Жыл сайын дәстүрлі түрде Лигурия жағалауында өтетін 197 шақырымдық жарыс Италиядағы жаңа маусымының басталғанын білдіреді.
Бүгін Скарони жарысты керемет өткізді. Ол Аюсоның (UAE Team Emirates XRG шабандозы) шабуылдарына жауап беріп, қарсыластарынан озып кетуге тырысты. Жарыс тағдыры соңғы метрлерде шешілді. Онда Скарони екінші болып мәреге жетті.
Жарыс аяқталған соң Кристиан Скарони пікір білдірді.
"Мен Аюсоның жанында болуым керек екенін және оның шабуылдарына жауап беруім қажет екенін білдім. Өйткені спринтте оны жеңу мүмкіндігім аз екенін түсіндім. Соңғы екі айналымда біз бір-бірімізге кезек-кезек шабуыл жасадық. Бірде ол мені топтан қалдырып кетуге тырысты. Соңында жарыс шағын топтық спринтпен аяқталды. Өзімнің бабыма ризамын және алдағы "Страде Бьянке" жарысын асыға күтемін. Бұл өте қиын жарыс болмақ. Бірақ, біз бар күшімізді саламыз", – деді Кристиан Скарони.
Сонымен қатар, елордалық команданың бас спорттық директоры Александр Шефер де жарысқа қатысты пікір білдірді.
"Бастапқыда Скарони біздің көшбасшымыз болатын. Ал Беттиольге еркін рөл берілді. Соңғы шақырымдарда Скарони Аюсоға қарсы жеке дара қалған кезде, мен Беттиоль оларды қуып жетеді деп үміттендім. Сонда жарыстың соңғы сәттері мүлде басқаша болар еді. Бүгін біз екінші орын алдық. Бірақ мен командаға ризамын. Жігіттер жоғары деңгейде өнер көрсетті және көпшілігі қазір бабында. Сондай-ақ, Веласко мен Улиссидің сырқаттан айыққаннан кейін қатарға қосылғаны қуантады. "Страде Бьянке" мен алдағы жарыстарға біз одан да мықты болып келеміз деп сенемін", – деді Александр Шефер.
Айта кетейік, жарыстың мәре сызығын бірінші болып UAE Team Emirates-XRG командасынан Хуан Аюсо кесті. Ал, 3-орын Tudor Pro Cycling Team командасының спортшысы Майкл Стерерге бұйырды.
Қалған астаналық шабандоздар жарысты келесі нәтижелермен аяқтады: Альберто Беттиол – 7, Симоне Веласко – 19, Никола Кончи – 27, Диего Улисси – 38-ші. Давид Занутта мен Даниил Марухин жарысты аяқтай алмады.