Вячеслав су қоймасын жөндеу үшін жоба дайындалып жатыр

3117

Елорданың іргесіндегі су қоймасы 50 жылдан бері жөндеу көрмеген. 

Вячеслав су қоймасын жөндеу үшін жоба дайындалып жатыр

Есілдің арнасын тазартпаса, бойындағы үйлерге су жайылуы мүмкін. Жылдар бойы қараусыз қалғандықтан, өзен бойындағы бұта-бүрген мен тал-терек ретсіз қаулап, көктемде Вячеслав су қоймасынан босатылған артық суды бөгейтіндей жағдайға жетіпті. Экология, геология және табиғи ресрурстар министрлігінің Facebook-тегі парақшасында онлайн сұхбат жүргізген "Қазсушар" РМК бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасов осылай деп отыр.

"Былтыр Ақмола облысы "Қазгидрометтің" деректері бойынша су басу қаупі бар аймаққа кіріп кеткен болатын. Вячеслав су қоймасының апатсыз жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асты. Оның құрамына кіретін қондырғылардың жағдайы қанағаттарлық деуге болады. 2020 жылы маңайындағы үйлерге су жайылуы мүмкін делінді. Ондай қауіп баяғыдан бар. Есіл өзенінің бойындағы үйлер әркез су жайылу қаупіне душар. Тасқын кезеңінде қоймадан шығарылатын артық су өзен арнасына сыймай, маңайдағы үйлерге жайылады. Қауіп аумағында өз бетімен салынған  құрылыстар көп. Өзеннің бойындағы бұта-бүргеннің ретсіз өсуі сияқты кедергілер де бар. Осының салдарынан тасқын кезеңінде өзен арнасының су өткізу қабілеті нашарлайды",  дейді "Қазсушар" өкілі.

Айта-айта әбден жауыр болған мәселе шешімін табу үшін әлі біршама уақыт керек сияқты. Әкімдік пен "Қазсушар" мекемесі әлі күнге дейін нақты бір тоқтамға келмеген.

Ал Вячеслав су қоймасын өндеу үшін әуелі жобалық сметасын бекіттіру керек. 

"2017 жылы Есіл өзені арнасынан асып, жер үйлер мен жер телімдеріне су кірген болатын. Қазір әкімдікпен бірге өзен арнасын тасқын кезінде суды қажетті мөлшерде өткізе алатындай етіп тазарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Ал нақты су қоймасына келетін болсақ, 50 жыл бойы жөндеу көрген жоқ. Қанша ақаусыз десек те, қандайда бір жөндеу жүргізетін уақыт жетті. Нысанды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Осы құжат бойынша қойманың құрамына кіретін кейбір қондырғыларды қайта жабдықтайтын шығармыз",  дейді маман.

Бүгінде "Қазсушар" мекемесінің балансында 4900-дан астам гидротехникалық қондырғылар бар екен. Оның ішінде 86-сы су қоймалары, 84-і гидроторап, 36-сы бөгет. Қалғаны – каналдар мен бас қондырғылар, сорғы стансалары.

Ерлан Сәдуақасов әзірге өз меншіктеріндегі нысандар тасқынға сақадай-сай деп отыр. Ал көктемге қарай қалай қимылдайтындары "Қазгидрометтің" болжамдарына байланысты көрінеді. 

"Негізі барлық қондырғы көктемгі тасқындарға дайын деуге болады. Дәл қазіргі жағдаймен есептеп қарасақ солай. Жыл сайын нысандарда жоспарлы түрде ағымдық жөндеулер жасап отырамыз. Инертті материалдар қажетті мөлшерде әкелініп жатыр, тіпті әкелініп қойды да. Енді "Қазгиромет" мекемесінің болжамын күтіп отырмыз. Ол болжам ақпан айында немесе наурыздың басында шығады. Осы болжамдар негізінде барлық қондырғының жұмыс кестесі пысықталады. Су мөлшерін реттеу шешімдері бассейндік инспекциялар мен төтенше жағдай қызметінің өкілдерімен ақылдаса отырып қабылданады. Яғни, бізге қауіпті жағдайдың болғанын күтіп отырмай, алдын ала шара қабылдау үшін "Қазгидрометтің" болжамы уақытында берілуі керек", дейді ол.

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу