Ресей мен Украинада төтенше жағдайлар туралы жедел хабарлауға арналған ресми мобильді қосымшаларға хакерлік шабуыл жасалып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соның салдарынан пайдаланушыларға радиоактивті ластану және ядролық оқтұмсықтардың ұшырылғаны туралы жалған ескертулер жіберілген. Оқиға алғаш рет 1 қараша күні кешке Украинада тіркелді. Елдегі Air Alert қосымшасында Киев қаласында радиоактивті ластану қаупі бар екені туралы жалған ескерту пайда болған.
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Telegram-дағы ресми арнасында қосымшаға Ресей тарапынан хакерлік шабуыл жасалуы мүмкін екенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Киевте радиациялық қауіп жоқ.
Ал Ресейде 2 қарашаға қараған түні төтенше жағдайлар туралы хабарлайтын мобильді қосымшаға жаппай кибершабуыл жасалғаны белгілі болды. Бұл туралы ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ресейлік ведомствоның мәліметінше, белгісіз біреулер қосымша пайдаланушыларына Ресей аумағына ядролық оқтұмсықтар ұшырылғаны туралы жалған ақпарат таратқан.