Германияның Volkswagen автоконцерні шығындарды қысқартуға бағытталған қатаң үнемдеу жоспарын әзірлеуде. Компания әлем бойынша 657 мың қызметкердің кемінде 100 мыңға жуығын қысқартуы мүмкін. Сондай-ақ Германиядағы Эмден, Ганновер, Цвиккау қалаларындағы зауыттар мен Неккарзульмдегі Audi өндіріс алаңдары жаңа модельдер шығарудан айырылуы ықтимал, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.
Эмден мен Цвиккаудағы зауыттар 2031 жылға қарай іс жүзінде бос қалуы мүмкін. Себебі жаңа модельдердің өндірісін Чехия мен Словакияға көшіру жоспарланып отыр. Ал Ганновер зауыты 2032 жылдан кейін жаңа жобасыз қалуы ықтимал, оны Польшадағы Познань қаласындағы кәсіпорынға беру көзделген. Неккарзульмдегі зауытқа да қауіп төніп тұр. 2034 жылдан бастап Audi A8 моделінің ізбасарын осы жерде емес, Лейпцигте шығару жоспары қарастырылуда.
Мұндай шешімдердің негізгі себебі – Германиядағы өндіріс шығындарының жоғары болуы және өндірістік қуаттардың артықтығы. Volkswagen Еуропада нарық сұранысынан шамамен 500 мың көлік артық шығарады.
Дегенмен зауыттардың жағдайды өзгертуге мүмкіндігі бар. Егер олар 2027 жылдың маусымына дейін шығындарын едәуір қысқартса, концерн балама шешімдерді қарастыруға дайын.
Ал Германиядағы IG Metall кәсіподағы бұл жоспарларға қарсы шығатынын мәлімдеді.
"Егер мұндай жоспарлар жүзеге асырыла бастаса, біз оларға бар күшімізбен қарсылық көрсетеміз", – деді кәсіподақ төрайымы Кристиане Беннер BILD басылымына берген сұхбатында.