Wikipedia-ның негізін қалаушылардың бірі Джимби Уэйлс Wikitribune онлайн-басылымын жасау үшін қаражат жинау басталғанын жариялады, жобаның мақсаты – жалған жаңалықтармен күресу. Жобада кәсіби журналистер жұмыс істейтін болады. Бұл туралы ол The Verge-ге берген сұхбатында мәлім етті.
Оның айтуынша жоба "халық үшін халық жазған" жаңалықтарды жасайды. Джимби Уэйлс Wikitribune-ге 10 кәсіби журналисті тартпақшы және деректерді тексеріп, материалдарды түзетуге көмектесетін қоғамдастықтың қатысушыларымен бірге жұмыс істейді деп жоспарлап отыр. Әр адам жаңалықтар мен тарихи матриалдарға түзету енгізуді ұсына алады, бірақ ол алдымен кәсіби журналистер немесе сенімді волонтерлерден тұратын топ тексеріп шыққаннан кейін ғана қабылданады.
Жоба жаңалықтар мен тарихи деректерді жазып, жариялау үшін кәсіби журналистер мен оған қызыққан оқырмандар қоғамдастығының басын біріктіреді. Сайт краудфандинг (ортақ қаражат жинау) арқылы қаржыландырылады. Оқырмандар әр жарияланған тарихи мәлімет не жаңалықтың дереккөзін көре алады, журналистер сұхбаттардың транскриптілерімен және аудиожазбаларымен бөлісетін болады.
"Мен бұл туралы бұрыннан ойлап жүрген едім. Бірақ іске асыру туралы түпкілікті шешімді Brexit пен Дональд Трамптың жеңісінен кейін (АҚШ-тағы президенттік сайлауда – автордың ескертп.) қабылдадым. Барлығы біртүрлі дұрыс емес болып кеткендей сезім болды. БАҚ-тың сапасы көптеген бағыт бойынша төмендеп кетті, барлығы емес, бірақ қоғам әлдеқайда сапалы және шындық ақпаратты алғысы келеді", –деді ол The Verge-ге берген сұхбатында.
Құралай Әбілғазина, Әйгерім Сүлейменова