Власов спорттық мансабындағы алғашқы Гранд-турын 11-болып аяқтады

1352

Власов жарысты өте жақсы өткізді. Әр таулы кезеңде жарыстың басты фавориттерімен бірге болды. Альто-де-Аньглиру шыңында мәресіне жеткен патшалық кезеңде Александр жеңіске жетуге біртабан жақын болып, нәтижесінде екінші орын иеленді. Ол сондай-ақ Альто-де-Монкальвильода 4-нәтиже көрсетті. Ла-Лагуна Негра де Винуеса шыңында 5-ші және Альто-де-ла-Фаррапонада 6-шы болды.

Власов спорттық мансабындағы алғашқы Гранд-турын 11-болып аяқтады

Александр Власов "Испания Вуэльтасының" бас классификациясын 11-болып аяқтады. Ол гастроэнтеритке байланысты "Джиро д'Италияның" екінші кезеңінен соң жарыстан кетуге мәжбүр болған. Ал бұл испаниялық суперкөпкүндік "Астана Про Тим" шабандозы үшін "Джиродан" кейінгі алғашқы толық турнир болды.

"Маған "Испания Вуэльтасы" өте ұнады! Бұл керемет Гранд-тур. Жарыс жолын жүріп өтіп, көпкүндікті аяқтағаныма өте қуаныштымын!  Денсаулығыма байланысты "Джиродан" кеткеннен кейін осында өнер көрсеткенім үшін командаға алғыс айтамын. Алғашқы Гранд-турда өте құнды тәжірибе жинадым деп айта аламын және бұл менің кәсіби жарыс жолындағы дамуымды жалғастыруға көмектесетініне сенімдімін. Мықты шабандоздармен қатарласып, жарыстың қиын шыңдарында олармен бірге болу қандай тамаша! Мұнда үлкен мақсаттармен қайта ораламын деп үміттенемін" - деді Александр Власов.

"Жалпы, біз "Испания Вуэльтасын" қалай өткізгенімізге және осы жерде қол жеткізген нәтижелерімізге көңіліміз толады. Александр дебют жасады, бізді таң қалдырды. Әр тауда ең мықты фавориттердің қасында болып, шабуылдап, жеңіс үшін күресті. Жарыстың басында ол әлі аурудан айыға қоймаған. Сондықтан Александр "Вуэльтаны" стрессіз және үш апталық жарыстан жақсы тәжірибе жинау мақсатымен бастады. Алған тәжірибесінің арқасында Власовтың әлдеқайда мықты болатынына сенімдімін. Сонымен қатар, Испанияда өнер көрсеткен командамызға өте ризамын және мақтан тұтамын. Бізде өте жақсы шабандоздар тобы болды. Олар бірге жұмыс істеді. Бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектесті. Нәтижесінде біз өте жақсы өнер көрсеттік. Кезеңдердің бірінде жеңіске жеттік. Үш рет жеңіске біртабан жақын болдық. Сондай-ақ біз бірнеше рет үздік ондық қатарына ендік. Жалпы есепте үздік он шабандоз қатарынан табылмағанымыз өкінішті. Бірақ тұтастай алғанда бұл керемет "Вуэльта" болды. Осындай таңғажайып және қиын маусымды аяқтадық. Шынында да, биылғы жыл бәріне қиын болды. Бірақ біздің команда бұл кезеңнен де өтті. Барлық қиындықтарға қарамастан біз маусымды жақсы аяқтап, бірқатар ірі жеңістерге қол жеткіздік. Үш Гранд-турды өткіздік және бұл бүкіл велоспорт әлемі үшін маңызды болды. Біздің басты серіктесіміз - "Самұрық-Қазына" мен Premier Tech-ке, сондай-ақ барлық демеушілеріміз бен серіктестерімізге жыл бойы бізге үлкен қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

"Испания Вуэльтасы" Мадрид көшелерінде 18-ші кезеңмен (139,6 шақырым) мәресіне жетті. Жарыс жаппай спринтпен аяқталып, кезеңде Паскаль Акерманн жеңімпаз атанды.

Словениялық велошабандоз Примож Роглич жалпы есепте "Испания Вуэльтасын" қатарынан екінші рет жеңіп алды. Ричард Карапас көпкүндікті екінші болып аяқтаса, ал Хью Карти үздік үштік қатарынан табылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу