Власов.

Альпі турының бесінші әрі соңғы кезеңі толассыз шабуылдармен басталды. Нәтижесінде көшбасшы топ алға озып, оның құрамында Astana – Premier Tech өкілі Вадим Пронский де бар болатын. Алайда, пелотон көшбасшы топқа алысқа ұзауға мүмкіндік берген жоқ. Финалға жақын пелотон алға озған шабандоздардың барлығын дерлік қуып жетті. Алдыңғы қатарда тек үш шабандоз ғана қалды. Ал соңғы асуда шабуылға шыққан Феликс Гроссшартнер финалдық кезеңнің жеңімпазы атанды. Николас Рош пен Алессандро Де Марки ұзақ уақыт бойы пелотоннан басымдылықтарын сақтап қалып, мәреге негізгі топтан бірнеше секундқа ерте келіп, екінші және үшінші орындарға ие болды.

Пелотон шабандоздары арасында өткен спринтте Луис Леон Санчес 5-кезеңді 7-ші болып аяқтады. Одан кейін 15-болып мәреге келген Александр Власов жалпы есепте "қола" медаль иемденді.

Өкінішке орай, жарыс жолының соңғы бөлігінде Astana - Premier Tech-тың екі шабандозы - Харольд Техада мен Фабио Феллине қақтығысқа тап болды. Қуанышқа орай екі шабандоз да ауыр жарақаттардан аман қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу