WBC орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамеске міндетті қарсылас – Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізу туралы келіссөз жүргізуді тапсырды. Тараптарға 6 мамырға дейін уақыт берілді.
Егер Адамес Нұрсұлтановпен келісімге келе алмаса, WBC 6 мамырда промоутерлік сауда өткізеді. Бұл – боксшылардың командалары жекпе-жек үшін сыйақы қорының мөлшерін ұсынатын рәсім. Кім көп сома ұсынса, сол жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына ие болады.
30 жастағы Адамес 2022 жылдың қазан айында WBC-дің уақытша титулын жеңіп алған, ал 2024 жылдың мамырында бұрынғы чемпион Джермалл Чарлоның ұзақ үзілісінен кейін толыққанды чемпион болып жарияланды. Доминикандық боксшы бұл титулын үш рет қорғаған.
31 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов 2023 жылдың қарашасынан бері жекпе-жек өткізбегенімен, WBC рейтингінде 1-орында тұр.
Айта кетейік, орта салмақта екі титул Жәнібек Әлімханұлында – WBO және IBF. Тағы бір белбеу кубалық Эрисланди Лараға тиесілі – WBA.