"Вуэльтаның" ең ұзақ кезеңінде "Астана" шабандоздары көш бастады

1487

"Испания Вуэльтасының" ең ұзақ кезеңі мәресіне жетті. Шабандоздар Мос қаласынан Пуэбла де Санабрияға дейін бес санаттағы әр түрлі асулары бар 230.8 шақырым жолды жүріп өтті. Бұл кезең көшбасшы топқа жеңіс үшін таласуға жақсы мүмкіндік болды. Жарыс басталысымен шабуылдар толастамады.

"Вуэльтаның" ең ұзақ кезеңінде "Астана" шабандоздары көш бастады

Бір сағаттан аса уақыт шабандоздар алға озуға талпынды. Нәтижесінде 13 шабандоздан тұратын топ көш бастады. Олардың арасында "Астана Про Тимнің" екі өкілі - Луис Леон Санчес пен Алекс Аранбуру бар еді.

Ұзақ жол, суық күн, жаңбыр және қатты соққан жел шабандоздар үшін, әсіресе көшбасы топ үшін нағыз сынақ болды. Санчес те, Аранбуру да көшбасшы топта жарысты жақсы өткізді. Олар кезеңде жеңіске жетіп, басымдылықты сақтап қалу үшін 100% барын салды. Алайда, пелотондағы бірнеше команда алға озғандардың соңына түсті. Көшбасшылардың басымдылығы бәсеңдей бастады. Ал, мәреге шамамен 25 шақырым қалғанда екі топтың уақыт айырмашылғы 1 минутқа дейін қысқарды. Нәтижесінде пелотон ең алдымен Санчес пен Аранбурудың тобын, содан кейін тағы бір шабандозды қуып жетті.

"Біз көшбасшы топтың жақсы мүмкіндігі болатынын алдын ала білдік. Сондықтан кезең бастала салысымен алдыңғы қатарда, шабуылылдарға дайын болдық. Мұндай ұзақ кезеңде барлығы да қиын болатынын білдік. Бірақ біз өз жоспарымызды орындағымыз келді. Ақырында Алекс екеуміз бірге жақсы топқа барып қосылдық. Финишке дейін жетіп, кезеңдегі жеңіс үшін талпынып көреміз деп үміттендік. Көшбасшы топта шабандоздары жоқ командалар пелотонда өте мықты жұмыс жасады. Дегенмен, бүгін бағымызды сынап, көш басында командамыздың намысын қорғағанымыз үшін қуаныштымын. Алға қадам басып, Мадридке де жақындап қалдық. Жарысты жақсы өткізіп жатырмыз. Йон екеуміз кезеңдердің бірінде жеңіске жеттік. Бірақ бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, - деді Луис Леон Санчес.

"Кезеңде жеңіске жетуге жақсы мүмкіндігіміз болды. Кеше көшбасшы топты жіберіп алғаннан кейін бүгін бағымызды сынап көруге бел байладық. Луис Леон мен Алекс көшбасшы топқа қосылғанда біз үшін жақсы мүмкіндік пайда болды. Шынымды айтсам кейбір топтардың алға озған топтың соңына түскендегі мақсаттарын түсіне алмадым. Бірақ, қалай болғанда да пелотон көшбасшылардың ізіне түсті. Соңында негізі топ алға озғандарды қуып жетті. Бұл жақсы талпыныс болды. Көрсеткен нәтижемізге ризамыз", - деп қоса кетті Дмитрий Фофонов.

Кезең Пуэбла де Санабрия көшелерінде жаппай спринтпен аяқталып, Яспер Филипсен жеңіске жетті. "Астана Про Тим" командасының капитаны Александр Власов мәреге негізгі топпен бірге келіп, жалпы есепте 9-орынды сақтап қалды. Ал, Примож Роглич бас классификацияда көшбасшылығын одан әрі жалғастыруда.

Бүгін "Вуэльтаның" 16-кезеңі өтіп жатыр. Саламанкадан басталған жарыс жолы 162 шақырымнан кейін Сьюдад Родригода аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу