Волонтер деп кімді айта аламыз?

2366

Елімізде 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін волонтерлік ұйым немесе еріктілер саны туралы нақты статистика жоқ. Пандемия кезінде 1 млн-ға жуық адам волонтерлік көмек көрсетуге ынтасын білдірген екен. 

Волонтер деп кімді айта аламыз?

Елімізде волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдар мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң 4 қыркүйектен бастап күшіне енеді, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің өкілі Мадияр Қожахмет елде 200 мыңдай волонтер бар деп атап өтті.  

"Арнайы статистика жоқ. Біз жұмыс істейтін осы 200 мыңдай адам өздерін волонтер деп санап, солармен іс-шараларды өткізуге тырысамыз. Біреуі 1 сағат жұмыс істеп, өзін волонтер деп есептейді. Басқасы жылдар бойы осы салада жұмыс істеп, волонтер деп есептейді. 2019 жылы волонтерлерге, осы студенттерге 30 пайыздық қосымша үстемақы төлеу мәселесі айтылған болатын. Сол кезде qazvolunteer.kz деген арнайы портал құрылып, ресми тіркеу процесі жасалған. Қазіргі таңда 40 мыңнан астам адам осы сайтта тіркелген. Бұл порталдан өткен адамдар үстемақыға өтініш бере алады. Сол сайт арқылы біз кәсіби емес, бірақ тұрақты түрде волонтерлік қызметпен айналысатын адамдарды айта аламыз", – деді Мадияр Қожахмет.

Волонтерлік қызмет туралы Заң елімізде 2016 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған. Оған сәйкес әр министрлік өзінің саласына байланысты еріктілер туралы ақпарат жинауы тиіс болған. ҚР Мәжіліс депутаты Вера Кимнің айтуы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен басқа ешкім мұндай есепті жүргізбеген. Бұдан былай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі уәкілетті орган ретінде бекітіліп, волонтерлік қызметтің базасын жүргізетін болады. 2024 жылға қарай оны біртіндеп дамыту жоспары тұр. Депутат бұл бағытта жұмыстардың біртіндеп жүргізіліп жатқанын атап өтті.  

Заңға еріктілер бастамаларын дамыту және қолдау, жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру секілді тармақтар қосылған. Бұдан бөлек қайырымдылық ұйымының немесе осы көмекке мұқтаж адамдардың пайдасына қаражат жинауды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың қызметі бір жүйеге келтірілген. Мұндай қызмет волонтерлік ұйым мен волонтер, волонтер және көмекке мұқтаж жеке тұлғаның арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт негізінде ғана жүзеге асырылмақ. Қайырымдылық волонтерінің жасы 18 жастан кем болмауы керек. Сонымен қатар волонтерлік қызмет, қайырымдылық волонтері сияқты ұғымдар нақтыланды. 

"Қайырымдылық саласын ынталандыру тұрғысынан өз тарапымнан заңға кейбір жаңалықтар қосылғанын айта аламын. Мысалы, қайырымдылықпен айналысатын волонтерлік ұйымдар мемлекет тарапынан коммуналдық мүлік түрінде қолдау ала алады. Егер ұйым қандай да бір заттарды жинаумен айналысатын болса, әкімдіктен өтініш арқылы қоймаға арналған үй-жай сұрай алады. Десек те оның арнайы критерийлері бар. Мысалы, үкіметтік емес ұйымдар базасында қайырымдылық немесе волонтерлік саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Қайырымдылық саласында атақ беру түрінде ынталандыру да қарастырылған. Бұл атақты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган ретінде береді. Оған қайырымдылық жасаушылар, қайырымдылық ұйымдары, коммерциялық емес сектор, бизнес өкілдері және қайырымдылық волонтерлері үміткер бола алады. Бұдан бөлек корпоративтік волонтерлік, корпоративтік қайырымдылық және электрондық қайырымдылық бөлігінде нормалар енгізілген", – деді "Дара" жеке қорының атқарушы директоры Айнұр Аймурзина. 

Айнұр Аймурзина қайырымдылық волонтері деген волонтерліктің жаңа түріне де тоқталды.

Қайырымдылық волонтері өз дағдыларын, тәжірибесін, білімін қолдану арқылы қаражат жинауға қатысатын жеке тұлға. Заңға сәйкес ол қайырымдылық ұйымымен немесе бенефициармен шартқа отыруы тиіс. 

Бұдан бөлек Заңға сәйкес барлық қайырымдылық ұйымдары өздерінің шығындары мен табыстары туралы, сондай-ақ қайырымдылық бағдарламаларында қол жеткізген нәтижелері туралы жылына кемінде 1 рет есеп беріп отыруы тиіс. Бұл мәліметті олар өз сайттарында немесе БАҚ-та жариялайтын болады. Сонымен қатар қайырымдылық жасаушы көмек алушыдан қаражаттың мақсатты жұмсалуы жөнінде де есеп сұрай алады. 

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу