Фульсанг "Астана" сапында 2013-жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол өзінің спорттық мансабында тамаша жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Жеті жылда Якоб Фульсанг 2013-жылы Тур де Франс көпкүндігінің бас классификациясы бойынша жетінші орын иеленді. 2015,2019 жылдары Критериум Дофинеде, ал былтыр өткен Льеж-Бастонь-Льеж, Андалусия Вуэльтасы жарыстарында, сондай-ақ Мурсия Вуэльтасының тау классификациясы бойынша жеңіске жеткен. Былтырғы жыл дат шабандозы үшін жемісті болды десек те болады. Ол "Амстел Голд Рэйсте" қола, "Флеш Валлонь" додасында күміс жүлдегер атанды. Одан бөлек "Тиррено-Адриатико" веложарысының кезеңдерінің бірінде жеңіске жетіп, жалпы есеп бойынша үшінші орынға ие болды. "Страде Бьянкеде" 2-нәтиже көрсетті.
Якоб Фульсанг былтыр тамыз айында елордалық "Астана Про Тим" велоклубымен келісім-шартын 2021-жылға дейін ұзартқан болатын. Алайда ол енді оңтүстікафрикалық NTT Pro Cycling командасына ауысуды көздеп отырған сияқты. Аталған клубтың иесі оның жерлесі Бьярне Риис.
"Әзірге NTT Pro Cycling командасымен не болатынын білмеймін және ауысу туралы келіссөздер уақытша кейінге шегерілді. Қазір менің "Астанамен" тағы бір жылдық келісім-шартым бар. Бірақ, Бьярне Данияның бас демеушісімен келісімге келсе, 2021-жылы NTT Pro Cycling клубына ауыссам тамаша болар еді. Бұл менің арманым, - деді Фульсанг. - Егер Бьярне дат демеушісімен келісімге келіп жатса, онда командамен арадағы келісім-шартты тоқтату үшін "Астананың" бас менеджері Александр Винокуровпен сөйлесуіме тура келеді. Одан бөлек мен "Тур де Франсқа" NTT Pro Cycling командасының атынан барғым келген. Алайда биыл бұл мүмкін болмай тұр. Сондықтан мен спорттық мансабымды "Астанада" ма, әлде Данияның командасында аяқтаймын ба, ол белгісіз", - деп қоса кетті "Астана Про Тим" көшбасшысы.
Алда өтетін жарыстарда "Астана" бұрынғыдай Якоб Фульсангқа сенім артып отыр. Маусым айында клуб алдағы жоспарлары айтқанда Якобтың атақты классикалық "Страде Бьянке" жарысына қатысатынын хабарлаған. Ол былтыр аталған жарыстың жеңімпазы Жулиан Алафилиппке небәрі екі секунд уақыт ұтылып, екінші орын иеленген болатын. Содан кейін Фульсанг "Польша турына" аттанады. Дегенмен осы уақытқа дейін бұл жарыста "Астана" жеңімпаз атанған емес. Бірақ команда құрамында бұған дейін испаниялық Movistar Team клубының намысын қорғаған Йон Иссагире 2015 жылы "Польша турының" жеңімпазы атанған. Сонымен қатар ол екі жыл қатарынан бас классификация бойынша 2-орын иеленген.
Польшада өтетін жарыстан соң дат шабандозы екі италиялық классикалық велододаға - "Гран Пьемонте" мен "Ломбардия турында" бақ сынайды. Содан кейін 3-қазанға жоспарланған "Джиро д’Италияға" барады.
Міне, дат шабандозының маусымның екінші жартысына арналған жоспары осындай. Ал, жақын арада астана көшбасшысы NTT Pro Cycling командасына ауыса ма, ауыспай ма, ол әлі белгісіз. Қазіргі таңда Фульсанг тек оңтүстікафрикалық велоклубқа ауысуға ниетті екенін ғана мәлімдеді.
Ермұхамед Мәулен