Власов жалпы есепте 2-орынды сақтап қалды

1059

Қазақстандық-канадалық Astana - Premier Tech велоклубының капитаны Александр Власов бейсенбі күні "Джиро д'Италия - 2021" Гранд турының алғашқы 200 шақырымдық сайсында 28-ші болып мәреге келіп, жалпы есепте екінші орынды сақтап қалды.

Власов жалпы есепте 2-орынды сақтап қалды

Сиена мен Баньо-ди-Романья арасындағы 212 шақырымдық жарыс жолы "Джироның" көптеген қатысушылары үшін соңғы сайыс күні болды. Себебі 12-кезеңде алты шабандоз жарысты жалғастырудан бас тартты. Israel Start Up Nation командасының италиялық велошабандозы Алессандро Де Марки кезең басталған соң 27 шақырымнан кейін көшбасшы топ құру барысында құлап, жарыстан жедел жәрдем көлігімен кетті.

Israel Start Up Nation командасы хабарлағандай, Де Маркстің алты қабырғасы және бірінші және екінші омыртқалары сынған. Жарыс жолынан шыққаннан бірнеше сағат өткен соң италиялық шабандоз ауруханадан келген командаластары арқылы өзінің "жақсы" екенін жеткізді. Бірақ көптеген жарақаттармен енді ол "Джироны" жалғастыра алмайтын болды.

12-ші кезең алдында бас классификацияда 11-ші болған испаниялық велошабандоз, Movistar командасының өкілі Марк Солер кезең бастала салысымен жарақат алды. Бірақ дәрігерлердің көмегіне жүгінгеннен кейін жарыс жолына қайта оралуға тырысты. Бірақ 60 шақырымнан кейін сайысты аяқтауға мәжбүр болды. Movistar командасы рентгендік зерттеулер мен тексерулер нәтижесі бойынша Солердің сынықтары жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ оның кеудесінің сол жағы қатты көгергенін айтты. Қуанышқа орай, бұл тыныс алудың қиындауына әкелмеді. Содан кейін Lotto Soudal командасының өкілі 25 жастағы бельгиялық Кобе Гооссенстің де жарыс жолынан шыққаны туралы белгілі болды. Ол құлау кезінде оң қолын жарақаттады. Осылайша түрлі жарақаттармен алты шабандоз жарыстан шығып қалды.

12-кезеңде көшбасшы топ сайыс басталған соң 65 шақырымнан кейін ғана құрылды. Шабандоздар теңіз деңгейінен 3700 метр биіктікте, ұзақтығы 212 шақырым болатын жарыс жолын бағындырды. Бұл спортшылар үшін нағыз сынақ болды. Алға озған 14 шабандоздан финалға таяу тек төртеуі ғана қалды. Мәреге үш шақырым қалғанда DSM командасының өкілі 26 жасар аустралиялық Крис Хэмильтон әріптестерін артқа тастап, көш бастады. Дегенмен финалдық шақырымдарда Вендраме жылдамдығын арттырып, Хэмильтонды басып озып, спорттық мансабында алғаш рет Гранд-турдың кезеңінде жеңіске жетті.

Вендраме мен Хэмильтоннан кейін үшінші орын үшін Джанлука Брамбилла (Trek-Segafredo) мен Джордж Беннетт (Jumbo-Visma) таласқа түсті. Нәтижесінде Брамбилла мәре сызығын үшінші болып кесті. Алайда жарыс тәртібін бұзғандықтан 4-орынға түсіп қалды. Astana – Premier Tech шабандоздары жеңімпаздан  10 минут 14 секундтан кейін келіп, Луис Леон Санчес 18-нәтиже, Власов 28-нәтиже, Вадим Пронский 31-нәтиже көрсетті.

Колумбиялық Эган Берналь (Ineos Grenadiers) көшбасшының қызғылт жейдесін сақтап қалса, Власов жалпы есепте 2-орында келеді. Bahrain Victorious командасының өкілі Дамиано Карузо 3-сатыға жайғасты. Ал командалық есепте Astana – Premier Tech 8-орынға көтерілді.

Бүгін, 21-мамыр "Джироның" 13-кезеңі өтеді. Равенна мен Верона аралығында өтетін кезеңнің ұзақтығы 198 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу