183 шақырымдық жарыс жолының соңғы бөлігінде жекелей шабуылға шыққан швейцариялық Мауро Шмидт бір күндік сайыстың жеңімпазы атанды.
Ал жеңімпаздан үш секунд кейін келіп, қуғыншылар тобынан спринтте мәре сызығын бірінші болып кескен Гейт жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.
Жарыс аяқталған соң елордалық команданың велошабандозы Аарон Гейт сұхбат берді.
"Бүгін бүкіл команда мені ең жақсы позицияға шығару үшін үлкен күш жұмсады. Біз алдымен көшбасшылар тобына қосылып, содан кейін жүлде үшін спринтте күресеміз деп жоспарладық. Командадағы серіктерім әрқашан жанымда болды. Нәтижесінде, бәрі ойдағыдай өтті. Күн аптап ыстық. Бұл жарысты одан әрі қиындатып жіберді. Соңғы асу жолында тобымызда бірнеше ғана адам қалды. Мауро Шмид шабуылға шықты. Біз оны бірден қуып жете алмадық. Ал, содан кейін тактикалық ойындар басталды. Осылайша, біз екінші орынға ие болдық. Меніңше бұл тамаша нәтиже. Бүкіл команда үшін жақсы прогресс. Қаңтардағы оқу-жаттығу жиынынан соң және Аустралиядағы жарыстардан кейін бабыма келдім. Енді келесі аптада өтетін Жаңа Зеландия чемпионаты мен БАӘ турында барымды саламын. Бүгін Майоркадағы соңғы күн екенін білемін. Командаға жеңіс тілеймін", – деді Аарон Гейт.
Сондай-ақ, XDS Astana Team спорттық директоры Марк Реншоу жарысты қорытындылай кетті.
"Біз үшін өте жақсы күн болды. Бүгінгі жарыста Аарон Гейт команда көшбасшысы болды. Бүкіл команда оны күн бойы қорғап, финалда шабуыл жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі аптап ыстық барлық шабандоздар үшін үлкен сынақ болды. Финалда Аарон негізгі фавориттердің шабуылдарын бақылап, көшбасшылар тобында қалуға күшін сақтап қала алды. Әрі қарай тактикалық ойындар басталды. Біреулер шабуылдаса, енді біреулер ізге түсті. Соңында Шмидт ұтымды сәтті пайдаланып шабуыл жасап, алысқа ұзап кетті. Ал, Аарон қуғыншылар тобындағы спринтте жеңіске жетті. Бүгін қолымыздан келгенше ең жоғарғы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Бүкіл командамыз осы жетістікпен мақтана алады", – деді Марк Реншоу.
Бүгін, 2 ақпан XDS Astana Team командасы Әлемдік тур аясында "Пальма Трофео" жарысына қатысады.