WhatsApp-ты пайдаланып жүрсеңіз, шұғыл түрде мынаны істеңіз!

1245

Жарты жылда 6,8 миллион алаяқтық ошағы – Қазақстанда танымал мессенджер нөмір телефоны бойынша алдау фабрикасына айналып кетіпті.

WhatsApp-ты пайдаланып жүрсеңіз, шұғыл түрде мынаны істеңіз! Фото: hibiny.ru

Бұл жерде әңгіме бүкіл әлем бойынша статистика жөнінде болып отыр.

Сарапшыларды әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азияда кең таралған "ұйымдасқан алаяқтық орталықтар" алаңдатады. Бұл аймақта бір мезгілде алдаудың ондаған схемасы қатар, параллельді іске қосылады.

Мессенджер иесі Meta компаниясы олармен сұрапыл шайқас жүргізіп жатыр. Сол арқылы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында WhatsApp-тан алдау операцияларымен байланысы бар 6,8 миллионнан астам аккаунт жойылды.

Сонымен бірге, елімізде супертанымал, әрбір қазақстандық жеке өмірі мен жұмысында жаппай пайдаланатын бұл платформа пайдаланушыларының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа қорғаныш функцияларын қолданысқа енгізуде.

Сарапшылардың ескертуінше, мессенджердің алаяқтар ең жиі қажетіне жарататын осал тұсы – жай ғана телефон нөмірі бойынша кез келген пайдаланушыны әлдебір топқа шақыру мүмкіндігі болып тұр.

Ал, елде азаматтардың дербес деректерінің сыртқа ағып кетуі кесірінен кез келген адамның телефон нөмірі ғаламторда ашықтан-ашық тұр. Азаматтардың телефон нөмірінен құралған деректер базаларын алаятар "көлеңкелі форумдар" арқылы сатып алады.

Тек телефон нөмірін ғана білу арқылы адамды топқа қосылуға шақыру опциясы "Уатсапта" "үнсіз келісім" (по умолчанию) шарты бойынша енгізілген. Бұл олқылық әсіресе, криптовалюталық афераларда, қаржы пирамидаларында, басқа да алаяқтықтарда белсенді қолданылады.

Мысалы, пайдаланушылардың мессенджерінде: "Сіз Cash King Investment Group тобына қосылдыңыз" деген белгі шығады. Қызық көріп, ашып қарағанның көбі топтан тез шығып кетпейді.

Ұзағырақ қалған сайын оны топта қаптап отырған алаяқтық топ мүшелері, немесе қаржы пирамидасының өкілдері жан-жақтан қаумалап, "өңдей" бастайды. Олар әлдебір инвестициялық құралға ақша салып, "жүз мыңнан миллион жасағанын" майын тамыза әңгімелейді, тез байып кететінін айтып, жадын жаулайды.

WhatsApp-тың қолдау парақшасында көрсетілгендей, бұл сервис сіздің нөміріңізді білетін кез келген адамға сізге хат-хабарлама жіберіп қана қоймай, сондай-ақ тіпті келісіміңізді сұрамай, топтық чатқа сыртыңыздан қосып қоюға мүмкіндік береді. Сізге тек таңдау беріледі: не топтан шығып кетесіз, не қаласыз.

Бүкіл адам смартфонына WhatsApp қосымшасын орнатқанда, "Топтардың құпиялылығын баптау" (Настройка конфиденциальности групп) деген бөлімде үнсіз келісім бойынша "Барлығы" деген талап орнатылған. Әрі қарай әрбір пайдаланушы оны қажетіне қарай өз бетінше өзгертуге тиіс. Бірақ қалай өзгертуге болатынын көбі білмейді.

Енді не өзгереді? Алаяқтықпен күрес аясында топқа қосу саясаты өзгермей, бұрынғыша күйде қалады. Алайда енді белгісіз біреуден шақырту келіп түскенде арнайы ескертпе қоса шығатын болады. Онда топ туралы қысқаша мәлімет беріледі және қауіпсіздік бойынша рекомендациялар ұсынылады.

Пайдаланушы тіпті ашпай-ақ чаттан бірден шығып кете алады. Немесе шешім қабылдамас бұрын оның ішінде не бар екенін, мазмұнын қарай алады.

Бұған қоса, пайдаланушы қалу туралы түпкілікті шешім қабылдағанға дейін жаңа топтардан түсетін барлық хабарламалар автоматты түрде ағытулы тұрады. Push-хабарламалар "қалқып" шықпайды.

Осы арқылы сервис пайдаланушыларды құрбандар не болып жатқанын түсініп, байыбына бармай жатып, алаяқтардың қоршауында қалатын, олардың агрессивті үгітіне тез тартылатын жағдайдан құтқаруға талаптанды.

"Meta WhatsApp қауіпсіздігінің жаңаруларын ұсынды. Ол пайдаланушыларға топтарда да, сондай-ақ жеке хат алмасуларда да алаяқтық хаттарды тануға көмектеседі. Егер сізді белгісіз топқа қосып қойса, WhatsApp ол чат туралы нақты ақпараттан және қалай әрекет етуге болатыны туралы кеңестен тұратын қауіпсіздік шолуын көрсетеді", – деп жазды "Tech.liga".

Meta сондай-ақ 3 қарапайым қадамды ұстануға шақырды: тоқта, сұра, тексер. Егер хабарлама күмәнді көрінсе, үн қатпас бұрын алдымен оны жөнелтушінің тұлғасын байланыстың басқа арналары, мысалы, таныстарыңыздан сұрастыру, немесе интернеттен іздеу арқылы тексеріп көрген жөн.

Бұдан бөлек, Meta жеке хат алмасулар кезіндегі қосымша қорғанышты сынақтан өткізуде. Бейтаныс контактіден бірінші рет хат келгенде, WhatsApp арнайы ескертуді көрсетуді жоспарлап отыр. Сол арқылы пайдаланушы диалогты бастамас бұрын өзіне кім және қандай мақсатпен жазып отырғанын түсіне алады.

Компанияның түсіндіруінше, жойылған миллиондаған аккаунттың бір бөлігі шабуыл мақсатында қолданылғанға дейін "бейтараптандырылыпты". Бұдан мессенджер еш ұтылмайды. Қазіргі кезде дүниежүзінде WhatsApp-ты ай сайын 3 миллиардтан көп адам пайдаланады және олардың қатары тоқтаусыз көбеюде. Осындай алып аудиториясының болуы оны кибералаяқтар үшін тартымды етті.

Мәселен, таяуда Meta компаниясы OpenAI-мен тізе қоса отырып, алаяқтық тізбекті бұғаттады. Кейс келесідей: халықаралық алаяқтар тобы ChatGPT мүмкіндіктерін қажетіне жаратып, пайдаланушылардың ең көп назарын аударатын хат-хабарларды генерациялады.

Тиісінше, WhatsApp чаттар арқылы құрбандарына қызықты хаттар жолдаған. Онда Telegram-ға өтіп, нақты бір тапсырмаларды орындап, мысалы, TikTok-тағы танымал блогерлердің видеосының астына лайк басып, табыс табуды ұсынған.

Берілген тапсырмаларды орындағандарға "мол" бонустар жазылған. Алайда егер қатысушы оны қаржы түрінде шығарып алып кеткісі, бұғаттан босатқысы келсе, онда арнайы криптошотқа белгілі бір пайызы мөлшерінде қаржы енгізуі талап етілген. Ол ақша әрине, кері қайтарылмайды, тапқан табысы да өтірік, көзбояу болып шыққан.

Бұл алаяқтықтың сценарий өзгеріп отырған: бірде тапсырмаларды орындап, жалған табыс табуды ұсынса, бірде Еуропаның ауқатты бір қаласында скутерлер-электросамокаттар және басқасының арендасымен айналысатын компанияға серіктес болу, тағы бірде күмәнді токендерге инвестиция салу ұсынылған.

Дегенмен, барлық жағдайда бір ғана мақсат көзделіпті: адамды нағыз ақшасын алаяқтарға аударуға көндіру.

Жалпы, бөгде адамдардан ешқандай шақырту алғысы келмейтін пайдаланушыларға "құпиялылықты" қолмен өзгертуге кеңес беріледі. Бұл үшін WhatsApp аккаунтыңыздағы үш нүктені басып, "Баптаулар" тарауын ашыңыз. Содан соң "Құпиялық" дегенді таңдаңыз. Әрі қарай "Топтар" бөліміне өтіңіз.

Егер: "Сізді топтарға кім қоса алады" деген сөздің астында "Барлығы" деген таңдалып тұрса, оны "Менің контактілерім" немесе "Көрсетілмейтін контактілерім" сияқты шектеуші параметрге өзгертіңіз.

Бұл ретте сервистің мәліметінше, мұндай жағдайда сізді тобына қоса алмайтын бөтен администраторлар сізге жеке шығып, бөлек шақыра алады.

"Бірақ бұл шектеулер қауымдастықтың хабарландырулар топтарына қолданылмайды. Қауымдастыққа қосылсаңыз, қауымдастықтың хабарландырулар тобына да қосыласыз", – деп мәлімет берді сервис.

Айтқандай, жалпыға қолжетімді ету үшін енді WhatsApp өзінде аккаунт құрмай-ақ тілдесуге мүмкіндік береді. Бұл функцияның нақты қай күні жаппай іске қосылатыны әзірге беймәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу