Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды

983

Енді волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасын сербиялық маман Дарко Добресков жаттықтыратын болды.

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды

15 маусымда Петропавлда Қазақстан әйелдер құрамасының алғашқы оқу-жаттығу жиыны басталады. Оған дейін Добресков міндетіне кіріседі. Сербиялық бапкермен келісім-шарт 2023 жылдың қазан айының соңына дейін жасалған.

"Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ең жақсы нәтижеге жету үшін бар күшімді саламын. Біз жаңа жаттықтырушылар құрамын жасақтадық. Ұлттық құрама жас әрі тәжірибелі ойыншылардан құралатын болады. Ең алдымен ұжымда жақсы қарым-қатынас пен жұмыс атмосферасын құру керек. Сондай-ақ менің міндетім – командадағы әрбір ойыншыны алға жылжыту. Бізді алда көп жұмыс күтіп тұр. Үш маңызды халықаралық турнирге қатысамыз. Бар күшімізді салып дайындаламыз. Өйткені әрбір ойын біз үшін маңызды. Ұлттық құрамамен жұмыс біткен соң, "Қуанышты" жаттықтыруды жалғастырамын", – дейді волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының жаңа бапкері Дарко Добресков.

Добресковтың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы үш халықаралық турнирге – FIVB Challenge Cup (27-31 шілдеде Задар, Хорватия), Азия кубогі (21-28 тамыз, Манила, Филиппин) және әлем чемпионатына (23 қыркүйекте Нидерланды мен Польшада) қатысады. Сондай-ақ сербиялық бапкермен бірге волейболшыларымыз 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысуға дайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың сәуір айында Дарко Добресковтың "Қуаныш" командасындағы шәкірттері клубтар арасындағы Азия чемпионатының алтын жүлдегерлері атанды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу