Ядролық соғыста йод таблеткалары радиациядан қалай қорғайды?

3094

Путиннің ескертуінен кейін, Еуропа елдері мұндай дәрілерді қоймаларға көптеп жинай бастады. 

Ядролық соғыста йод таблеткалары радиациядан қалай қорғайды? Фото: google.com

Украинадағы қарулы қақтығыс ядролық сәулелену қаупін күшейтіп қана қоймай, денені радиациядан қорғауға көмектесетін йод таблеткаларына қызығушылықты арттырып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Соңғы апталарда Запорожье атом стансасында электр жүйесі мезгіл-мезгіл өшіп жатыр. Сондықтан мұнда салқындатқыштың істен шығу қаупі туындап, реакторлар балқып кете ме деген алаңдаушылық бар. Бұған қоса, Ресей Президенті Владимир Путиннің Украинада қайтсе де жеңіске жету үшін "барлық қажетті құралдарды" қолданамын деген ескертуі де ядролық соғыс жайлы үрейге себепші болып отыр.

Еуропаның кейбір елдері аталған таблеткаларды жинақтай бастады. Ал Финляндия Денсаулық сақтау министрлігі үй шаруашылықтарына төтенше жағдайда қолдану үшін бір реттік дозаны сатып алуға кеңес бергеннен кейін, ел дәріханаларында бұндай таблеткалар күрт азайып кеткен.

Жалпы йод таблеткалары дегеніміз не? Радиация тарағанда немесе ядролық шабуыл жасалғанда олар не істей алады және нені істей алмайды?

Калий йодиді немесе КИ қалқанша безге – мойындағы гормон бөлетін безге – ядролық апат кезінде радиоактивтік йодтың түсуіне жол бермейді.

Бұл радиоактивтік материал тыныс алу немесе ластанған тағамды жеу арқылы денеге енетін болса, қалқанша без рагына шалдығу қаупін арттыруы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұндай материал, әсіресе, балалар үшін қауіпті және радиациядан сәулесін алғаннан кейін жеткіншектердің денсаулығына төнген қауіп көптеген жылдар бойы сақталуы мүмкін.

Йод таблеткалары қалқанша безді йодтың тұрақты түрімен толтыру арқылы жұмыс істейді. Соның нәтижесінде радиоактивтік зат ішке кірмейді. Қысқасы, қалқанша безі калий йодидімен қамтамасыз етілген болса, ядролық апаттан кейін тараған зиянды йодты қабылдай алмайды.

Бұндай таблеткалар арзан әрі бүкіл әлемде сатылады. Талай ел, соның ішінде АҚШ, мұндай дәрілерді қоймаларда артығымен жинақтап қойған.

Дегенмен калий йодиді радиоактивтік қауіптердің кейбір түрлерінен қорғамайды. Мысалы, ядролық бомба дененің көптеген бөліктеріне зиян келтіретін сан алуан радиациялық және радиоактивтік материалды таратуы мүмкін.

Денсаулық сақтау органдары болса, калий йодидін белгілі бір ядролық төтенше жағдайларда ғана қабылдау керектігін ескертеді және де бұл таблеткалар радиоактивтік сәуле тарар алдында ғана қабылданса жақсы жұмыс істейді. Бірақ олар қауіптің алдын-алу шарасы ретінде ұзақ уақыт бұрын қабылданбауы керек.

Калий йодиді дозаларының бөртпе, қабыну немесе асқазан қызметінің бұзылуы сияқты кейбір жанама әсерлері болуы мүмкін. АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының нұсқауларына сәйкес, жасы 40-тан асқан адамдар радиациялық сәулені көптеп қабылдау қаупі туындамаса, мұндай йод таблеткаларын қабылдамауы керек екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу