Wildberries қазақстандық кәсіпкерлердің шығынын өтеп үлгере алмай жатыр

Мәскеу облысындағы қоймаға шабуыл жасалды.  

Wildberries қазақстандық кәсіпкерлердің шығынын өтеп үлгере алмай жатыр Фото: vremya.press

Жаһанда геосаяси қақтығыстар ушыққан тұста тараптар айылын жияр емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарының бірінен кейін бірін атқылап, жанармай дағдарысына ұшыратқан украиналықтар енді солтүстіктегі көршіміздің Wildberries қоймаларын тоқтаусыз жойып жатыр.

4 тамыз түнде Мәскеу облысындағы қоймаға шабуыл жасалып, 5 адам қаза тапса, 5 тамыз күні Тула аймағындағы тағы бір Wildberries қоймасы өрт құшты. Бұның алдында да бірнеше логистикалық инфрақұрылым жермен жексен болған. Дегенмен бұл қоймалар тек Ресей жерінде орналасқаны болмаса, олардың жойылуы өзге де елдердің кәсіпкерлеріне зиянын тигізеді. Оның қатарында қазақстандықтар да бар.

Әңгіменің тамыры электронды саудаға қатысты. Елімізде Wildberries платформасы арқылы өз өнімін сатып, керісінше сатып алып жатқан кәсіпкер һәм клиенттер жетерлік. Ал Ресейдегі қоймаларда оларға тиесілі тауарлар болмады дей алмаймыз. Яғни, шабуылдардың экономикалық зардабын қазақстандықтар да тартты деген сөз. Мәселен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдын ала дерегінше, Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан 100-ден астам қазақстандық кәсіпкер зиян шеккен. Шығынның көлемі 1 млрд теңгеден асады. Нақты есеп болмаса да, болжам – осы.

Қоймалардың жойылуынан кейін көп ұзамай еліміздің Сауда және интеграция министрлігі ресми ақпарат жинауға кіріскен екен. Ведомство Wildberries-тің Қазақстандағы ресми өкілі – "ИМВБКЗ" ЖШС-ға сауал жолдаған. Министрлік платформада жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлердің саны, зардап шеккен сатушылар, оқиғаның олардың жұмысына ықпалы және компанияның міндеттемелерді орындау тәртібі туралы мәлімет сұратқан. Әрісі Ресейдегі елшілікке де сауал жолдапты. Содан кейін ғана шығындар нақтылануы мүмкін.

"Оқиға Ресей Федерациясының аумағында болды. Сондықтан ресми ақпарат дипломатиялық арналар арқылы және Ресейдің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл негізінде алынады. Министрлік өз құзыреті шегінде қазақстандық кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қосымша ақпарат алынғаннан кейін қажет болған жағдайда тиісті түсініктемелер беріледі", – деп хабарлады ведомство.

Мейлі, деректер нақтылана жатар, алайда кәсіпкерлер шығынның өтемін кімнен сұрайды? Қазақстандық тарап үшін басты мәселе осы болса керек. Әзірге Wildberries компаниясы сатушыларға толық өтемақы беретін түрі жоқ, тек бизнестің жұмысын тоқтатпауға бағытталған қолдау шараларын ғана жүзеге асыруда. Ал төлемдерді шығын көлемі нақты бағаланған соң ғана кезеңдерге бөліп аудармақ.

"Зардап шеккен сатушыларға арналған қолдау төлемдерінің екінші кезеңі басталды. Бұл жолы 97 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкіліне қаражат аударылады, олардың арасында алғашқы кезеңде төлем алған кәсіпкерлер бар. Қаражат жақын арада сатушылардың платформадағы балансына түседі және қолданыстағы төлем кестесіне сәйкес қолжетімді болады. Қазір шығын көлемін бағалау жалғасып жатыр. Сондықтан сатушыларды қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады", – деген Wildberries компаниясының PR өкілі Ольга Ниязалиева.

Жалпы, алғашқы кезеңде компания 88 мың сатушыға төлем аударып үлгерген. Сақтау шарттары, транзиттік жеткізуге қатысты клиенттерге жеңілдік те жасап ұқсайды. Мейлі, ол компанияның ішкі мәселесі. Ендігі сауал – осындай толассыз соққылардан кейін Wildberries қоймаларын басқа елдерге көшіруі мүмкін. Соның ішінде Қазақстан да бар. Дегенмен көп уақыт өткен жоқ, компания бұл деректі дереу жоққа шығарды. Яғни, соққылар компания басшылығының сағын сындырмаса керек. Бәлкім украиналық тараптың қоймаларда өзге әскери заттар сақталуы мүмкін деген күдігі де бекер емес.

Қорыта айтқанда, көрші елдің әрбір инфрақұрылымына жасалған шабуыл Қазақстан нарығына да кесірін тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Мұнай тасымалы, жанармай тапшылығы, енді қоймалар, украиналық тарап шабуылдарды басқа да нысандарға жалғастырмасына кепіл жоқ. Әйтеуір Қазақстан тарапы экономикалық қатерлерден сақтанып жүргені абзал екенін түсінеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу